https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

«Бисмилла» сөзінің мағынасы қандай?

14 Feb 2017 0 comment Оқылды: 25682 рет

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

  Біз Құрандағы сүренің аяттарын оқыған кезде «Бисмилаһи рахмани рахим» деп бастаймыз. Әлбетте, оның үлкен мағынасы бар. Қазіргі таңда мұсылмандар құран оқығанда осы бір қасиетті сөзден айналып өте алмайды. Себебі, біз құранды оқығанда ең алдымен Алланы еске аламыз. Бисмилла деп айту кісінің имандылығын сездірумен қатар, құдіреті шексіз Алла тағалаға сенім артып, арқа сүйеуді де білдіреді. Өйткені, сол істі тәмамдауға керекті күш-қуатты да, мына өмірді де, мүмкіндікті де беретін Алла екені сөзсіз. Адам қанша талпынса да Алла қаламаған істің орындалмайтындығы ақиқат.

   «Сөздің басы бисмилла, бисмилласыз іс қылма» деп аталы сөз қалдырған қазақ халқы да бұл ұғымға ерекше мән берген. «Бисмилламен» басталған іске шайтан араласпайтынын түсіндіріп, бисмилламен бауыздалған малдың еті адал, бисмилламен ішкен астың бойға сіңімді болатынын өскелең ұрпағының санасына құйып отырған.

     Алланың атымен жүру де кедергілерден қиналмай өту үшін адамға көмектесетіні сөзсіз. Әр ісінде осы сөзді айту арқылы «Иә, Аллам, сенің атыңмен бастап жатырмын, бұл өзіңнің көмегіңе арқа сүйегендігім, қолға алған ісімді жеңілдетіп, сәтін келтір, мені қорғап-қолдай гөр, демей гөр» деген пенде Жаратушыны жиі есіне алып, Раббысына жақындай түседі. Күнделікті әрбір істі «бисмилламен» бастау адам жүрегін үнемі Аллаға байлап тұратынын да ескерген жөн. Ол бір жағы зікір етуге жатады. Ал әрбір нығметтен дәм тата отырып, соны бұйыртқан құдіретті ойлауды, пікір етуді (терең ойлануды) білдіреді. Ал соңынан шүкір ету де мұсылманға жарасымды әдет. Осы себепті ізгі мұсылмандар Жаратушы иеміз талап ететін осы зікір, пікір, шүкірге ерекше мән берген.

  Бір айта кетерлік жайт, «Бисмилла» сөзі Ислам дінімен тығыз байланысты. Өйткені, Исламға дейінгі араб қауымы бір істі бастарда өздері табынатын пұттардың атын ауызға алатын. Лат, Мәнат, Ұзза сол кездегі ірі пұттардың қатарында болғандықтан, қараңғы халық «бисмиллат» (Латтың атымен), бисмилұзза (Ұззаның атымен), бисмилмәнат (Мәнаттың атымен) деп айтуды әдетке айналдырған болатын. Сол кездегі әр қауымда осыған ұқсас жағдайлар кездескен.

  Екі дүниенің сардары, адақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) Ислам дінін насихаттай бастаған уақыттарда бұл сөздің дұрыс еместігін түсіндіріп, оның орнына Алланың атын атауды үйреткен. Алғашқыда «Уа, Аллам, сенің атыңмен» деген мағынада «бисмикә Аллахумма» және Алланың атымен деген мағынада «бисмиллаһи» сөздері көбірек қолданылған.  

    Жалпы бисмилла сөзі «Бисмиллаһир рахманир рахим» деген сөздің қысқарған түрі. (Құранда «Тәуба» сүресінің басында ғана кездеспейді). Толықтай аудармасы Рахман әрі Рахим Алланың атымен деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде Аллаһ, Рахман және Рахим деген Жаратушы иенің үш көркем есімі қатар аталуда. Рахман да, Рахим да аса мейірімді деген мағынада келген. Ғалымдардың түсіндіруінше, Жаратушының Рахмандығы осы дүниеде көбірек байқалады. Асқан мейірімді болғандықтан, аспанды да, жерді де, ауаны да, суды да ортақ етіп, адамдарға барлық игіліктерді тең еткен. Мұсылман, кәпір деп оларды алаламаған. Ал Рахим есімі болса, ақыретке көбірек қатысты. Өйткені, Жаратушы иеміз ақыретте таза сеніммен бір өзіне ғана бас иіп, құлшылық жасаған, бұйрықтарын қалтықсыз орындаған мұсылман пенделерін ерекше марапатқа кенелтетінін білдірген. Ал Аллаһ есімі болса, өзге көркем есімдерінің барлығынан дара, жоғары тұратын ерекшелікке ие.

  Бір айта кетерлігі, сахабалар «бисмилла» сөзінің толық нұсқасымен «Нәмл» сүресінің 30-аяты түскеннен кейін танысқан. Бұл аятта Сүлеймен пайғамбардың (а.с.) жазған хаты туралы дерек кездеседі. Хатта «Бұл хат Сүлейменнен және Рахман әрі Рахим Алланың атымен басталады» делінген. Бұдан «бисмиллаһир рахманир рахим» сөзінің Құранға тән екендігін байқаймыз. Имам Шафиғи «Егер «бисмиллаһты» жеке аят деп қарайтын болсақ, Құранда 114 мәрте аян болғанын көреміз» деу арқылы бұл сөздің қаншалықты қасиетті екенін аңғартқан. Сонымен бірге ғалымдар арасында «Құранның бүкіл мазмұны «Фатиха» сүресінде, ал «Фатиха» сүресінің барлық мәні «бисмилла» сөзінде жинақталған» деген ұғым барын еске алсақ, бұл сөзде қанша терең сыр жатқанын пайымдауға болады.  

   Құранның беташары Фатиха сүресінің алғашқы аятында: “Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын”,-делінген. Ғұламалар осы аят мәселесінде үш түрлі пікір айтқан. Бір топ ғұлама: “Бұл Тәубе сүресінен өзге барлық сүре алдына келетін аят” - дейді. Екінші топ ғұлама: “Жоқ, бұл тек Фатиха сүресінің аяты. Ал өзге сүрелерде тек бөлуші белгі ретінде келген”, - дейді. Үшінші топ ғұлама: “Жоқ, бұл тек Нәміл сүресінің 30-шы аятында аят боп келген, ал өзге сүрелер басында тек ажыратушы белгі болып орналасқан”, - дейді. Десек те, бұл сүренің Фатиха аяты немесе аяты еместігінде әртүрлі пікір айтылған. Дұрыстыққа жақыны, бұл тек Нәміл сүресінің 30-шы аятында аят боп келген, алайда өзге жерлерде бұл тек сүрелер арасын бөліп тұрушы белгі болып келеді. Біріншіден, бұған мына хадис дәлел: Әбу Һурайра риуаят еткен бір хадисте Аллаһ пен Оның құлы арасындағы байланыс жайы былай баяндалады: “Фатихада Аллаһ құлымен сұхбаттасып былай деп айтады: “Намазды (яғни Фатиханы) екіге бөлдім. Жартысы маған, жартысы құлыма және құлыма қалағаны беріледі. Құлым: “Әлхамдулилләһи роббил аламин”, -деген кезде Аллаһ: “Құлым мені мадақтады”,-деп айтады. Құл: “Аррахманир-рахим”,-деген кезде Аллаһ: “Құлым мені мақтады”,-дейді. Құл: “Мәлики яумиддин”,-дегенде Аллаһ: “Құлым мені ұлықтады”,-дейді. Міне осы жерге дейін Менікі. Ал құлым: “Ияка нағбуду уа ияка настағин”,-деген кезде Аллаһ: “Бұл менімен құлымның арасындағы нәрсе”,-деп айтады. Сүренің соңғы жағын оқыған кезде: “Бұл тек қана құлымдыкі әрі құлыма қалағаны беріледі”,-дейді.    Хадиске назар аударсақ, Аллаһ тағала сүрені бастағанда: “Әлхамдулилләдан” бастаған. Сондай-ақ, екіге бөлдім деген. Ал 7 аятты екіге бөлсек, үш аяты Аллаһқа, үш аяты құлына тиісті болады. Ал бір аят Аллаһ пен құлының арасына бөлінеді емес пе?! Хадисте де солай келген. Бірінші үш аятты оқығанда Аллаһ: “Құлым мені мағтады, мадақтады, ұлықтады“,-деп айтады. Содан кейін, 4-ші аят оқылғанда: “Бұл менімен құлымның арасындағы нәрсе“,-дейді. Одан кейінгі үш аятта: “Бұл тек қана құлымдыкі әрі құлыма қалағаны беріледі“,-деген. Демек, Аллаһ тағала бұл сүренің 7 аятын бөлгені басқа пікірлердің бәрінен де басым түседі. Оған қоса Әбу Бәкр, Омар, Осман сынды үлкен сахабалар бұл аятты Фатиха аяты еместігін ұстанады. “Бисмиллә” аяты Фатиха сүресінің аяты емес, бәлкім, өзге сүрелерден бөліп тұрушы белгі аяты деген пікір дұрысқа жақын әрі бұл пікірі Әбу Ханифа ұстанып, жария намаздарда бұл аят оқылмайтынын алға тартқан. Қолымыздағы Халифа Алтай атамыздың мағыналық аудармасы Мәдина Мунаууара нұсқасына негізделіп, “бисмилләны” Фатиха сүресінің бірінші аяты етіп орнатқан.

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! (1) Бұл мағыналық аударманың арабша нұсқасы “Бисмилләһир рахманир рахим”. Аллаһ елшісі (с.а.с) біреуге хат немесе басқа да жазбалар жолдағанында ең әуелде “Бисмика аллаһумма” деп, яғни “Аллаһым, Сенің атыңмен” деп бастап жазатын болған. Кейін: “Кемеге мініңдер, оның жүруі де, тоқтауы да Алланың атымен“,-деген мәндегі Һұд сүресінің 41-ші аяты түскеннен бастап Аллаһ елшісі (с.а.с) өзінің хаттарын “Бисмилләһ” деп бастайтын болды. Осылай жазып жүргенінде “Аллаһқа дұға етіңдер. Рахманға дұға етіңдер“,-деген аят түсіп (17: 110), Аллаһ елшісі (с.а.с) енді “Бисмилләһир рахман” деп жазуды әдетке алды.
Кейін Нәміл сүресінің 30-шы аяты (27:30) түскенде Аллаһ елшісі (с.а.с) “Бисмилләһир рахманир рахим” деп жазуды қолға алып, барлық хаттарын осы сөйлеммен бастайтын болды. Аллаһ елшісі (с.а.с) хадистерінде осы “Бисмилләның” маңызылығын, артықшылығын көрсететін дәлелдер өте көп. Кез-келген іс осы сөйлемді айтумен басталғаны дұрыс. Аллаһ тағаланың өзі барлық сүрені осылай бастаған, Аллаһ елшісі де өзінің хаттарын осылай бастап, істеген істерінде осы сөйлемді жиі айтатын.

    Аллаһ елшісінің  (с.а.с) бір хадисінде: “Егер Бисмиллә деп айтсаң, шайтан кішірейгеннің үстіне кішірейіп, шыбындай болып қалады”,-деген. (Сахих хадис). Сондай-ақ, жұбайлар жыныстық қатынас жасардан бұрын: “Бисмилләһи, Аллаһумма жаннибнәш шайтан, уә жәннибиш шайтана ма разақтана”,-деп айтса, туылған балаға ешқашан да шайтан зиян тигізе алмайды” деген хадис бар. (Бұхари, Муслим). Сондай-ақ, тамақ ішер алдында, киім киер алдында, жатарда, есікті құлыптағанда, ыдыстың бетін жабарда және т.б жақсы амалдарды бастағанда: “Бисмиллә” деп айту керектігін қуаттайтын хадистер өте көп.

“Бисмиллә”. Бұл тіркестің қазақша мағынасы “Аллаһтың есімімен” дегенге жақын. “Би” деген тіркес қазақ тіліндегі көмектес септігінің жалғауын білдіреді. Яғни “-мен” деген сөз. “исми” яғни “есімімен”. Кімнің есімімен? “Бисмиллә“, Аллаһтың есімімен. Араб тілінде мынандай ереже бар: “Егер жекеше түрде тұрған сөз бір сөзге матаса байланысатын болса, онда ол жекеше сөз өз ішінде сол мағынадағы барлық сөзді қамтиды”. Демек, “Аллаһтың есімімен” деген тіркестегі “есім” сөзі “Аллаһ” сөзіне матаса байланысқан. Ондай болса мағынасы: “Аллаһтың барлық есімімен” деп түсіндіріледі. Яғни сіз “Бисмиллә” деген кезде Аллаһтың барлық есімін мақсат етіп тұрғандай боласыз.

  “Бисмилләһир рахманир рахим” деген сөздің мағынасы: “Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен”. Байқап қарасақ “бастаймын” деген сөз айтылмаған. Ал Халифа Алтай атамыз “бастаймын” деген сөзді қайдан әкелді? Ғұламалар былай дейді: “Бисмилләһир рахманир рахим, яғни Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен”-дегеннен кейін сұрақ туады. Бұдан кейін не? Не жасайсың? Сол үшін осы сөйлемнен кейін жасырын бір етістік келу керек”. Жақсы. Ал жасырын етістік қандай етістік? Ғұламалар бұған да жауап беріп: “Ол жасырын етістік істейін деп жатқа істің түрінен болады. Мысалы, тамақ ішейін деп жатқанда “Бисмилләһ” десең, демек, “Аллаһтың есімімен тамақ ішкелі жатырмын”, кітап оқитын болсаң да, басқа іс істесең де осылай болады”,-дейді. Осы кезде ғұламалардың бір тобы: “Демек, егер бисмилләдан кейін “бастаймын” десең, осы дұрысырақ. Себебі бұл сөз барлық іс әрекетті қамтиды. Яғни тамақ ішсең де, кітап оқысаң да бәрін де “бастаймын” деген сөз қамтып кетеді”,-дейді. Міне, сол үшін де Халифа Алтай атамыз “бастаймын” деген сөзді келтірген. Бірақ, өзіміз көргендей, ол араб нұсқасында айтылмайды. Осы жерде біреу сұрақ қойып: “Сонда байстаймын деген сөзді ауызша айтамыз ба?”,-дейді. Жауабы: “Жоқ, ауызша айтпайсың, бәлкім “Бисмилләһир рахманир рахим”,-деп шектелесің. Ал бастаймын деген сөз ол сенің ниетіңде айтылады”,-дейді. Ал тіліңізбен тек: “Бисмилләһир рахманир рахим” деп айтылады.

   «Істің нәтижесі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деп Абай атамыз айтпақшы, әр істің алдында «бисмилла» деп айту сол істің сәтті басталып, орнықты жалғасуына, берекеленуіне, жақсылықпен нәтижеленуіне себеп. Өйткені, хадисте «Бисмилләсіз басталған барлық іс келте» делінген (Ғазали, Ихияу улумуддин 1/206). Тағы бір хадисте «Әлхамдулилласыз басталған барлық іс шолақ» деп, әр істің басында «Әлхамдулиллаһ» деп айту керектігі де меңзелген (Нәсаи, Сүнәнул-кубра 6/127).  Осы екі хадиске де амал ету жағын қарастырған ғалымдар мынандай тиімді тәсіл ұсынған. Ол істің басында «Бисмиллаһир рахманир рахим, әлхамдулиллаһи раббил аламин» деп толық айту.

   Ең абзалы, Алла үшін деп басталған істер ешқашан орта жолда үзіліп қалмаған. Қай кезде де көздеген мұратына жетіп, ізгілікпен нәтижеленіп отырған. Бұл тұста әр ісін өзіне бұйырылғандай қалыпта Алла үшін істеу, әр ісімен Жаратушының разылығын көздеу мұсылманды ықыластылыққа тәрбиелейтіні ұмытылмаса, құба-құп.. 

Әбудардан Таласбай,

Қаратал ауданының бас иамы.

Алматы облысы. 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз