https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ұялшақтық жасықтық, ұятсыздық ашықтық емес

13 Dec 2016 0 comment Оқылды: 1226 рет

 

Бала кезімде «Ұялшақ сыбағасынан құр қалады» деген сөзді жиі еститін едім. Бүгінгі жас ата-аналар мақалдап айтпаса да ішкі дүниесі баласының ұялшақ болғанын қаламайды. Ұялшақтықты жасықтық деп санайды. Басқа баланың ойыншығын тартып алып жатса мерейі өсіп марқайып, балам немесе немерем өжет деп мақтанып отыратындар бар. Ал жалпы жастар тәрбиесі жайында сөз қозғалса солардың барлығы бір ауыздан «қазіргі жастар тәрбиесіз, үлкенді сыйламайды, сөзіңді жүре тыңдайды, ақылыңа күле қарайды,ұялу дегенді білмейді» деп  баға береді. Ал өз баласын «ұялшақ болсаң бәрінен құр қаласың» деп тәрбиелейміз. Адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі ұят екендігін, ұятсыздықтың жеке басқа да, қоғамға да абырой әкелмейтінін білгіміз келмейді. Ұятсыздықты қазір ашықтық деп түсінетін болдық. Ашық болу заман талабы деп ойлаймыз. Данышпан Абай «Ұяты жоқ бетке талмайтын жақ береді» деген. Көпіріп сөйлеу,жамандық жасау,салақ болу, ақымақтыққа ұрыну, өтірік айту сияқты жаман әдеттер көбейгендіктен көптеген ізгі ұғымдардың мәнін жоғалтып, кейбірін мүлдем ұмыттық. Ұяттың екі түрі бар. Біріншісі туа біткен ұят. Оны  Алла тағаланың өзі береді. Екіншісі жақсы мен жаманды ажырата біліп, бірінен жиреніп, екіншісін бойына сіңіру арқылы қалыптасады. Олай болса ұят біздің адамгершілік мұраттарымызды анықтайтын таразы, өміріміздің мазмұны.  Құдайға сену арқылы жүрекке ұялайтын асыл сезім. «Адамнан ұялмаған кісі, Алладан да ұялмайды» дейді Мұхамед /с.ғ.с./ Өйткені ұяттың негізінде иман жатыр. «Мынау ұятсыз екен» деп айтсақ астарында «имансыз» деген ұғым тұрады. Әсіресе көктем шыға көйлектері қысқарып, төстері жалаңаштанып кететін қыз балаларға қарап осы сөз жиі айтылып жүр.  Қыз туралы әңгіме айтылса «қызды кім айттырмайды,қымызды кім ішпейді»  деп қопаңдап қалатын халықпыз. Дегенменде ата бабаларымыз қыз баланың тәрбиесіне айырықша көңіл бөліп, өзіндік менталитетін сақтап, дәстүрге айналдырып ,қыз үйге құт,қыз ауыл ажары,қыз ердің атын шығарады ,кыз даудың алдын бөгейді деп әлеуметтік мәселелермен де ұштастырып отырған. Есте жоқ ескі заманда қалыптасқан осы қасиетіміз Ислам дінімен үндесіп қамшының өріміндей өріліп кеткен. Міне осы шариғат заңдарынан аса алысқа кете қоймайтын ата бабаларымыздың игі дәстүрлеріне кейінгі кезде сәл-пәл сызат түсе бастағандай. «Қызға қырық үйден тиым» деп ауыл болып көңіл бөлетін дала педагогикасы бүгін естісең ертегідей,айтсаң аңыздай. Оның орнына сирағының ұзындығы мен кеудесінің көлемін сынап бәйге беретін болдық. Жұматай Жақыпбаев бір өлеңінде «Көйлегің сенің, шешілмеген жұмбағым» дейді. Бүгінде ол жұмбақ жартылай шешілген. Көйлегі қысқа қыздың балалық шағы да қысқа болатынын тастанды балалардың көбейіп бара жатқанынан байқап жүрміз. Құран Кәрімнің Ахзаб сүресінде (35 аят) «Ұятты жерлерін қорғаушы ерлер және әйелдерге Алла Тағаланың  жарылқауы және ірі сыйлығы бар» делінген. «Түзелмесін білген ез,түзу сөзге сенеме» деп Абай айтқандай ұятты жерді жауып жүру екі дүниеде де тиімді екендігі айтылса да түзу сөзге сенбейтендер «ақымаққа ақыл айтсаң өзіңе көңіл айтадының» керін келтіруде. «Қазақтар бұрын анадай болған,мынандай болған» деп пікір таластыратындар да жетерлік. Бір ғана мысал келтірейік. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында»  Тоғжанның киімін «Судыраған биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында жап- жаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында әсемдеп,кең ораған құбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жаткан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы Шолпандай» деп суреттейді. Санын жалтыратпай-ақ, төсін салбыратпай-ақ көп қыздың ішінде Шолпан жұлдыздай болып келеді. Халқымыздың осындай бай мұрасы тақиясына тар келіп,өзінікін қор тұтып, өзгенікін зор тұтып жүрген қыз келіншектерді көргенде көңілің құлазиды. Әйел көркі көрсетіп жүрген жалаңаш денесі емес, тәтті қылығы екендігі жайында Жүсiп Баласағұн “Жiбек мiнез-қыз,келiншек шырыны, Бiле бiлсең,әйел көркi қылығы” дейді. Бұрынғы кездері жар таңдауда үлкендер жас жігіттерге «мамық болмай бөксе,мықын білегі,мамық болсын жүрегі мен мінезі» деп тілек айтқан. Құран Кәрімнің Ағраф сүресінде (27 аят) «Әй, адам баласы ! Шайтан ата аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жанаттан шығарғаны сияқты сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені,ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық» дейді. Олай болса ұяты жоқтың иманы жоқ, иманы жоқ шайтанның досы. Ал шайтанмен дос болғанның барар жері белгілі. Яғни ұялшақ болу жасықтық емес. Тазалықтың, ізеттіліктің, имандылықтың бір көрінісі.

Жұмахмет Жайлаубаев

Талдықорған орталық

«Иман» мешітінің жамағаты

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз