Бисмилләһир – Рахманир Рахим
Бүгінгі қоғамда айналамыздан байқалып жүрген көптеген теріс қылықтар мен ұнамсыз көріністердің бір себебі – жүректерде ұят сезімінің азаюы немесе мүлдем жоғалуы болса керек. Киім кию, сөз сөйлеу, адамдармен қарым-қатынас жасау, өз міндетімізді атқару – жалпы кез келген ісімізде ұяттың алар орны орасан зор. Сондықтан, асыл дініміздегі ұят сезімінің орны жайлы аз-кем әңгіме қозғауды жөн көрдік.
Ұят – Алла Тағала құлдарына нығмет етіп берген тамаша көркем мінездердің бірегейі. Ол күнә мен қылмыс жасаудан, опасыздық пен ұждансыздық әрекеттерінен, қысқасы, аяқты шалыс басудан сақтайды. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді» деген хадисінің мәнін осыдан іздеген дұрыс. Ал ұяттың кемуі, Құдайдан қорқуды да азайтады. Сондай-ақ, ғалымдардың «Кімнің жүрегінде қорқыныш пен ұят болмаса, онда жақсылық та қалмаған» деген пікірлері де жүректегі бүкіл ізгілік, жақсылық атаулы ұяттан келетінін ұғындырады. Өйткені, ұят пен иман үнемі қатар жүреді. Иманнан тек жақсылықтан өзге еш нәрсе келмейтіні бесенеден белгілі.
Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» деп ұяттан ажыраған кісі иманнан да қол үзетінін білдірген. Олай болса, ұялудың астарында Алладан қорқу, Алланы жақсы көру сынды ізгі қасиеттер де жатады. Ұнамсыз, нашар істермен бетпе-бет келгенде, «ұят болады» деп оны жасаудан тартынуымыз Алла Тағаладан қорқудың белгісі. Ғалымдардың бірі осыған байланысты: «Аллаға ант етемін, адамнан ұят кеткеннен кейін тіршілікте де, дүниеде де жақсылық қалмайды»[1] деген мәні терең сөз қалдырғаны мәлім. Бүгінде жан-жағымызда болып жатқан кейбір жағдайларға мұқият зер салсақ, бұл тұжырымның қаншалықты орынды екеніне оп-оңай көз жеткізе аламыз.
Мейірім жаршысы, сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистердің бірінде Жаратушы Иеміз Алла Тағаланың ұлы ұяты туралы былай деген: «Сендердің Раббылырың ұлы ұят иесі әрі жомарт. Сондықтан, қолдарын дұға үшін жайған уақытта оны бос (рақымы мен шарапатынсыз) қайтаруға құлынан ұялады».[2] Ұлы Алла Тағаланың бұл мінезінен тәлім алған ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жер бетіндегі адамдар ішінде ең кәміл ұяттың иесі еді. Сахабалардың айтуынша, Ол (с.ғ.с.) оң босағада отырған қыздан да артық ұялатын. Егер оның жан дүниесіне ұнамайтын іс жасалса, сахабалар мұны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бет әлпетінің өзгерісінен-ақ бірден байқап қалатын.
Алла Тағаланың өзі Құран Кәрімде Пайғамбарымыздың ұялу сезімі туралы хабар берген: «Әй мүміндер! Пайғамбардың үйлеріне дастарханға шақырылмасаңдар кірмеңдер, тамақтың пісуін күтпеңдер (алдын-ала келіп отырмаңдар). Ал егер шақырылсаңдар, кіріңдер де тамақ жеген соң, дереу тарқандар, сөзге айналмаңдар. Расында, бұларың Пайғамбарды қынжылтады әрі ол сендерден ұялады. Бірақ Алла шындықтан ұялмайды»[3].
Иә, Пайғамбарымыз үлкен ұяттың иесі болған. Өз үмбетін де осынау қасиетті мінезден нәр алуға шақырған. Оның (с.ғ.с.): «Барлық нәрсенің мінезі болады. Ал мынау діннің мінезі – ұят» [4] деген хадисі ұяттың дініміздегі орны қаншалықты жоғары екендігін көрсетпейді ме?
Дінімізде көркем мінездің үлкені де, кішісі де, зәредейі де, ірісі де мұсылманның мінезі деп бағаланады. Олай болса, бұл хадисте Расулулла (с.ғ.с.) «Әрбір мұсылман ұялу сезіміне ие болсын» деп бұйырып тұрғандай. Сондай-ақ хадис мазмұнынан ұят жеке басты да, отбасын да, бүкіл қоғамды да қамтуы тиіс деген нұсқауды да аңғаруға болады.
Алла Тағала ұят сезімін жоғары ұстауды тек Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) ғана емес, өзге хақ елшілерге де бұйырған. Мысалы, Иса (а.с.) пайғамбарға былай деп бұйырғаны мәлім: «Әй Иса, әуелі өз нәпсіңе уағыз айт, егер ол қабыл етсе, онда халыққа насихат жаса, болмаса Менен ұял»[5].
Ғұламалардан ұят туралы көптеген аталы сөздер де қалған. Олардың бірі: «ұялу – адамның ұнамсыз істерден қысылып, оларды жасаудан тыйылуы» деп түсіндірсе, енді бірі: «көңілге қонымсыз, жақсылыққа жат әрекеттерге байланысты жүректе орнайтын қынжылыс, уайым» деген.
Жүнейд деген ғалым ұятты: «Алла Тағаланың бізге берген материалдық және рухани нығметтерінің парқына бару, әрі кемшіліктеріміз бен нұқсандарымызды ойлап қамығуымыз», – деп бағалаған. Ұят сезімін «үнемі көңілімізде бұзық қылықтарымыздың ауырлығын сезіну және өз жағдайымызды тағы бір рет тексеруден өткізу» деп айшықтаған ғұламалар да бар.[6] Мына бір анықтама да ұялудың сырларын аша түседі: «Ұялу – адамның Алла Тағаланың жария және жасырын жасалған әр істі білетіндігін сезініп, өз өмірін соған қарай реттеуі, Оның өзімен арасындағы қарым-қатынасты басшылыққа алып өмір сүруі» деп түсіндірген ғалымдар да бар. Тіпті, Омар ибн Бахр сынды ғалымдар ұятты киімге теңеген: «Кімде кім ұятты киім етіп кисе, онда оның айып, кемшіліктерін өзгелер көрмейді».
Сондай-ақ, ғалымдар ұялу сезімін үлкен-үлкен үш топқа бөліп қараған:
- Алладан ұялу,
- Адамдардан ұялу
- Өзінен ұялу.
АЛЛАДАН ҰЯЛУ. Алладан ұялу Оның бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан бас тарту арқылы болады. Өзін мұсылманмын, мүминмін деген кісі, ең алдымен, ұяттың осы түріне көп көңіл бөлуі керек. Алладан ұялуды қалай түсіну керектігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде айқын түсіндіріп берген. Бір күні ол сахабаларына: «Алла Тағаладан ұялудың ақысын беріп ұялыңдар» деді. Сонда олар: «Уа, Расулулла, біз Алладан ұяламыз, Аллаға шүкір», – деді. Алла Елшісі: «Ол емес, кім Алладан ұяттың ақысын беріп ұяламын десе, басын және басындағыларды, ішін және ішіндегілерді сақтасын. Өлім мен бәлені еске алсын. Ақыретті қалаған кісі дүние қызығына қатты мән бермейді. Кім осылай жасаса, Алладан ұяттың ақысын беріп ұялған болады», – дейді.
Осы хадистен мынадай қорытынды жасауымызға болады. Ең алдымен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «ұялудың ақысын беріп ұялу» дегенін түсініктеме жазушылар «тұрақты, шынайы және қажеттілігін сезініп ұялу» деп түсінідіріпті. Ал «Ол емес» деген сөзді «Шынайы ұят сендер ойлап тұрғандай емес» деп түсінуге болады. Енді «ақиқат ұят ол болмаса, қайсы?» сұрағына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі жауап берген. Нағыз ұятты бас пен бастағыларды, іш пен іштегілерді сақтау, өлім мен бәлені көбірек еске алу және дүние қызығына қатты мән бермеу деп түсіндірді.
Басты сақтау дегенде, ең алдымен, оны Алладан өзгеге құлшылық жасауда қолданбау, Жаратушы Иемізден басқаға сәжде жасамау еске түсуі қажет. Бастағыларды сақтау маңызды болса, басымызда екі көз бар. Оларды күнәдан, Алла Тағала харам еткен нәрселерге қараудан тыйып жүрміз бе? Басымызда екі құлақ бар. Олардың жайы қалай? Оларды Алла Тағала жақсы көрмейтінді есітуден тоқтатып жүрміз бе? Басымызда тіл бар. Оны дініміздің заңдарына сай қолдану да бастағыларды сақтауға жатады. Ішіміз бен іштегілер дегенді қалай түсінеміз? Ішімізді, ең әуелі, харам нәрсе жеп толтырудан сақтауымыз керек. Екіншіден, ішімізге байланысты денелерді, яғни екі аяқ пен олардың арасындағыны, екі қолды күнәлі істерден қорғауымыз қажет. Үшіншіден, ішімізде адам үшін ең маңызды бір жапырақ ет бар. Ол – жүрек. Соны адамшылыққа жат бөтен сенімдер мен түсініктерден таза сақтау нағыз ұяттың қажеттілігі. Ал өлім мен бәлені қаншалықты көп еске аламыз? Өлімді көп ойлаған кісі еш уақытта біліп тұрып күнә жасамасы хақ.
Ендеше, құрметті мұсылман бауырлар! Ойланып көрейікші. Біз Алла Тағаладан ұялудың ақиқатын білеміз бе? Әлі оның толық парқына жете алмай жүрген болсақ, онда кешіктірмей, ұят сезімін молайтудың жолдарын қарастыруымыз қажет. Алладан ұялуды күшейтетін істер бар. Бұл ұят Жаратушы Иеміз Алла Тағаланы тану, оның құдіретіне бас ию арқылы күшейеді. Оның өз құлдарына жақын екендігін, көзімізді неге қаратып, кеудемізге нені тоқып жүргенімізді білетінін сезіну арқылы да ұят сезімі артады. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Оларға: «Көкейлеріңде бір нәрсені жасырсаңдар да жарияласаңдар да Алла оны, сөзсіз, біледі. Әрі Алланың барлық нәрсеге толық күші жетуші» деп айт»[7]. Олай болса, осы ақиқатты үнемі естен шығармау арқылы Алла Тағаладан ұялуды дамытуымыз керек.
АДАМДАРДАН ҰЯЛУ. Адамдардан ұялу толық адамгершілік пен жомарттықтан туындайды. Адамдардан ұялуды ешкімге зиян тигізбеу, жамандықтарды көпе-көрнеу жасаудан тыйылу деп түсінуге болады. Ұят кемігенде, ащы тілмен, өсекпен, ғайбатпен, іс-тірліктермен өзге кісілерге зиян келтіру де көбейеді. Адамдарды тілмен түйреп шаншу, кекету, келемеждеу, мазақ қылу, тәлкек ету де осындай өзгеге зиянды істерге жатады.
Көлігінде отырып, жаяуларды тәлкек ету ұят азайған кезде көрінетін іс. Көшеде тұрып, бір күндік наны үшін жалданып, қара жұмыс жасайтындарға тек ұятынан ажырап қалғандар ғана мысқылдап күле алады. Күндіз де, түнде де жартылай жалаңаш киініп алып, жат еркектің ойын бұзушы қыздардың ұяты қайда деп ойламасқа шарамыз жоқ. Ата-анасына сөз қайтарып тілазарлық жасайтын ұл-қыздар өз ұяттарының деңгейінен хабар береді. Ата-анаға қарсылық жасаудан артық ұяттан безу жоқ. Кімде-кім бір істі іштей, ойша жасап алып, сырттай ұялғансып отырса, онда ол кісінің өзі үшін де қадірі болмағаны.
Сондай-ақ адамдардан ұялуға мұсылмандардың бір-біріне зейнеттерін көрсетпеу де жатады. Бөтен еркектер мен бөгде әйелдерге құмарта қарауға да Алла Тағала тыйым салған. Құран Кәрімде бұл туралы былай делінген:
«Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы. Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа. (Беті, қол-аяқтары) Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін»[8]. Демек жұрттың көзінше ашық-шашық жүруден де ұялуымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, ер адамға да, әйел кісіге де шариғат бойынша әурет жер деген не екенін үйреніп білудің маңызы зор.
Сонымен қатар, көп күлу, көп қалжыңдау да адамдардан ұялмаудың көрінісі. Бұл туралы Имам Ғазалидың мынадай пікірі бар: «Күлкісі көбейгеннің – сұсы азаяды. Көп қалжыңдасатын адам – келекеге ұшырайды. Кім нені көп істесе, сонысымен танылады. Көп сөйлеген адам – көп қателік жібереді. Қателікті көп істейтін адамның – ұяты азаяды. Ұяты азайған адам – күнәлі нәрселерге үйірсек келеді, ондай адамның жүрегі өледі»[9].
ӨЗІНЕН ҰЯЛУ. Адамның өзінен ұялуы әркімнің өз ар-намысын сақтауы арқылы болады. Ұяттың бұл түрі адамдар өз бөлмесінде жеке қалғанда, жалпы көпшіліктің назарынан тыс жерлерде көбірек байқалады. Ғалымдар адамның өзгеден ұялуына қарағанда, өзінен ұялуы көбірек болуы керектігін айтқан. Өйткені, шынында да, адам өз табиғатындағы ұялу, қымсыну сезімдерін “Ол Алланың көріп тұрғанын білмей ме?”[10] сияқты аяттармен қуаттандырмаса, “Күдіксіз, Алла Тағала сендерді бақылаушы”[11] секілді аяттарында айтылған ихсан түсінігімен әрлендірмесе, ондай ұяттың да өмірі қысқа болмақ.
Сондай-ақ Құран Кәрімнің: «Соңғы аялдар жерің Раббыңның қасында»[12] деген аяты да Алладан қорқуды, сол арқылы ұялу сезімін де тереңдете түсуге, құл екенімізді мойындауға жәрдем берері хақ. Олай болса, жұрттың көзінше жасауға ұялатын нәрселерді, жеке қалғанда жасаудан да ұялуымыз керек. Өзінен ұялудың жарқын үлгісін Әли (р.а.) көрсеткен. Әлидың аты аталғанда, ғалымдар «кәррамаллаһу уәжһаһу» деп айтады. Оның себебі Әли (р.а.) ғұмыры бойынша өз әуретіне де қараудан ұялған екен. Міне, бұл адамның өзінен ұялуынан тамаша бір мысалы. Ал Осман ибн Аффанның (р.а.) ұялу сезімі тіпті ерекше. Ол ұятты өміріне тірек еткен, тіпті періштелердің өзі одан ұялатын. Пайғамбарымыздың өзі оған куәлік еткені осының дәлелі. Бірақ Османның (р.а.) ұяты арнайы бір уағызды қажет етеді.
Кімнің бойында осы аталған үш түрлі ұят, яғни Алладан ұялу, адамдардан ұялу, өзінен ұялу бірігетін болса, онда жақсылықтың бүкіл себептері ашылары хақ.
Енді Алла Тағаланың ұялатыны туралы да айта кетелік. Әбил Уақид әл-Харистен (р.а.) мынадай бір хадис жеткен. Бірде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) адамдармен мешітте отырған кезінде, үш адам келді. Олардың екеуі Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанына келді де, ал үшіншісі кетіп қалды. Ол екеуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында тұрды да, бірі бос орын көріп, сонда барып отырды, ал екіншісі оның артынан отырды, ал үшіншісі болса кетіп қалды. Расулулла (с.ғ.с.) ол адамдармен сөйлесіп болған соң: «Сендерге осы үш кісі жайлы айтайын ба? Олардың бірі Алладан пана іздеді де, Алла оған пана берді[13], ал екіншісі ұялды, Алла да одан ұялды[14], ал үшінші кері бұрылып кетті де, Алла да одан бұрылды», – деп айтты (Әл-Бухари, Муслим).
Ұят – Алладан берілген иләһи бір мінез, әрі Алланың сыры. Адамдар ұят туралы ақиқатты жақсы білгенде, бәлкім, оған бүгінгіден де ұқыптырақ қарар еді. Бұл туралы мына бір оқиғаны айта кетуге болады: Жаппар Иеміз махшарда есепке шақырған бір қарттан: «Мына күнәларды неге жасадың?» – деп сұрайды. Ол қарсылық білдіріп, күнә жасамағанын айтады. Сол кез Әрхамур Рахимин Алла Тағала періштелерге: «Олай болса, оны жәннатқа апарыңдар» деп бұйрық береді. Сонда періштелер жағдайды біліп: «Уа, Алла Тағала, бұл кісінің мынадай-мынадай күнәлар жасағанын Сен білесің», – дейді. Алла Тағала оларға: «Ия, солай, бірақ Мұхаммедтің үмбеті болып жүріп, ағарған сақал-шашына қарап, оның айыптарын бетіне басуға ұялдым», – дейді. Кәнздің риуаятына қарағанда, Жәбрәйіл періште осы хабарды Пайғамбарымызға жеткізгенде, мол мейірім мен шапағат иесі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көздері жасқа толып, жылап отырып былай дейді: «Алла Тағала үмбетімнің ақсақалдарына азап беруден ұялады, бірақ ақсақалдар күнә жасаудан ұялмайды».”[15]
Сонымен, құрметті мұсылман бауырлар! Адам баласының нағыз адамшылығы оның ұятының өлшемінен көрінеді. Егіннің өмірі үшін су қандай маңызды болса, адам өмірінен ұяттың алатын орны да сондай. Ұятқа немқұрайлы қарауға болмайды. Олай болса, келіңіздер, біз де осы мінезден өз нәсібімізді алуға тырысайық. Алла Тағала бәрімізге шынайы ұяттың ақиқатын біліп ұялуды жазсын.