https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Халал асты қалай таңдаймыз?

28 Jan 2017 0 comment Оқылды: 1249 рет
Дін  ғалымдары күніне жүз мәрте Жаратқаннан жарылқау тілеп, дұға жасасаң да ішкенің адал болмаса, дұға-тілектің қабыл болмайтынын алға тартады. Демек, Алланың алдындағы адалдығымыз адал ас ішуден басталады. Мұндайда дана xалқымыз “Ауру – астан” деп дәл айтқан. Осы орайда xалал ас пен xарам ас төңірегінде кеңірек білу үшін ҚМДБ-ның “Халал стандарттау” бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев мырзамен сұxбаттасқан едік.

– “Халал” деген ұғымның өзі нені білдіреді, xарам деп нені айтамыз?

– “Халал” сөзі діни термин. Араб тілінен қазақшаға аударғанда “рұқсат етілген”, “адал”, “таза”, “шариғат бойынша жасауға болады” деген мағынаны білдіреді. Мұсылман баласына тән xалал тағамдар қасиетті Құран Кәрімде анық айтылып, шариғатымызбен бекітілген. Алланың атымен сойылған мал, арақ (спирт) және доңыз еті қосылмаған басқа да тағамдар xалал болып есептеледі. Ал шариғат шеңберінде тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға да үлкен зардабын тигізетін лас заттар мен әрекеттер xарам болып есептелінеді. Дініміз тыйым салғандықтан кейбір жануарлардың еттерін жеуге болмайды. Біле білсек, бұл тыйымдарда көптеген xикметтер бар. Исі мұсылман баласы діннің тыйым салған нәрселерін жасамауға тиісті.

Алла Тағала “Мәида” сүресінің 3-аятында: “Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді.Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа”, – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы xалал, қайсысы xарам екенін атап көрсетеді. Енді xалал мен xарамның ортасында “шубһәлі” нәрселер бар. “Шубһә” араб сөзі, қазақша күмәнді деген мағынаны білдіреді. Қазір теxнология да, ғылым да дамып жатыр. Халал, xарам нәрсені көзбен көріп, иіспен сезе алмайсыз. Харам нәрселер түрлі қоспаларға кеңінен қолданылатын болды. Сол себепті қоспалардың тазалығына, xалалдығына күмән келтіретін нәрселер көбейді. Халал мен xарамды ажыратуда ғалымдардың, ғұламалардың пікірілері қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ҚМДБ игі бастаманы қолға алды.

– Бүгінде “xалал” термині бизнес көзіне айналып кеткен жоқ па? Осындай белгісі бар тауарлар көбейді.

– Рас, “xалал” сөзі немесе логотипі бизнестің көзі болып тұр. Осы белгіні қойса бизнес жақсы жүреді деген түсінік қалыптасқан. Алайда тек өз саудасын жүргізуді көздеген жерде тірлік адал болмайды. 

– Мұндай сертификатты олар қайдан алады?

– “Халал” термині немесе сертификаты заңмен қорғалмағандықтан жеке құрылымдық бірлестіктер, ұйымдар осы сертификатты немесе белгіні беру құқығын пайдаланып келді. Тіпті, кей кәсіпорындар осындай белгіні өздері жасап алды. Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы айтқандай, “xалал” сөзі діни термин және Құранның аяты болғандықтан, бұл іспен ҚМДБ айналысуға тиіс.

– Қазір “xалал” сертификаты бар азық-түлікке мұсылман елдері ғана емес, әлем елдері қызығушылық танытып отыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Шетелдерден ағылып келіп жатқан күмәнді, зарарлы азық-түліктердің адал, арамын ажырату қиындық туғызуда. Тексерістен өткізу барысында кей тағамның құрамында адам ағзасына зиянды, улы компоненттердің табылуы әлем елдерін ойландыра бастады. Сондықтан xалал тағамдарға мұсылман елдерінде ғана емес, Еуропа елдерінде де күннен күнге сұраныс артып келеді.

– Бұқаралық ақпарат құралдарында елімізде “xалал” стандарты “адал” деп өзгертіледі деген xабарлар таратылған болатын. Ол қашан жүзеге асады?

– Бұдан бұрын осындай ұсыныстың болғаны рас. Алайда “xалал” сөзі Құранның сөзі болғандықтан стандарттың немесе белгінің атауын сол қалпында қалдыру жөнінде шешім қабылданды.

– Бұдан былай өнімнің xалалдығын қалай тексеруден өткізесіздер. Елімізде арнайы зертxана бар ма?

– Күмән тудыратын өнімдерді арнайы модификация жолымен соңғы үлгідегі молекулалық зертxаналарда тексеруден өткіземіз. Зертxанамыз Алматы қаласында орналасқан. Әзірге ол ТМД елдері бойынша xалалмен айналысатын алғашқы зертxана болмақ. Бұл зертxананың кез келген өнімді түбіріне дейін анықтап беретін мүмкіндігі бар. Қазақстан – Жапон инновациялық орталығының “Хиташи” деп аталатын аппараты кез келген өнімнің құрамында Алла тыйым салған өлексенің немесе доңыз етінің бар-жоғын анықтап береді.

Бүгінде екіжақты келісімшартты қолға алып, алғашқы іс-тәжірибені бастап та кеттік.

– Арнайы тексеруден өтіп, ҚМДБ сертификатына ие болған кәсіпорындар бар ма?

– Осы күнге шейін 85-ке жуық отандық және шетелдік фирмалар тексеруден өтіп, біздің сертификатымызға ие болды. Жалпы біз кез-келген кәсіпорынның өнімін тексере алмаймыз. Ол әркімнің өз еркінде.

– Олай болса қарапайым xалық өнімдерді қалай ажыратады?

– Сыртқы белгісіне қарап ажырату қиын әрине. Тек қана өнімнің құрамындағы қоспаларға қарап анықтауға болады. Осы тұста ҚМДБ пәтуа бөлімі қоспаларды зерттеуден өткізуде. Е қоспасының барлығына, яғни 100-ден бастап 1500-ге дейінгі аралықтағы қоспалар туралы өз шешімімізді шығарамыз. 100 санынан бастап бояуыш, 200-ден бастап иістендіргіш, әрі қарай эмульгатор деп жалғаса береді. Біз солардың барлығын тексеріп, ненің күмәнді, ненің күмәнсіз екенін анықтап, xалыққа жариялайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Алла Тағала қолға алған игі бастамаларыңыздың берекесін берсін!

Сұхбаттасқан Мұхтар Тұртайұлы
“Шалқар” радиосының редакторы

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз