https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Алладан көркем мінез сұрау.

01 Dec 2016 0 comment Оқылды: 16875 рет

                                   

Көркем мінез дегеніміз – Пайғамбарымыздай (с.а.у.) мейірімді, жұмсақ болу. Адал, қарапайым, шыншыл, сабырлы, төзімді, кішіпейіл, кешірімді болу. Ізгіліктен, адамгершіліктен әсте арылмау. Өзгелерге қолымен де, тілімен де зәредей зиян тигізбеу. Әрине, кемшіліксіз пенде болмайды. Ал көркем мінезді адам сол кемшілігін тастап, тек жақсылыққа ұмтылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Расында қиямет күніндегі таразы басында, мүмін пенденің көркем мінезінен асқан ауыр нәрсе болмайды. Күмәнсіз Алла ауызы былапыт сөзге толы арсыз адамды жек көреді», деген. (Тирмизи). Ал Айша (р.а.) анамыздан:«Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Расында мүмін өзінің көркем мінезінің арқасында, күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді», – деп айтқанын есіттім» деген хадис жеткен. Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Осы­лайша Ол Ислам діні негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екендігін дөп басып айтқан. Осы хадистерді білмегеннен кейін не амал жасамағаннан кейін  бойға біткен мінез ғой, қанға сінген әдет қой деп,  «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мақалмен ақталуға үйір тұрамыз. Не  бетімен кеткен біреуді көрсек, «Бүкірді көр ғана түзейді» деп одан үміт үзе салуға жақынбыз. Асылында солай ма? Мінез түзелмейтіндей нәрсе ме? Хәкім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – дейді. Абай Құнанбайұлының айтуынша, түзелмейтін мінез болмайды. Қандай мінез болсын, ол түзеледі. Хазіреті Омар: «Адам бойында болмысынан келе жатқан он мінез бар, оның тоғызы – жақсы, біреуі – жаман.  Жаманының басын бос қоя берсең, басқаларын бұзады»,– дейді. Демек, жаман мінезді жақсы мінезге қойға қасқыр шапқандай шаптырмай, күзетіп, тізгіндеу адамның қолындағы шаруа екен.Көркем мінезге ие болғанның иманы бүтінделеді. Басына ғылым да, бақ та, тақуалық та келеді. Абай: «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!», – дейді. Пайғамбарымыздың (с,а,у): «Таразыға ең алғаш тартылатын нәрсе –  көркем мінез» деген хадисі – кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті. Ешкімді сөзімен және қылығымен ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу де – көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі.

Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен са­хабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек. Мәселен белгілі бір компания халыққа өнімін ұсынар болса, оның басшысы немесе тікелей компанияға қатысты көзқарас сол өнім арқылы қалыптасады. Сол секілді, Алла Тағала мен Оның дінін таныстыратын – мұсылмандар. Мұсылмандардың мінсіз бола алмайтыны анық, алайда ислам – идеал дін. Сол кемелдікке талпыну арқылы исламды таныстыра алмақпыз, себебі, сырты сұлу емес нәрсенің ішіне үңілетіндер қатары тым аз. Кезінде Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у) жалғыз өзі дінді қалай таратты деп ойлайсыз? Оның ең алдымен ісі, мінезі көркем еді. Құранда Алла Тағала оның бұл мінездерін бірнеше жерде мақтайды. Сол көркем мінездің, көркем қарым-қатынастың нәтижесінде сахабалардай абзал буын қалыптасты. Кейде сахабалар секілді құлшылық жасай алмайтынымызды айтып өкінеміз-ау. Шындығында, олардың жасағандарын қайталай алмайтындығымыз үшін емес, олардың жасамағандарын жасап жүргеніміз үшін қам жегеніміз дұрыс секілді. Олар мұсылман деген атқа, діндеріне кір келтірмес үшін өз қалауларынан бас тарта білетін адамдар еді.

Пайғамбарымыз (с.а.у) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра: «Аллаһумма ахсин хулуқи кәма ах­санта халқи» «Аллаһым, жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет» деп үнемі Аллаһ Тағаладан жалбарына сұрайтын. Ұлық мінез иесі Пайғамбарымыз (с.а.у) үнемі көкем мінезді болуды Раббым Алладан сұраған болса, Сіз бен біз көп дұғада болуымыз керек. Пайғамбар (с.а.у): «Мен хақылы бола тұрып та, яғни өзінікі жөн болғанда да тартысуды қойған кісі үшін жаннаттың ауласында бір сарай және қалжың да болса, өтірік айтудан бас тартқан кісі үшін жаннаттың ортасында бір сарай және де мінезі көркем болған кісі үшін жаннаттың ең биік жерінде бір сарай берілуіне кепілмін» деді. Жаратушы Алла баршамызға көркем мінезді болуды, жәннаттың ең биік жеріндегі сарайға кіруімізді нәсіп еткей!

                                                    Ақсу аудандық мешітінің баспасөз қызметі.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз