https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Көп сөйлеудің кесірі

05 Nov 2016 0 comment Оқылды: 2113 рет

Ислам діні мұсылманның мінез-құлқының жақсы болғанын қалайды. Мұсылманды соған жігерлендіреді. Ислам ғалымдары ғасырлар бойы Құран мен сүннетті зерделеп, өз еңбектерінде көркем мінезді болудың қыр-сырын ашуға тырысқан. Тіпті Абай атамыздың «толық адам», «кемел адам», «адам болу» сынды тіркестерін өз шығармаларында жиі қолдануы да осыны аңғартады.

Иә, жұмыр басты пенде кемшіліксіз болмайды. Адам болған соң оның кемшілігі де, қателігі де болады. Кемелдік бір Аллаға жарасқан. Әйтсе де «Кемелдік бір Аллаға жарасады», – деп бойда бар кемшілікті түзетпей арқаны кеңге салып жүруге тағы болмайды. Әсіресе, мұсылман өзінің бойында бар кемшіліктерді түзетуге күш салуы қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көркем мінез – діннің жартысы», – деп айтқан. Мұсылман өзінің жүріс-тұрысына, киіміне, басқалармен қарым-қатынасына, сөзіне де көңіл бөледі. Ақыретте амал таразысына біздің амал-әрекетімізді қойған уақытта көркем мінездің салмағы ауыр келеді екен.

«Жақсы сөз жан сүйіндірер, жаман сөз жан күйіндірер», – демекші бұл жолғы әңгімеміздің арқауы – аз сөйлеу. Өйткені, көркем мінез – адам бойындағы жақсы мінездің жиынтық сипаты. Оның бірі – аз сөйлеу немесе орынды сөз айту. Қазақ халқы «басқа бәле тілден келеді», – дейді. Себебі адамға абырой әперетін де, оны абыройдан айыратын да – тіл. Бұған қатысты Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кім Аллаға және ақирет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген.

Демек, аз сөйлеу немесе жақсы сөз айту – сүннет. Жақсы сөз айтпай, керісінше қатты сөйлеп, айналаңдағыларды ренжіту мұсылман болмысына жатпайды. Қатты сөйлеу – жаман сөз айту ғана емес, дөрекі сөйлемеуді білдіреді. Ата-анаға, ағайын-туысқа, іні мен қарындасқа теріс мінез танытпау, дөрекі сөйлеп, оғаш мінез көрсетпеу сынды мағынаны қамтиды. «Мен намаз оқимын, ал сен намаз оқымайсың», немесе «Сен ахи емессің, саған дөрекі сөйлеймін», «Сен брат емессің, саған қатты сөйлеуіме болады», – деп түсіну мүлдем қате.

Жоғарыда хадисте айтылғандай «...жақсы сөз айтсын немесе үн қатпасын» деген өсиет барлық уақытқа және барлық ортаға қатысты айтылған. Бұл ерекшелік мұсылманның бойындағы сипатына айналуы тиіс. Әмір ибн Ас есімді белгілі сахаба: «Сөз дәрі сияқты. Егер оны аздап ішсең, пайдасы тиеді, ал мөлшерінен артық ішсең, өлтіреді», – деп айтқан екен.

Әрине, орынды және орынсыз сөйлеу, кімді болсын бәдік атандырады. Бәдік адамның өзінде де, сөзінде де пәтуәсі болмайды. Сөзі көп адамды ел арасында ешкім сыйламайды. Өйткені, сөзі көп адамның уәдесі де, өтірігі де көп болмақ. Адам баласының Қиямет күнінде сөйлеген әрбір сөзі үшін есеп беретінін естен шығармаған жөн. 

Мұғаз ибн Жәбәл есімді сахабадан жеткен мынадай әңгіме бар: «Бір күні Алланың елшісімен (с.ғ.с) сапарда болдым. Мен оған жақындап:

– Уа, Алланың елшісі! Маған мені жұмаққа кіргізетін және тозақтан алшақ ететін іс туралы айтып беріңізші – деп өтіндім. Пайғамбар (с.ғ.с.) маған қарап:

– Расында сен маңызды нәрсе туралы сұрадың. Алайда, бұл – Алла жеңілдігін берген пенде үшін жеңіл іс. Олар Аллаға ешнәрсені серік қоспай құлшылық қыл, намаз оқы, зекет бер, Рамазан айында ораза ұста және қажылыққа бар – деді. Сосын Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Саған жақсылықтың қақпалары туралы хабар берейін бе? Олар: Ораза – қалқан. Садақа – судың отты өшіргені сияқты қателіктерді өшіреді. Сондай-ақ, түн жарымында оқылған нәпіл намаз – деді. Кейін мына аятты оқыды: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларына үрейленіп, үміт етіп жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Расында істеген ізгі ісі үшін қандай көзайымдар сақтаулы тұрғандығын ешкім де білмейді»(Сәжде, 16-17).

Сосын әңгімесін одан әрі жалғастырып:

– Саған істің бастауы, өзегі және оның шоқтығы туралы хабар берейін бе? – деді. Мен:

– Әрине. Уа, Алланың елшісі! – дедім. Ол:

– Істің бастауы – Ислам, оның өзегі – намаз, ал жоғарғы шыңы –  күрес  – деді. Мұнан соң әңгімесін әрі жалғастырып:

– Осы айтылғанның барлығының ұстап тұрудың жолын көрсетейін бе? – деді. Мен:

– Әрине. Уа, Алланың елшісі! – дедім.

Сонда ол тілін көрсетіп:

– Мынаған ие бол! – деді. Мен:

– Уа, Алланың елшісі! Сонда біз сөйлеген сөзіміз үшін де жазаланамыз ба? – деп сұрадым. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Әй, Мұғаз! Адамдар тозаққа етпетімен сүйретіліп апарылғанда осы тілдерімен айтқан нәрселерінің жазасы үшін апарылады емес пе? – деді.

Орынсыз және көп сөйлеген адамның бұл дүниедегі жазасы – «бәдік» атанып, адамдардың құрметінен мақұрым қалады. Оған достары да, ағайын-туыстары да немқұрайлы қарайды. Ал, енді ақыреттегі жазасы – тозақ. Расында да құрметті оқырман, біз көп сөйлейтін таныстарымызды еске алып көрейік. Олардың арасында қайсысы уәдесінде тұрып, салмақты сөз сөйлейді? Олардың қайсысы қызметінде абыройлы, достарының арасында сыйлы? Әрине, көп сөйлейтіндердің арасында мұндайлар аз, тіпті жоқтың қасы десек қателеспейміз. Дана халқымыз: «Көп сөйлеген иә жолдасынан, иә құрдасынан айрылады», – деп бекер айтпаса керек. Олай болса, адамдардың арасында титтей құрметке ие болмаған адам Алланың алдында қандай мәртебеге бөленбек? Бұл жағын Алла тағала өз ықтиярымызға қалдырды. Ақыл-парасат беріп, бойымызға жігер дарытты. Осы жігердің арқасында қаласақ, аз сөйлеп, көркем мінезге ұмтыламыз. Қаласақ, көп әрі орынсыз сөйлеп, жаман мінезде қаламыз. Алла біздің бойымыздағы кемшіліктерді түзетуге күш беріп, Өзінің ізгі пенделерінің қатарынан жазсын.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз