Өткен жолы бір дін қызметкерінің «Мұхаммед (с.ғ.с.) романтик болмаған дейтіндер қателеседі» деген сөзі бізді біраз ойландырып қойды. Осыдан кейін аз-кем ізденіп көріп едік...
Расында, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Құдай қосқан жұбайлары арасындағы махаббат, романтика, нәзік сезім, шынайы сенім, сүйіспеншілік, ыстыққа бірге күю, суыққа бірге тоңу... тағысын тағылар адамзат баласы үшін өлмес өнеге, мәңгілік ғибрат.
Шіркін, махаббатты жырлайтындар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) романтикалық өмірін, шаттыққа толы шаңырағын, жанұясындағы жылулық пен жұмсақтықты күллі әлемге паш етсе деген ой түйеді екенсің...
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бүкіл өмірінің, әрбір салиқалы сөзі мен ізгі амалының арасынын тек ер мен әйелдің сүйіспеншілігін арттыратын оқиғаларды бөлек сөз етер болсақ, алатын сабақ, түйетін ой көп. Сонымен...
БІРІНШІ сабақ. Әйелді еркелету, оған еркелеу әдісі... Алла Елшісі (с.ғ.с.) Айша анамызды (р.а.) «Аиш» немесе «Хумейра» деп атаған екен. Аиш дегені – «өміршең» дегені. Ал, «Хумейра» дегені – қызыл өңді дегені. Жүзі қызғылт болғандықтан, осылай еркелетіпті.
Еркелету – нәзік жанның «осал» тұсы... Еркелету – босаңсытып жіберу емес. Керісінше, сезімін оятып, сүйіспеншілігін күшейту. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жарын еркелететін әрі оған еркелейтін.
Болашақ қалыңдыққа үйлену алдында оған неше түрлі «тәтті» сөздер айтып, сезімдерімізді білдіретініміз өтірік емес. Ал, отау құрғаннан кейін «жаным», «асыл жарым», «сүйіктім»,«сүйкімдім» деген «тегін» сөздерге сараң боп қалатынымыз түсініксіз... Неге? Өйткені, сезімді өшіретін де өсіретін де өзіміз екен...
Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасының берекесін арттыратыны ақиқат. Керісінше, бір ауыз сөз жүректерді суытады.
ЕКІНШІ сабақ. Жарыңды жақсы көретініңді жария айту. Сахаба Амр ибн әл-Ас Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Ең жақсы көретін адамыңыз кім?» – деп сұрағанда: «Айша», – деп жауап беріпті.
Әйелімізді жақсы көретінімізді өзгеге айту былай тұрсын, кейде өзіне айтуға «қысылып», сөз «шығындауда» сараңдығымыз жібермей қалатынын несіне жасырайық?!
Бірде Айша анамыз (р.а) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың Елшісі! Мені қаншалықты жақсы көресіз?» – деп сұрайды. Сонда ол (с.ғ.с.): «Мықты түйін мен жуан жіп секілді», – деген жауап қайырады.
– Уа, Алланың Елшісі! Сіздің түйініңіздің жағдайы қандай деңгейде?
– Ол өз орнында.
Осыдан кейін олар бір-бірінің сұлулығын сипаттайтын өлең-жырлар айтатын. Ауыздары берік болса да бір-бірін сүйіп, жүректегі шынайы сезімдерін білдіретін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні Айшаға Умму Зарр туралы хикаяны баяндап, сөзінің соңын: «Умму Зарр Әбу Зарр үшін қандай болса, сол секілді сен де маған сондайсың», – деп аяқтайды. Күйеуінің бұл сөзіне орай өзінің де терең махаббатын білдірген ол: «Сен мен үшін Әбу Зарр Умму Заррға қымбат болғаннан да қымбатсың», – дейді. Бұл – «сіз мені жақсы көргеннен де қатты жақсы көремін» дегені.
ҮШІНШІ сабақ. Жарыңның жақсы көретінін жақсы көру немесе оның қалауын терең сезіну... Айша анамыз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нені жақсы көретінін, нені қалайтынын, қандай тамақты ұнататынын терең түсінді.
Сол секілді Алла Елшісі (с.ғ.с.) де жарының нені ұнататынын жақсы білді. Айша анамыз былай дейді: «Ыдыстан су ішіп, оны пайғамбарға ұсындым. Ол да мен ішкен жерге ернін тигізіп, су ішті. Сүйек кемірген соң оған бердім. Ол менің аузым тиген жерден мүжіді».
Қандай ыстық сезім, күшті махаббат, романтика десеңші?!
Айша анамыз орамалын хош иістендіріп, орамалдан шыққан жағымды иіспен пайғамбар (с.ғ.с.) алдына баратын... Әйел қауымының өзінің өн бойындағы сұлулықты, әдемілікті өзгеге емес, өз күйеуіне көрсете білу,сездіре білу дегені осы болса керек...
Олар бір-бірін, тіпті ыммен, ишарасынан-ақ түсінетін. Алла Елшісі (с.ғ.с.) ақтық сапар алдында жатқанда тіс тазалағышын (мисуәк) іздейді. Айша анамыз оның (с.ғ.с.) сол затты сұрап тұрғанын көзінен, көзқарасынан-ақ сезіп қояды. Әуелі мисуәкті аузына салып, өзі жұмсартып береді. Содан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерекше ықыласпен, бұрынғыдан өзгеше кейіппен тісін тазалаған екен.
ТӨРТІНШІ сабақ. Отбасыңа уақыт бөлу, әйелдің көңілін аулау... Алла Елшісі (с.ғ.с.) сапарға шыққанда жарларын (жеребе бойынша) өзімен бірге алып жүретін. Айша анамызбен бірге аңға шыққанда онымен әзілдесіп, тіпті жүгіруден жарысатын.
Бірде Расулалланы (с.ғ.с.) көршісі қонаққа шақырады. Пайғамбар (с.ғ.с.) Айшаның да қатысуын өтінеді. Көршісі бұған келіспегендіктен, Расулалла (с.ғ.с.) да бара алмайтынын айтады. Ол бірнеше рет шықарғанымен, пайғамбар (с.ғ.с.) бәрібір бас тартады. Тек Айшамен бірге баруға келісім береді. Ақыры Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқанына көніп: «Айша да келсін», – деген екен. Сөйтіп, ол (с.ғ.с.) аяулы жарын бірге ертіп барады.
Мереке күні Айша анамыз пайғамбардан (с.ғ.с.) эфиоптардың ойынын көруге рұқсат сұрайды.Рұқсат беріледі. Сөйтіп, ол мешіттің алдында өткен ойынды Алла Елшісінің (с.ғ.с.) артында тұрып, тамашалайды. Расулалла жұбайына кедергі келтірмес үшін бір иығын түсіріп тұрады. «Мен иегімді оның иығына қойып, бетімді жағына жақындаттым», – дейді Айша анамыз.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) аяғы талып, шаршаса керек: «Уа, Айша, көріп болдың ба?» – деп сұрағанда: «Жоқ», – деп жауап береді. Бұл жауабын анамыз былай түсіндірген екен: «Оларды көргім келгендіктен емес, өзге әйелдердің менің жас екеніме қарамастан, Расулалланың (с.ғ.с.) маған қалай қарым-қатынас жасайтынын көргендерін қаладым...».
Бұдан асқан қандай махаббат болуы мүмкін?
Мұхаммед (с.ғ.с.) үй шаруаларына да көмектесетін. Үйді сыпырып, киімін өзі жамап, қой сауатын.
БЕСІНШІ сабақ. Әйелдің қате-кемшіліктерін көркем түрде түзеу... Бірде Айша анамыз пайғамбарды (с.ғ.с.) қызғанып, оның басқа әйелі беріп жіберген тамақ салынған ыдысты сындырып қояды. Бұған куә болғандар мұсылмандардың анасынан мұндай қылықты күтпеген еді.
Сол мезетте Расулалла (с.ғ.с.) жанындағыларға бар болғаны: «Мұсылмандардың анасын қызғаныш билеп алды», – деп оқиғаны жылы жауып, мәселені көркем түрде жақсылыққа қарай ауыстырып қойды. Өзін ұстай алды әрі әйелін ұстамдылыққа тәрбиелей білді. Кекшілдік емес, кеңшілік жасады. Жамандықты жақсылыққа ауыстыру дегеннің хикметі осында жатса керек.
АЛТЫНШЫ сабақ. Махаббат – тек тәтті сезім ғана емес... Өмір тек қуаныш пен махаббаттан тұрмайды. Кейде қиындыққа төзіп, барға қанағат етіп, сабыр сақтайтын кезеңдер де кездеседі. Расулалла (с.ғ.с.) үйіндеапта былай тұрсын, тіпті айлар бойы ошағында қазан асылмайтын. Айша анамыз бір сөзінде: «Айлар бойы ошаққа от жақпаған кездеріміз болды», – деген. Оның (с.ғ.с.) отбасында сол кезеңдерде су мен құрмадан басқа тіске басар ештеңе болмаған екен. Алайда Айша анамыз осынау таршылық уақытта пайғамбарға (с.ғ.с.) шағым айтпаған, аштықтан қиналғаны туралы жұртқа тіс жармаған. Ашаршылық пен кедейшілікке сабыр сақтаған. Барлық іс Алланың қалауына тәуелді болса да олар қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісе білді.
ЖЕТІНШІ сабақ. Ерлі-зайыптылар бір-біріне – киім. Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 187-аятында: «(...өйткені, бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім (іспетті) сіңдер...» деп баяндайды.
Пенделік,яғни шектеулі көзқараспен пайымдасақ, адамды суықта тоңдырмайтын, ыстықта күйдірмейтін – киім. Әуретті жерді жабатын да, сыртқы соққыдан қорғайтында – киім. Бәрінен бұрын адамға, оның денесіне ең жақын зат – киім. Алланың ерлі-зайыптылардың жағдайын түсіндіруде «киім» сөзін пайдалануының бұдан басқа хикметі көп-ақ... Киім секілді ер мен әйел – бір-біріне қорғаныш, сүйеніш, бір-бірінің ар-ұятының абыройы, өмірлік жолдас, т.б.
Бұл – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) романтикалық өмірінен бір үзік сыр...