Алланың елшісі бұл дүниеден өтуге екі күн қалған уақыт. Ауруы нағыз асқынған уақыт.
Хазіреті Біләл мешітке келіп, құптан намазының азанын шақырды. Мешіттегі адамдар намазды өткізуге пайғамбарымыздың шығуын күткенімен аурудан қалжыраған Алла елшісінің орнынан тұруға әлі болмады. «Иә, Алланың елшісі сахабалар сізді күтіп қалды, шығып намазды өткізіп берсеңіз» – деген сөзді естігенде, пайғамбар тұруға тырысты. Ол үшін үш рет ғұсылданып, әр шомылған сайын есінен танып қала берді. Әр ес жиған сайын: «Адамдар намазын оқыды ма екен?» – деп сұраумен болды. Оған Айша анамыз: «Жоқ, Алланың елшісі, адамдар сізді күтуде» – деп жауап берді. Сонда пайғамбарымыз (ﷺ) : «Әй Біләл! Адамдарға айт, Алланың елшісі өз-өзімен әуре болып қалды, аурулары күшейді мен бүгін намазды басқара алмаймын. Менің орныма имамдыққа Әбубәкір Сыддық шығып намазды өткізсін!» – деді. Бұны естіген хазіреті Айша анамыз: «Иә, Алланың елшісі, менің әкем Әбубәкірдің жүрегі жұмсақ, көңілі бос, михрабта сіздің орныңыз бос тұрғандығына шыдай алмай жылаумен болып, адамдар дауысын ести алмай қалады. Сіздің орныңызға ол имамдықты атқара алмайды» – деп жанарына жас алды. Хазіреті Айшаның үш-төрт рет айтуына қарамастан, пайғамбар (ﷺ) : «Бүгін имамдыққа Әбубәкір шығып, намазды өткерсін!» деді. Бұл Әбубәкір Сыддықтың бірінші мәрте пайғамбарымыздың орнына имамдық қылып, намазын өткізген кезі еді. Осыдан кейін сахабалар пайғамбардың науқастанғанына уайымдап, үйлеріне қайта алмай, мешітте отырып алды. Сол кезде хазіреті Әли пайғамбарымызға келіп: «Иә, Алланың елшісі, адамдар сіздің сырқаттанып қалғаныңызға уайымдап, үйлеріне қайтуға да көңілдері болмай қалды», – дегенінде, бір қолтығынан Әбубәкірге, екіншісінен Хазл ибн Аббасқа көтертіп, мешіттегі мінберге жетті. Мінберге отырғаннан кейін пайғамбарымыз (ﷺ) адамдарға қарап:
«Ей адамдар менің сырқаттанып қалғандығым не үшін сіздерді уайымға салды?! Менен бұрын келген еш пайғамбар мәңгі өмір сүрмеген. Барлығы да дүниеден өткен. Бүгін менің бұ дүниедегі соңғы күнім, о дүниенің алғашқы күндерді басталды. Ахіреттік сапардың қиындығын көретін сәт те жетті. Соңғы сөздеріме құлақ салыңдар. Ей мухажирлер, Меккеден көшіп келгендегі қиындығымызды сейілткен, Мединелік Аңсарлардың жақсылығын еш ұмытпаңдар! Менімен болған кезде қандай ауызбіршілікте болсаңдар, жоқ кезде де дәл сондай ынтымақта болыңдар. Ей, мен үшін отанын тастап келген Мухажирлерім! Мен сіздерді Мединелік Аңсарларға тапсырдым. Ей, Мединелік Аңсарларым! Сіздерді болса бір Аллаға тапсырдым. Мұқият тыңдап алыңдар! Егер өмірлеріңде ойлағандарың орындалмай қалса, бұл неге орындалмады демеңдер. Адам асыққанымен Алла асықпайды. Әрбір іс Алланың қалауымен орындалады. Пенденің амалына қарап, басына сынақтар келеді. Ізгі амалда болған пенденің дүние мен ақыреті жарқын болады. Бұл жалған өмірде дандайсымай, жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Жамандығы көбейген пенденің жұмаққа апарар жолы жабылады. Қай бір үмбетім менімен Кәусәр бұлағы басында бірге болғысы келсе, бос сөз сөйлемесін. Тіліне сақ болсын!» – деген сөздерді қатаң түрде ескертті де: «Кәусәр бұлағында жүздескенше!» – деді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) қайтыс боларда үш күн бойы Ұлы Жаратушы Алла Тағала біліп, көріп тұрса да Жебірейіл періштесін жіберіп, сүйікті пайғамбарының халін сұратқызып тұрды. Үшінші күні дүйсенбінің таңында, Жебірейіл періште тағы келді: «Әй қымбатты досым Мұхаммед, мен бүгін жалғыз келмедім. Өзіммен бірге хазіреті Әзірейлді де ерте келдім. Егер сіз рұқсат берсеңіз бүгін жаныңызды алып кетеді, болмағанда кері қайтады. Ол осы уақытқа дейін ешкімнің жанын алу үшін рұқсат сұрамаған. Бұдан кейін де ешкімнің жанын сұрамастан ала береді. Бұндай мүмкіндікті Алла, сіздің құрметіңіз үшін ғана бергендігін сүйіншіледі», – деп кішіпейілдік танытты.
Әкесінің қиын жағдайда жатқанын көрген Фатиманың жылап отырғанын байқаған пайғамбар (ﷺ) : «Әй Фатима, бұдан кейін әкең еш қиындық көрмейтін болады» – деп, қызының құлағына сыбырлағаны сол еді Фатиманың жүзіне күлкі үйіріледі. Ол кезде пайғамбарымыз, мен дүниеден өткеннен кейін менің ізімнен ең бірінші болып келетін сен боласың деген еді. Дәл айтқанындай Алланың елшісі дүниеден өткеннен кейін алты айдан соң Фатима анамыз дүние салды.
Пайғамбарымызға (ﷺ) хазіреті Әзірейл (ғ.с) ең көркем бейнеде кіріп: «Әссәләму ғалайкум, иә Алланың сүйіктісі Мұхаммад! Мені сізге Раббым жіберді. Хабибімнің алдына ең көркем түрде барда, егер рұқсат берсе жанын ал, бермесе кері қайт деп бұйырды», – деп рұқсат сұрады. Сонда пайғамбарымыз (ﷺ) Жебірейілге қарағанда періште: «Иә құрметті досым, Алла сізге ынтық» – деді. Алланың елшісі (ﷺ) : «Көптеген ағаштың, қураудан өзге жолы жоқ, шуағын шашқан күннің де, батудан басқа жолы жоқ. Дүниеге келген адамның, дүниеден өтуден өзге жолы жоқ. Егер өмірім бітіп, сапарым аяқталған болса міндетіңізді атқарып, жанымда ала беріңіз» – деп ажалға мойынұсынды. Хазіреті Әзірейл пайғамбарымыздың жанын алуға кірісіп, жан кіндікке жеткен сәтте: «Жан тапсырудың қиыны-ай» деді. Сол сәтте Жебірейілдің (ғ.с) теріс қарап тұрғандығын көрген Расул, оның неге теріс қарап тұрғандығын сұрады. Сонда ол: «Сүйікті досым Мұхаммед, сіз үшін ғана жерге түсіп, Алланың әмірін жеткізіп тұрушы едім. Енді сіздің өмірден өтуіңізбен менің де қызметім бітеді. Досының жан тапсырғандығына куә болу нендей қиын, сенің қиналғаныңа шыдай алмай теріс қарап тұрғаным сол әй Алланың сүйіктісі» – деп егіле жөнелді.
Айша анамыз айтады: «Мен пайғамбардың (ﷺ) өлім сәтінде қиналғандығын көріп, жан тапсырудың жеңіл жолын іздемейтін болдым, жан берудің жеңіл жолы болғанда, ол бірінші пайғамбарға нәсіп болатын еді, содан кейін, өлім аузында жатқан пайғамбар (ﷺ) қара терге малшынды, аққан терін сүрте Аллаға жалбарынды. «Раббым өлім қиындығында маған жәрдем бер. Жан тапсыруымды жеңілдет. Расында жан берудің қиындығы бар екен» – деді. Сонда Айша анамыз, Фалақ және Нас сүрелерін оқумен дем салып, бейне бір пайғамбарды алып қалардай әрекет жасайды. Сонда Алланың елшісі: «Сен мені бұ дүниеде алып қалуға әрекет жасама. Мен аса мәртебелі досыма кетемін» – деді. «Алланың елшісінің (ﷺ) соңғы демі шықпастан бұрын, еріндері жыбырлап тұрды. Құлақ салып тыңдасам пайғамбардың бұл дүниедегі соңғы сөздері: «Усикум биссола», – болды. Барша адамзатты тура жолға шақырған пайғамбар (ﷺ) : «Намаздарыңа сақ болыңдар», «Үмметім, үмметім» – деп жан тапсырды. Иннә лиләхи уа иннә лилләһи ражиғун. Біз Аллаға тәнбіз және Аллаға қайтып барушымыз.
Ардақ Нүсіпханұлы