https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Біз неге білімімізге амал етпейміз?!

08 Nov 2016 0 comment Оқылды: 2924 рет

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» (Сафф, 2-3). Аятта айтылғандай ілімге амал етпеу Аллаһтың ашуына себеп болады екен.

       Ілімге амал етпеудің бірнеше себептері бар:

1. Амал етуге талпындыратын жетерлі дәрежеде білім болмауы. Құран Кәрім амал ету үшін түсірілген. Сахабалар ілімді осы мақсатта үйренетін болған. Бұған дәлел:

Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) Әбу Бәкір (р.а.)-дан риуаят етеді, ол  кісі Расулуллаһ саллалаһу алейһи уа салламға былай деді: «Маған бір дұға үйретіңіз, намазымда солай дұға жасайын». Сонда Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам: «Ей, Аллаһым, мен өзіме көп зұлымдық жасадым. Күнәларды тек Сен кешіресің. Мені кешір, маған рақым ет. Әлбетте, Сен – күнәларды кешіруші, әрі мейірімдісің»,-деп айт»,-деді. Муслим риуаяты.

Абдуллаһ ибн Масғұдтан (р.а.) риуаят етіледі: «Мен Нәби саллаллаһу алейһи уа салламнан: «Ей, Аллаһтың Елшісі, пендені жаннатқа жақын- дататын амал қайсы?»-деп сұрадым. Ол саллаллаһу алейһи уа саллам: «Уақытында оқылған намаз»,-деді. Мен: «Тағы не, ей, Аллаһтың Елшісі?»-дедім. Ол: «Ата-анаға жақсылық жасау»,-деді. Мен: «Тағы не, ей, Аллаһтың Елшісі?»-дедім. Ол: «Аллаһ жолында күрес»,-деп жауап берді». Муслим риуаяты.

Бұл хадистерге мән беріп қарасақ, барлық сахабалардың Пайғамбар саллаллаһу алейһи уа салламнан амал ету мақсатында сұрақ қойғанын байқаймыз. Негізінде, барлығымыз ілімді тек амал ету үшін үйренуіміз керек, Құранды да амал ету үшін оқуымыз тиіс. Себебі ондағы бұйрықтар мен тыйымдар басқаларға емес, біз үшін түсірілген. Сонымен қатар, амал ету пендеде жақсылықты арттырады әрі иманды нығайта түседі. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Олар өздеріне үгіттелген нәрсені атқарса еді, әрине олар үшін қайырлы болып, имандары нығайып бекір еді» (Ниса, 66). Демек, амал ету пенденің иманын, ілімін берік қылады екен.

2. Тәрбиенің нашарлығы. Егер балаға үйінде, мектеп-медреседе және қоғамның басқа да орындарында нашар тәрбие берілсе, бұл да амал етудің әлсіреуіне себеп болады. Бір отбасыларда ізгі ата-ана перзентіне жақсы тәрбие береді және іліміне амал етуге ең әуелі өздері үлгі болады. Ал кейбір жанұяларда жағдай өте нашар. Мектеп-медреселер жайлы да дәл осылай деуге болады. Кей медреселерде білім беріп жатқан ұстаздар шәкірттерге үйрететін нәрселеріне өздері амал етеді. Мұны көрген ілім ізденушілер де олардың ізінен ереді.

3. Амалға берілетін сауапты білмеу де оған селқос қарауға әкеп соғады. Неліктен Аллаһ Тағала бізге сауаптарды білдіріп қойды?! Әрине, пендем амал етсін деп. Егер бастығыңыз сізге «Осы істі жасасаң, лауазымыңды көтеріп, жоғары айлық тағайындаймын» десе, сіз сол бір істі орындауға тезде кірісіп кеткен болар едіңіз. Сол секілді, пенде амалға берілетін сауаптардан хабардар болса, көбірек амал жасауға талпынар еді.

        Амалға берілетін сауап жайлы көптеп хадистер келген, олар бізді амал етуге қызықтырады:

Абдурахман  ибн Әбу Амрдан (р.а.) риуаят етілген хадисте былай дейді: «Бір күні Осман ибн Аффан (р.а.) ақшам намазынан кейін мешітке кіріп, жалғыз отыр еді. Мен ол кісінің жанына барып отырдым. Сонда ол кісі былай деді: «Ей, бауырымның ұлы, мен Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уа салламнан былай дегенін естідім: «Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түннің жартысын құлшылықпен өткізгендей сауап алады. Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса, түнімен құлшылық еткендей сауапқа ие болады»,-деді. Және сондай бір амалдар бар, оны жасаған кісінің өткен күнәлары кешіріледі. Бұған байланысты Пайғамбар саллаллаһу алейһи уа саллам былай дейді: «Кімде-кім тамақтанып болған соң, «маған бұл тамақты жегізген, күш-қуат нәсіп еткен Аллаһ Тағалаға мақтаулар болсын» десе, өткен күнәлары кешіріледі». Термизи риуаят еткен және бұл хадиске «хасан» деп баға берген.

4. Нәпіл мен мұстахап амалдарға мән бермей, тек парыз, уәжіп амалдармен шектелу де амал етудің төмендеуінің себептерінен. Неге біздің өмірімізде сүннет пен мұстахап амалдардың дәрежесі төмендеп кетті?! Сізге қосымша сауап керек емес пе?! Не мұстахап амалдарға сауап берілмей ме?! Кейбір білім ізденушілер, яғни құлшылықтарды жаңадан бастаған жастар басында барлық амалдарға сақ болады. Суды сүннетке сай отырып ішеді, намазда алдында сутра болуын қатты қадағалайды. Кейінірек бұл нәрселерге көңіл бөлмеуі байқалады. Олардан мұның себебін сұрасаңыз, бұдан да маңызды амалдар, парыз бен уәжіптер бар екенін айтады. Дұрыс, парыз, уәжіп амалдар бірінші кезекте атқарылуы тиіс, бірақ та олардан кейінгі орында тұратын сүннет пен мұстахап амалдарды орындап, сауабына ие болу бізге артықша болып қалды ма?! Не үшін сүннетке көңіл бөлмеу күшейіп кетті?! Сүннетті үйреніп, оны бүкіл өмірінде жолбасшы еткен сахабалардан үлгі алу қайда қалды?!  Зияд ибн Жубайрдан (р.а.) риуаят етіледі: «Ибн Омардың (р.а.) бір кісінің алдына барғанын көрдім. Ол кісі түйесін бауыздау үшін шөктірген еді. Ибн Омар оған: «Түйені Мұхаммедтің саллаллаһу алейһи уа саллам сүннетіне сай тік тұрғызып, байлап сой»,-деді». Бухари риуаяты.

Сахабалар өмірінен тағы бір мысал: Әбу Рафиътан риуаят етіледі: «Мен Әбу Һурайрамен (р.а.) құптан намазын оқыдым. Ол кісі «Изас самааун шаққот» сүресін оқыды да сәжде етті. Мен ол кісіден «Бұл қандай сәжде?» деп сұрадым. Ол кісі: «Мен Абул Қасымның саллаллаһу алейһи уа саллам артында осы сүреде сәжде жасаған едім. Содан бері тіпті ол кісіге жолыққанша сәжде ете беремін»,-деді». Бухари риуаяты.

5. Қоршаған ортаның әсері. Адам іліміне аз амал ететін ортада болса, айналасындағылар амал етумен емес, тек үйренген ілімдерін талқылау, риуаят етумен ғана уақыттарын өткізетін болса, бұл ортада білім алған кісі де осыларға әдеттенбей қоймайды. Әртүрлі  бүліктер, арсыздық пен күнә жайлаған мына заманда іліміне амал етуде барлығына үлгі боларлық жетекші керек-ақ.

6. Ілімін өмірімен ұштастырмау. Сахабалардың бір аят үйренген соң соған амал етпестен басқа аят үйренбейтіндігі риуаят етіледі.

7. Ақырет, жаннат, тозақ, есеп беру, таразы тағы басқа ақыретте болатын жағдайларға деген иманымыздың әлсіздігінен амал етуге немқұрайлы қараймыз. Сондықтан да кейде Әбу Бәкірдің (р.а.) барлық мал-дүниесін, Омардың (р.а.) дүниесінің жартысын садақа еткеніне таң қалып, сеніңкіремей қараймыз. Олардың осыншалық дәрежеде садақа жасап, дін үшін жандарын құрбан етулеріне не себеп болды екен?! Әлбетте, себеп – олардың жүректеріндегі жаннат, тозақ, есеп беруге деген және басқа да Аллаһтың тақуа пенделері үшін әзірлеген сыйлықтарына күшті иман келтіргендігі. Бізде де осы нәрселерге деген иманымыз күшті әрі берік болса, амалымыз да соған сай болар еді.

8. Құран мен сүннетпен байланысымыздың әлсіздігі. Не үшін Әбу Бәкір мен Омар (р.анһума) Умму Айманды (р.анһа) зиярат етіп барғанда ол кісі жылады? Пайғамбарымыздың саллаллаһу алейһи уа саллам осы дүниеде мәңгі қалуын қалағандықтан жылаған болатын. Ол кісі Аллаһ Тағаланың Пайғамбарға  саллаллаһу алейһи уа саллам дайындаған сыйлардан хабардар еді, дей тұрғанмен Оның саллаллаһу алейһи уа саллам өмірден өтуімен уахи да үзіліп еді. Міне ол осы үшін жылап еді. Бұл – Құран мен сүннетке байланудың жарқын көрінісі.

9. Бос істермен айналысу мен дүние қызығына бату да амалдың азаюына әсер етпей қоймайды. Аллаһ Тағала былай дейді: «Расында сондай бізге жолығуларын үміт етпегендер және дүние тіршілігіне мәз болып, сонымен көңілдері жай тапқандар, міне солар, аяттарымыздан хабарсыз. Осылардың істеген күнәлары себепті орындары тозақ» (Юнус, 7-8). Қажетсіз, нәпсіміз қалайтын  нәрселермен шұғылданатын болсақ, уақытымызды босқа өткізіп, амал етуге селқос қарайтын болып қаламыз. Ал Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уа саллам: «Шұғыл шаруалардан бұрын бос уақытыңның қадірін біл»,-дейді.  Тағы бір хадисте: «Амал етуге асығыңдар»,-деген.

10. Шайтан бізді амал етуден тосуға шебер.

Абдуллаһ ибн Әмрден (р.а.) риуаят етіледі: «Нәби саллаллаһу алейһи уа саллам былай деді: «Екі қасиет бар, қайсыбір мұсылман сол істі әрдайым жасаса, жаннатқа кіреді. Оны жасау оңай, бірақ істейтіндер аз. Біріншісі, әр намаздан кейін он рет тасбих, он рет тахмид, он рет тәкбір айтса, тілде – 150, таразыда – 500 болады. Екіншісі, ұйықтар алдында 34 рет тәкбір, 33 рет тахмид, 33 рет тасбих айтса, тілде – 100, таразыда – 1000 болады»,-деді. Мен Расулуллаһтың саллаллаһу алейһи уа саллам сол зікірлерді қолдарымен санап, көрсетіп беріп жатқанын көрдім. Сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі, ол екеуін жасау оңай екен де, қалайша амал ететіндер аз?»,-деп сұрады. Сонда Ол кісі саллаллаһу алейһи уа саллам: «Төсекке жатқаныңызда зікірлерді айтпай жатып шайтан ұйықтатып тастайды. Намазда да келіп, сол зікірлерді айтпай тұрып бір қажетіңізді еске салады да, сіз зікірлерді естен шығарасыз». Әбу Дәуід риуаяты.

        Емдеу жолдары:

1. Ілімнің көп адамға беріле бермейтін бағалы нәрсе екенін сезіну. Бұрынғы өткен ғұламалар ілімді өте үлкен олжа, қазына деп санайтын. Сол себепті оның қадірін біліп, амал етумен нығайтар еді. Ал біз болса діни болсын, дүниелік болсын көп ілім аламыз да, амал етуге келгенде жалқаулыққа, селқостыққа салынамыз. Себебі біз мол байлыққа ие болғанымызды сезінбейміз.

2. Бұрынғы өткен ғұламалардың аят-хадистерге қаншалықты амал еткенін ойлау да кісіні амал етуге талпындырады.

Маруази айтады: «Маған имам Ахмад рахимахуллаһ айтқан еді: «Мен Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уа салламнан қандай да бір хадисті естісем, кітабыма жазудан алдын өзім амал жасайтын едім. Бір күні «Нәби саллаллаһу алейһи уа саллам қан алдырды және Әбу Тийбаға бір динар берді» деген хадисті есітіп қалдым. Оны кітабыма жазбастан, өзім бір динарға қан алдырдым»,-деді».

3. Үйде ата-ана, мектеп-медреселерде, жоғары оқу орындарында ұстаздар шәкірттерге ілімге амал етуді үйретулері және осы істе өздері үлгі болуы қажет. Біреуге жақсылықты, әдепті үйрететін кісі, ең әуелі, өзі амал етіп, кейін басқаларға үйретпесе, оның барлық әрекеті босқа кетеді. Өзі амал жасамайтын кісінің сөзі әсер етпейді. Ол кісінің бұл ісін басқалар білуі шарт емес, бәрібір әсері болмайды. Сондықтан да ұстаз шәкірттеріне сөзбен де, іспен де үлгі болуы тиіс.

4. Аллаһтан іліммен бірге амалды да сұрау.

Әбу Бәкір ибн Араби айтады: «Мен һижри 489 жылы Меккеде тұрдым. Сол уақытта зәмзәм суын тойып-тойып іштім. Әр ішкен сайын ілімім мен иманымды арттыруын ниет қылдым. Оның берекесімен Аллаһ маған ілім есіктерін ашып қойды. Бірақ зәмзәмді амал ниетінде ішуді ұмытыппын. Шіркін, қанекей сол уақытта ілім мен амалды ниет қылып ішкенімде, Аллаһ іліммен қоса амалды да берген болар ма еді!? Мен ілімнен де артығырақ амалды таңдаймын».

Аллаһтан пайдалы ілім беруін және сол ілімге қоса амал етуді нәсіп етуін сұраймыз!

    

Абышов Аскен

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз