https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Мұсылман мұсылманның айнасы

08 Nov 2016 0 comment Оқылды: 3571 рет

Мұсылманның ең басты қасиеттерінің бірі – оның өз бауырлары мен достарына деген жоғары сүйіспеншілік сезімі болып табылады. Бұл ешқандай да бөтен мақсаттар мен ішкі есептерге құрылмаған шынайы туыстық сезім, тазалық және Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның басшылығының арқасында пайда болған, адамдар арасындағы қарым-қатынаста ерекше орын алатын және басқа ештеңемен де салыстыруға келмейтін, шынайы мұсылманның мінез-құлқы.
Мұсылманды өзінің бауырымен байланыстыратын жақындық оның ұлтына, түсіне, малына, мансабына және тіліне қатысты емес, бұл – сенім жақындығы, өйткені Құдіреті күшті Алла былай деген: «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан, екі туыстың арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» («Хужурат» сүресі, 10-аят). Ал, сенім бойынша құрылған туыстық жан мен жүректі бәрінен де берік жалғастырады және адамдардың ақылы мен рухын біріктіруші, байланыстырушы жоғары буын болып табылады.
Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кімнің бойында төмендегі үш нәрсе болса, ол иманның тәттілігін сезінеді: Алла мен оның елшісін барша нәрседен артық жақсы көру; Жақсы көрген кісіні тек Алла үшін деп жақсы көру; Күпірлікке қайтуды тура отқа түскендей жек көру» (Бұхари және Мүслім).
Қазақ халқы достықты ерекше құрметтейтін халық. Абыз жырауларымыздан мынадай өлең шумақтары қалған: Үмбетей жырау Тілеуұлы (1697-1786) жолдас сынын былай деп жырлайды:
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер.

Сондай-ақ, халық арасында достықтың қадірі жайлы мынадай мақал-мәтелдер тараған. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», «Досың көңіліңді суытып айтады, қасың ойыңды жылытып айтады».

Осы айтылған ер-азаматтар арасындағы алғаусыз адал достық пейіл, мәрттік мінез жалпы мұсылмандық пайымдағы мүмін атаулыға меймандос көңілмен бір арнада тоғысады. Алла жолында дос болып, бауырласқан жандар түбінде жұмаққа да бірге кіреді.

Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)дос таңдауды қателеспеуге, жақсы жанмен жолдас болуға шақырады. Өйткені «мұсылман – мұсылманның айнасы», дос арқылы адамның ғұмырлық ұстанымын, қадір-қасиетін бағамдауға болады.

Әбу Һурайрадан(Оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Әрбір адам жолдасының дінінде болады. Сондықтан да сендердің әрбірің кіммен жолдас екендігіне қарасын»,– деген.

Жақсы жолдас қасыңда болса, көмегі мен кеңесін аямайды, сыртта болса, сыртыңнан тілеулес болады.

Алла Тағала былай дейді: «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады».

Арақ ішу, құмар ойыны және басқа да Алланы еске алудан алыстататын күнәлі істер жолындағы достық ақиретте опық жегізеді. Алла Тағала былай деген: «(Қиямет күні залымдар былай дейді) Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпаған болсам еді. Ол мен өзіме жеткен зікірден (Құраннан) алыстатты. Шайтан адамға опық жегізеді».

Ал бір-бірімен Алла разылығы үшін бауырларға айналған тақуа мүмін жандар Қияметте сол имани байланыстарының пайдасын көреді.

Әбу Мұса Ашғариден(Оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:«Жақсы сұхбаттас пен жаман сұхбаттастың мысалы миск тасушы мен көрік үрлеушінің мысалындай. Миск тасушы не саған (әтірін) тарту етеді, не өзің одан сатып аласың, тіпті болмағанда (қасыңнан өткенде) жағымды жұпар иісті сезінесің. Ал, көрік үрлеуші не киіміңді күйдіреді, не одан жағымсыз нашар иісті сезінесің».

Әбу Сағид әл-Худриден(Оған Алла разы болсын)жеткен риуаятта Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Иман келтірген жанмен ғана жолдас бол! Асыңды да тек тақуалар ғана жесін!»– деп өсиет еткен. Өйткені, иманды дос бір-бірін жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтарып, досының бойында қандайда бір жаман мінездер, жаман әдеттері болса жақсылықпен үгіт насихат жасайды. Сол уақытта ғана «Мұсылман- мұсылманның айнасы» болмақ.

                                                   Ақсу аудандық мешітінің баспасөз қызметі.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз