https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Мұсылмандар бір-біріне бауыр

13 Feb 2017 0 comment Оқылды: 9904 рет

 

     Бисмиллаһи рахмани рахим! Алла разылығы үшін жақсы көрудің қандай нығметтері, сауаптары бар? Иә,  мұсылман бауырың жақсы көрген адам – иманның не екенін біледі. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам Алла мен Оның Елшісін барлық нәрседен жақсы көрмейінше, мұсылман бауырын тек қана Алла Разылығы үшін жақсы көрмейінше, Алла тура жолға салғаннан кейін имансыздыққа қайтуды Тозақ отына түсуді қаламағанындай жек көрмейінше иман дәмін татпайды деп айтады. (Муслим). Түсіне білген мұсылман бауырға мұнда үлкен ғибрат бар.  Сонымен бірге Әбу Мұса (р.а.): «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): Мүмін мен мүмін (яғни, мұсылман қауымы) бейне бір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған бір үйдің құрылысы секілді – деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастырды» – деген. (Бұхари, саләт 88; Муслим, бирр 65). Демек, мұсылманның мұсылманды жақсы көруі – бізді жақсылыққа жетелейді екен.

    «Қиямет күні Алла Тағала: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер қайда? Бүгін, яғни, менің көлеңкемнен басқа көлеңке болмаған күні мен оларды Өз көлеңкеме аламын» деп айтады». (Муслим). Тіпті, хадистерде бірін-бірі Алла үшін жақсы көретіндердің жағдайы жоғары болатыны, Алла оларға жұмақтан орын дайындағаны және Раббысының алдына барған кезде Алланың оларға көрсететін құрметі туралы айтылады. Олардың қатарында Ақырет күні басқа ешқандай көлеңке болмағанда Алла өзінің көлеңкесімен қорғайтын жетеу туралы айтылатын мына хадис айқын дәлел. Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамба-рымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді: «Алланың саясынан басқа сая болмайтын күні (қиямет күні) Алла Тағала жеті кісіні Өзінің саясының астына алады: әділетті имамды, жастайынан Аллаға ғибадат еткен жанды, жүрегі мешітке байланған кісіні, Алла үшін бір-бірін жақсы көріп, Алла үшін бірігіп және Алла үшін ажырасқан екеуді, көрікті әйел өзіне шақырған кезде «Мен Алладан қорқамын» деп бас тартқан кісіні, садақа беріп, берген садақасын жасырғаны сонша, тіпті оң қолы бергенді сол қолы білмейтін кісіні, оңашада Алланы зікір етіп, көз жастары тамған кісіні» (Бұхари және Мүслім риуаят еткен).   Мұсылман бауырыңды жақсы көру – Қияметтегі дәрежеңді арттырады Омар ибн әл-Хаттаб жеткізеді (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі айтты: «Ақиқатында, Алланың құлдарының арасында бір адамдар бар, олар пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да емес.Қиямет күні олардың Алла алдында алатын орнын пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да қызғанады». Сонда сахабалар: «Ей, Алланың Елшісі, олардың кім екендігінен хабар бересің бе?» деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Олар – бір-бірін туыстық байланыс үшін емес, алмасатын дүние үшін емес,  Алла разылығы үшін жақсы көрген адамдар. Алланың атымен ант етейін, олардың жүздерінде  нұр болады, олар адамдар қорыққан кезде қорықпайтын болады, басқалар қайғырған кезде қайғырмайтын болады» деді де, мына аятты оқыды: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды». («Юныс» сүресі, 62-аят). (Әбу Дауд).

   Мұсылманның ең басты қасиеттерінің бірі – оның өз бауырлары мен достарына деген жоғары сүйіспеншілік сезімі болып табылады. Бұл ешқандай да бөтен мақсаттар мен ішкі есептерге құрылмаған шынайы туыстық сезім, тазалық және Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның басшылығының арқасында пайда болған, адамдар арасындағы қарым-қатынаста ерекше орын алатын және басқа ештеңемен де салыстыруға келмейтін, шынайы мұсылманның мінез-құлқы.
    Мұсылманды өзінің бауырымен байланыстыратын жақындық оның ұлтына, түсіне және тіліне қатысты деуге болмас, себебі адамдар арасындағы сенім жақындығы дегеніміз абзал. Құдіреті күшті Алла былай деген: «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан, екі туыстың арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» («Хужурат» сүресі, 10-аят) деген. Ал, сенім бойынша құрылған туыстық жан мен жүректі бәрінен де берік жалғастырады және адамдардың ақылы мен рухын біріктіруші, байланыстырушы жоғары буын болып табылады. Ислам мұндай махаббатты «Аллаға сүйіспеншілік» деп атайды. Шынайы мұсылман дәл осындай сүйіспеншіліктің арқасында иман ләззатын сезінеді.
  Иә, осыдан біз Алла үшін жақсы көретіндерді Алла Өзінің мейірімі мен махаббатын сыйлайтынын байқаймыз.

   Муаз (р.а.) жеткізген хадисте, ол Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзін естігенін айтады: «Құдіреті күшті Алла айтты: «Бірін-бірі жақсы көргендер үшін Мен нұрдан мінбер дайындаймын және оларға пайғамбарлар мен дін жолында шейіт болғандар қызығатын болады!» (Ат-Термизи). Тағы бір хадисте, Әбу Хурайра (р.а.) риуаяты бойынша, Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Бірде, бір адам басқа ауылда тұратын бауырымен көрісу үшін жолға шығады, ал Алла Тағала оған жолда кездесетін бір періштені жібереді. Ол адаммен жолда кездескенде: «Қайда бара жатырсың?», – деп сұрайды. Ол: «Мен ана ауылда тұратын бауырыммен жолығуға бара жатырмын», – деп жауап береді. Періште: «Сен оған бір жақсылық жасаған шығарсың, ал енді сол жақсылығыңнан бір пайда тапқың келіп бара жатқан шығарсың?», – дейді. Ол адам: «Жоқ, расында, мен оны Алла Тағала үшін жақсы көремін», – деп жауап береді. Сонда періште: «Мен болсам, шындығында: «Сен ол адамды Алла үшін қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көреді!», – деп айту үшін саған Алладан жіберілдім.», – дейді» (Мүслім).

  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуы бойынша, бірін-бірі жақсы көрген екі бауырдың қайсысы көбірек жақсы көрсе, сол Алланың құрметіне лайықты болмақ: «Бірін-бірі жақсы көрген екі адамның қайсысының махаббаты күшті болса, сол ең жақсы жолдас бола алады» (Бұхари). Абзал Елші (с.ғ.с.) бұл таза да күшті махаббат адамзат қоғамдастығын қалыптастыруда қандай рөл атқаратынын түсінді және сондықтан да ол мұсылманды бір-бірін жақсы көруге шақырудан шаршаған емес және осы арқылы адамдар арасында түсіністік пен татулық, сыйластық орнатуға күш салды. Мұсылмандық қоғамды қалай құруға, өзара сыйластық пен түсінікке  негізделген бауырластыққа үйрете отырып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі де үлкен үлгі көрсетті.

   Алланың құдіретімен болған көрегендік қасиеттің арқасында Пайғамбар (с.ғ.с.) тек шынайы және жоғары деңгейдегі туыстықтың жәрдемімен ғана адамдардың жүрегі көре алмаушылықтан тазарып, жан-дүниелері бірін-бірі жек көру мен бақталастықтан босайтынын, сөйтіп, егер бұл шынайы туыстық сезімдер мұсылманның өмірінде басшылыққа алынатын болса, онда ол сүйіспеншілікке негізделетінін, олардың жүрегінде өшпенділікке, жек көрушілікке орын қалмайтынын ұғындырды. Сондықтан ол адамдарды өзара сыйластық жолына шақырып, жүректерін сүйіспеншілік жолына ашуға уағыздады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы өзінің сахабаларына үнемі қайталап айтып, жүректерге сүйіспеншілікты дарытты. Осы таза сүйіспеншіліктің көмегімен Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Исламның алғашқы дәнін сеуіп, Алланың үкімдерін жеткізді. Шынайы да ғажайып сүйіспеншілікпен Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бүкіл әлемде теңдесі болып көрмеген мұсылмандар қауымын құрды. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Мүмін бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді: егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқыдан қалып мазасызданады» (Бұхари және Мүслімнің хадис жинақтарында Ан-Нуъман бин Башир (р.а.) жеткізген).

   Мұсылман Ислам жолындағы бауырларымен байланысты үзбейді және оларды тастап кетпейді. Ислам адамдардың бірін-бірі жек көріп, байланыстарын үзуіне тыйым салады, бұл жайында Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Егер екі адамның бірінің жасаған күнәсінен олардың қарым-қатынасы үзілетін болса, онда олар бірін-бірі шексіз ұлық, құдіретті Алланың атымен немесе Ислам жолымен жақсы көрмегені» (Бұхари). Алайда, Ислам адамның ашу мен көңіл күй толқынына берілгіш табиғатын да ескереді, сондықтан ашу мен уақытша сезім әсерінен арылу үшін белгілі бір мерзім береді. Бұл мерзім өткеннен кейін араздасқан мұсылманның бірі немесе екеуі де татуласуға тиіс, бұл туралы Әнас (с.ғ.с.) жектізген хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Бір-біріңе деген жеккөрушіліктен бас тартыңдар, бір-біріңді күндемеңдер, бір-біріңе сырт көрсетпеңдер, бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер, иә Алланың құлдары! Мұсылманға бауырын үш күннен артық уақытқа тастап кетуіне болмайды!» (Бұхари және Мүслім). Тағы бір хадисте Әбу Айуб (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Мұсылманға бауырын үш күннен артық мерзімге сырт беріп араласпауына болмайды, олардың жақсысы болып, бірінші сәлем бергені есептеледі», – деп айтқанын жеткізеді (Бұхари және Мүслім).
   Араздықтың мерзімі ұзарған сайын күнә да ауырлай береді және ренжіскен адамдар үшін мұның зардабы да ауыр болмақ. Бұл туралы Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Өзінің бауырымен бір жыл бойы араз болып жүру оның қанын төккенмен бірдей» (Бұхари). Расында, Исламның адам жанын тәрбиелеу тәсілі өзара сүйіспен-шілік пен татулыққа негізделеді, шынайы мұсылманның өмірінде бірін-бірі жек көрушілік пен жаулыққа орын жоқ. Сондықтан Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Бір-біріңмен байланыстарыңды үзбеңдер, біріңе-бірің сырт айналмаңдар, жек көрушіліктен бас тартыңдар, бір-біріңді күн-демеңдер, Алла сендерге көр-сеткеніндей, бір-біріңе бауыр болыңдар!» (Мүслім). Пайғамбар (с.ғ.с.) тағы былай дейді: «(Адамдар туралы) жаман ойланудан сақтаныңдар, өйткені расында, жаман ойлар – бұл ең өтірік сөздер» (Әбу Һурайра жеткізген); «Басқа адамдардың кемшіліктері туралы білуге тырыспаңдар, бір-біріңді аңдыспаңдар, бір-біріңмен таласпаңдар, бір-біріңді күндемеңдер, біріңді-бірің жек көруден бас тартыңдар, біріңе-біріңе жондарыңды көрсетпеңдер, Алланың құлы және бір-біріңе бауыр болыңдар!» (Бұхари және Мүслім).

   Исламның адамгершілік ұста-нымдарынан бас тартатын, қарым-қатынасын дұрыстағысы келмейтін адамдардың Алланың мейірімі мен кешірімінен тысқары қалып қоятыны жайында ескерткен Алла Елшісі (с.ғ.с.) мына сөздерді айтады: «Жәннаттың қақпалары әр бейсенбі мен дүйсенбі күндері ашылады және Алладан басқа ешкімге құлшылық етпеген, сондай-ақ, өзінің бауырымен арасын жеккөрушілік үзбеген адамнан басқа барлық құлдың күнәлары кешіріледі және сонда: «Осы екеуімен олар татуласқанша күте тұрыңдар! Осы екеуімен олар татуласқанша күте тұрыңдар!», – деген сөздер айтылады» (Әбу Һурайра риуаят еткен). Пайғамбардың (с.ғ.с.) көрнекті сахабаларының бірі болған Әбу-ад-Дарда (р.а.) мына сөзді жиі қайталап айтатын: «Сіздерге ораза ұстап, қайыр-садақа беруден де не жақсы екенін айтайын ба? Бұл сіздердің араларыңыздағы татулық, өйткені, расында, жек көрушілік Алланың сыйынан құр қалдырады!» (Бұхари).    Расында, біз Аллаға иман келтірмейінше Жәннатқа кірме алмаймыз, ал бір-бірімізді Алла разылығы үшін жақсы көрмейінше, өзімізге қалағанды оған қаламағанымызша иман келтірген болып саналмаймыз. (Бұхари).

     Мұсылмандар бір-біріне бауыр. Және бұл бауырластықты біздің ата-анамыз немесе басшымыз бұйырған жоқ, бүкіл әлемдердің Раббысы бекітті. Бауырластық болған жағдайда дін өркендейді, дамиды. Тіпті, исламда бауырластық пен Алланың құлшылықтағы бірлігі қатар аталады. Себебі, шайтан (Алланың оған лағынеті болсын) адамды Алладан басқа нәрсеге құлшылық еткізеді немесе мұсылман мен мұсылманның арасына іріткі салады. Осыдан-ақ, бауырыңа деген махаббаттың қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады. Әбу Сүлеймен әд-Дарани (оған Алла разы болсын): «Бүкіл дүние менің қолымда болып, мен оны бауырларымның біріне сыйға тартқанымда да, мұны ол үшін аз деп санайтын едім» десе, Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын): «Садақа ретінде 100 дирхем таратқаннан, бауырыма жиырма дирхем бергенді құп көретін едім» деген екен. Ардақты Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Мединеге көшіп келгеннен кейін мешіт тұрғызудан кейін жасаған амалы – меккеліктер мен мединеліктерді бауырластыру еді. Мінеки, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында ислам діні бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көрген, бір-бірі үшін жанын, мүлкін беруге даяр адамдардың амалдарының себебімен дамыды. Қазір де дініміздің мәртебесін мерейлі етеміз десек, бауырластықты күшейтуге көңіл бөлген абзал секілді. Сонымен, Мұсылман бауырыңды жақсы көру – Алланың разылығына қол созумен тең «Алла үшін ең ұнамды адамдар – пайдалы болғандары, ал Құдіретті Алла алдындағы ең ұнамды амал – мұсылман бауырыңа қуаныш сыйлағаның немесе оған қиыншылықта көмектескенің, қарызын төлеп бергенің, аш қарнын тойдырғаның. Ақиқатында, маған мұсылман бауырыма көмекке келу бір ай бойы мешітте намаз оқуымнан ұнамдырақ. Ал кім исламдағы бауырына деген ашуын ұстай білсе, Алла Тағала оның кемшіліктерін жасырады және кімде-кім ашуын төккісі келгенде өзін баса білсе, Алла Тағала Қияметте оның жүрегін ризалықпен толтырады. Ал кім мұсылман бауырының қажетіне көмектесу үшін үйінен шықса, табандар таятын күні Алла Тағала оның аяғын бекем етіп қояды. «Кім бұл дүниеде мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла Тағала Қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетсе, Алла оның ісін осы дүниеде және арғы дүниеде жеңілдетеді. Кім мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның кемшіліктерін екі дүниеде де жасырады. Адам мұсылман бауырына көмектесіп бітпейінше, Алла Тағала оған көмектесетін болады». (Муслим). Мұсылман бауырыңды жақсы көргенің – Алланың сені жақсы көретіндігінің белгісі.

    Әлбетте, осының бәрі Алла разылығы үшін болған мәртебелі махаббат. Алла Тағала махаббат толы жүректі барша мұсылмандарға нәсіп етсін! (Әмин!).

Әбудардан Таласбай,

Қаратал ауданының бас имамы. 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз