Құрбан айт, яғни зул-хижжа айының оныншы күні жылдың ең ұлы күндерінің бірі саналады. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн – Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн», - деген (Ахмад, Әбу Дәуд).
Бұл күні жасалатын ең үлкен құлшылықтардың бірі – құрбан шалу (удхия). Удхия дегеніміз – күн шыққаннан кейін (дұха) орындалған құрбан шалу. Бұл ғибадат түрі көпшілігімізге жақсы таныс болғанымен, жыл сайын Құрбан айт қарсаңында сансыз сауалдарымызға жауап таба алмай жатамыз. Ендеше, құрбандыққа байланысты ең жиі қойылатын әрі маңызды сұрақтарға Құран және сүннет бойынша әрі ғалымдардың сөзімен жауап беріп көрмекпіз.
1. Құрбандық не үшін және кім үшін шалынады?
Кез келген құрбан шалу, мейлі ол мерекелі (Удхия) болсын, мейлі басқа болсын, тек Алла Тағалаға арналуы тиіс. Құранда мынадай аят бар: «Намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын!», - де». («Әнъам» сүресі, 162-163).
Әли ибн Әбу Талибтің сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Өзінен басқа үшін құрбан шалған адамды лағынеттеді», - деп айтқаны жеткізіледі. (Муслим). Алланың атымен және Алла үшін сойылатыннан басқаның бәрі – серік қосу болып табылады. Ал серік қосу – ең ауыр күнә. Құрбандық шалу ғибадатының маңызды болуының бір себебі – адам өз нәпсісін, яғни, мал-мүлікке деген махаббатын жеңіп, Алла разылығы үшін малын құрбан етеді. Ризықты беруші – Алла және оны Алла жолында жұмсамау үлкен ағаттық.
2. Құрбан шалудың басты шарты қандай?
Алла Тағала былай деген: «Ешқашан құрбанның еттері, қандары Аллаға жетіп бармайды. Бірақ сендердің тақуалықтарың ғана жетіп барады. Сендерге тура жол көрсеткен Алланы ұлықтауларың үшін осылайша малды еріктеріңе бердік. (Мұхаммед,) жақсылық істеушілерді қуант». («әл-Хаж» сүресі, 22: 37).
Яғни, ниет – Удхияның шарты болып табылады. Ғалымдар Удхия ниетсіз жарамсыз болады, өйткені мал тек ет үшін немесе Аллаға жақындау үшін ғана бауыздалған болуы мүмкін дейді.
3. Құрбан шалынатын белгілі бір орындар бар ма?
Құрбан шалу сияқты ғибадат рәсімінің ұлықтығы сонша – шариғат оны бұрын әлдебір пұт тұрған немесе көпқұдайшылдардың әлдебір мерекелері өтетін жерде орындауға тыйым салады. Бұл тыйым Алла үшін жасалатын құрбандыққа да қатысты. Табарани келтіретін хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) нәзірдің бұрын көпқұдайшылдардың табынатын пұты тұрған, кәпірлердің қандай да бір жиындары (мерекелері) өтетін жерлерде орындалмауын қадағалағандығы айтылады.
4. Құрбан шалатын адамға қойылатын талап бар ма?
Құрбан шалуды ниет еткен адам зул-хижжа айының басынан құрбан шалғанға дейін тырнағын алмауы, қырынбауы, шаш-сақалын қысқартпауы керек. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Кім құрбан шалғысы келсе, зул-хижжа айы басталғанда құрбан шалмайынша ешбір жағдайда шашын да, тырнақтарын да алмасын!». (Муслим).
Алайда өзінің шашы мен тырнағынан зиян тигізетін бөліктерін, мысалы, сынған тырнақты немесе жараның айналасындағы шашты алуда күнә жоқ.
Егер адам зул-хижжа айының алғашқы он күні барысында Удхия орындауға ниеті болмай, тырнағын немесе шашын алса, ал кейін қайта ойланып, құрбан шалу туралы шешім қабылдаса, онда ол шешімін қабылдаған сәтінен бастап құрбан шалғанға дейін шашы мен тырнағын алудан сақтануы қажет.
5. Құрбан шалу барлық адамға міндетті ме?
Мерекелі құрбан шалу – мүмкіндігі бар әр адам үшін өте құпталатын және абзал ғибадаттың түрі. Ибн Аббас (р.а) былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинада он жыл болды, әрі сол жылдардың барысында Удхия жасайтын». (Ахмад, Тирмизи). Сондай-ақ, Хафиз Ибн Абдул-Барр былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл өмірі барысында Удхия жасайтын, әрі оның Удхияны бір рет болса да қалдырғаны белгісіз. Ол оны орындауға ынталандыратын, әрі молшылыққа ие мұсылман адам оны тастамауы қажет».
Жәбир: «Мен айт намазын Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге орындадым, әрі ол аяқталған соң ол бір қошқарды жетектеп келіп: «Алланың атымен, Алла Ұлы! Уа, Алла, мұны менен және менің үмметімнен болған құрбан шала алмағандардың атынан қабыл ет», - деп құрбан шалды»,-деп баяндайды. (Тирмизи, Ахмад). Кейбір ғалымдар бұл хадиске қатысты былай деген: «Бұл тараудың хадистерінде,сондай-ақ Құрбан шала алмайтын кедей мұсылман бұл үшін сауапсыз қалмайтынына, өйткені Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол үшін Құрбан шалғанына нұсқау бар».
6. Құрбандық малының жасы қаншада болу керек?
Жәбирден Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Тиісті жасына толмаған малды құрбанға шалмаңдар. Егер бұл сендер үшін ауыр болса, онда алты ай толған қойларды шалуларыңа болады». (Муслим). Имам ән-Нәуауи: «Бұл хадисте белгілі жасқа толмаған малды мерекелі Құрбандыққа шалуға рұқсат етілмейтініне нұсқау бар, бұдан тек қой ерекшеленеді»,-деген. Ал құрбандық малдарының жастарына келер болсақ, онда түйенің ең аз жасы – бестен басталады, сиыр-бұқаның жасы – екі жастан, ал қой-ешкінің жасы бір жастан басталады. Қой мен қошқарға келер болсақ, онда шариғат оларға ерекшелік жасап, егер қой-қошқар ірі болса, онда бір жасқа толмағанын да шала беруге рұқсат етті.
7. Құрбанды қай уақытта шалу керек? Басқа уақытта шалынған құрбан қабыл ма?
Удхияның қатаң белгіленген өз уақыты бар. Ол Құрбан айт (10 зул-хижжа) күні Айт намазы мен Айт құтпасы оқылып болған соң басталады. Удхияны айт намазына дейін орындағанның құрбандығы жарамсыз болады. Әл-Бара ибн ‘Азиб былай деп баяндаған: «Бірде Құрбан Айт күнінде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (айт) намаздан кейін бізге құтпа айтты әрі: «Біз сияқты намазды орындаған және біз сияқты құрбан шалған адам оны дұрыс орындаған болады, ал (егер) кім құрбанды айт намазына дейін шалса, онда оны намазға дейін шалып қойған әрі мүлде құрбан шалмаған болады», - деді. Мұны естіп, Әбу Бурда: «Уа, Алланың Елшісі, мен өзімнің қойымды намазға дейін құрбан шалып қойдым, өйткені бүгін мереке екенін және адамдар жеп-ішетінін білдім, әрі менің қойым үйімде шалынатын құрбандықтың ең алғашқысы болуын қаладым! Міне, осы себептен де мен өз қойымды намазға келуден бұрын бауыздап, етін жеп алдым», - деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сенің қойың тек етке ғана жүре алады», - деді.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн»,- деп айтқан. Яғни, Құрбанды жылдың ең ұлы күні болған Құрбан айт күні шалған жақсырақ екеніне күмән жоқ. (Ахмад, Абу Дауд, әл-Хаким).
Бір пікір бойынша, 10 зул-хижжа Құрбан Айт күнінен кейін тағы екі күн құрбан шалуға рұқсат етіледі. Ал екінші пікір бойынша, құрбан шалуды Айт күнінен кейін тағы үш күн, яғни әт-Тәшриқтың барлық үш күнінде, яғни зул-хижжаның 11,12 және 13-де орындауға болады. Бұған қатысты Жубаир ибн Мут‘имнен Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әт-Тәшриқтің барлық күндері – Құрбан шалу күндері», - дегені жеткізіледі. (Ахмад, Дарақутни).
8. Құрбандық малы қандай болу керек? Кемістіктері бар мал жарай ма?
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрбандық ретінде төрт түрлі малды шалуға болмайды: ақауы айқын бір көзді малды; ауруы айқын ауру малды; ақсақтығы айқын ақсақ малды; және әлсіздігі айқын арық малды»,-деген. (Тирмизи, Ахмад).
Осы төрт кемістіктер туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде екендігін айта кетейік. Ғалымдар егер бір көзді мал рұқсат етілмесе, онда соқыр мал тіпті рұқсат етілмейді. Әрі егер ақсақ мал рұқсат етілмесе, онда аяқсыз мал тіпті рұқсат етілмейді дегенді айтады. Егер мал оны сатып алғаннан кейін (жарақаттанып) зақым-кемістік алса, оны құрбандыққа шалса болады.
Әли ибн Әбу Талиб: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге (құрбандық малдарының) көздері мен құлақтарына көңіл бөлуді бұйыратын», - деп айтқан. (Ибн Мәжаһ).
9. Бір мал барлық отбасы мүшелері үшін жеткілікті ме?
Әрбір ауқатты әулет атынан, тіпті ол әулетте жүз адам болса да, бір қой шалынады. Ата ибн Ясар былай деп баяндайды: «Бірде Әбу Айюбтан адамдар: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде Құрбан шалу қалай орындалатын?» , - деп сұрады. Ол: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде адам өзі және өз отбасы мүшелері үшін бір қой құрбан шалатын әрі олар оның етін жейтін және оның бір бөлігін басқаларға тарататын, бірақ кейіннен адамдар осымен мақтанатын болды да, сендер қазір көріп тұрған нәрселер орын алды», - деп жауап берді». (Ибн Мәжаһ, Тирмизи).
10. Бір малды қанша адам бірігіп шала алады?
Жәбирдің сөздерінен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Сиыр жеті (адам) атынан Құрбан шалынады, әрі түйе де – жеті (адам) атынан». (Әбу Дауд, ән-Нәсаи). Ал қой-ешкіге келер болсақ, олар тек бір адам атынан құрбан шалынады, өйткені қой мен ешкіні бірнеше адам бірігіп шалды деген ешқандай нұсқау жоқ. Имам ән-Нәуауи: «Қойға келер болсақ, ол тек бір адам атынан құрбандыққа шалына алады», - деген болатын.
11. Құрбандық малы қалай сойылады?
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім құрбан шалу кезінде рақымшылдық танытса, соған Қиямет күні Алла Өзінің рақымын танытады», - деген. (Бұхари).
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла барлық нәрсені жақсылап орындауды бұйырды, әрі егер өлтіру тура келіп жатса, жақсы тәсілмен өлтіріңдер және мал бауыздаған кезде де, оны ең жақсы үлгіде істеңдер. Әрі сендердің әрқайсың өз пышағын дұрыстап қайрап алсын және малды қиналудан құтқарсын», - деген. (Муслим)
Ибн ‘Аббас (р.а) былай деген: «Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне қарап жатқан қойдың тұмсығына аяғын қойып, пышағын қайрап тұрған адамның жанынан өтіп бара жатты. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамнан: «Сен неге оның жамбасын жерге тигізбей тұрып пышағыңды қайрап алмадың? Оны екі рет өлтірмексің бе?!» - деп сұрады». (Табарани).
Имам Ахмад «Малды бауыздар орнына жұмсақтықпен және олардан пышақты жасырып алып бару керек, әрі оны тек бауыздар кезде ғана шығару керек», - дейді.
Ал имам ан-Нәуауи «Бір малды басқасының көз алдында бауыздамау керек»,-деген.
Айта кетейік, құрбандықты жақсылап орындау деген малдың тамағы мен мойын тамырларын тез кесу дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, Жәбирден: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбан шалған кезде, жануарды Қағба жаққа қаратты», - деп хабарланады. (Әбу Дәуіт).
12. Мерекелі құрбандықты әркім өзі шалу керек пе?
Сүннет бойынша құрбанды әркім өзі шалуы керек. Әнас ибн Мәлик: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мерекелі құрбан шалуды өз қолымен орындайтын»,- деп баяндайды. (Ахмад). Удхияны басқа біреуге тапсырудың (осы малдың иесі үшін шалуға) рұқсат етілгендігіне қатысты келіспеушіліктер жоқ. Алайда малды бауыздайтын адам мұсылмандардан болуға тиіс. Ибн Аббас: «Сенің Удхияңды мұсылманнан басқа ешкім шалмауы керек!», - деген екен.
13. Құрбандық шаларда айтылатын арнайы зікірлер бар ма?
Басқа біреудің атынан құрбандық малын шалу тапсырылған кісі оны малдың иесінің атынан: «Бисмилләһ, уа Алла, (мұны) пәленнен қабыл ет», - деп бауыздауы керек. Бірақ біреудің Құрбандығын бауыздаушы адам оны өз атынан шалса да, ол мал иесіне ғана жазылады.
Құрбандық малын шалудан бұрын Алланың атын айту керек. Алла Тағала Құранда: «Оларды тұрғызып қойып, үстінен Алланың атын айтыңдар»,-деп бұйырады. («Хаж» сүресі, 36).
Сүннетке сәйкес құрбан шаларда: «Бисми-Лләһ, уа-Ллаһу Әкбар. Аллаһумма тақаббәл-минни» - деп айту керек. (Муслим).
(Мағынасы: «Алланың атымен әрі Алла Ұлы! Уа, Алла, ақиқатында, бұл Сенен және Саған! Уа, Алла менен қабыл ет!»).
14. Құрбандық малының етін сатуға бола ма?
Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) былай баяндаған: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған құрбандық малдарын бақылауды және олардың етін, терілерін және (түйе) жабуларын садақа ретінде таратуды әрі қасапшыларға мал бауыздағаны үшін (бұлардан) еш нәрсе бермеуді бұйырды. Ол: «Біз оларға өзімізде барымыздан бір нәрсе берерміз», - деді». (Муслим).
15. Өз малымның етінен дәм татуға бола ма?
Құрбан шалуды ниет еткен адам сүннетке сәйкес, сол күні өзі құрбан шалған малдың етінен дәм татпайынша, мүмкіндігінше еш нәрсе жемеуі абзал. Бурайда: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза Айт намазына тамақтанбастан шықпайтын, ал Құрбан Айт намазына шығар алдында одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін», - деп баяндаған. (Тирмизи, Ибн Мәжаһ). Табарани: «Әрбір адам өз құрбандығының етінен дәм татсын!», - деген хадисті келтіреді.
16. Құрбандық малының етін қалайша дұрыс үлестіру керек?
Аса Құдіретті Алла Тағала былай деген: «Сонда қашан олардың жамбастары жерге тисе (жаны шықса), жеңдер де, мұқтажға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер». («әл-Хаж» сүресі, 36).
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбандық малына қатысты: «Жеңдер, жегізіңдер әрі қамданыңдар», - деген. (Бұхари).
Ал құрбандық малының етін бөлудің ең жақсы үлгісі – бұл Ибн Аббастан (р.а) жеткізілетін мына хадис: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Еттің үштен бір бөлігін өзіңе қалдыру керек, үштен бір бөлігін қонақтарға жегізу керек, ал тағы үштен бір бөлігін мұқтаждарға тарату керек».
Алла баршамызға қабыл болатын амал жасауды нәсіп етсін!