Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.
Құрбан шалу үкімі.
Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп амал деп белгіленген. Оның дәлелі: Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті»,– деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет» жолы деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.
Құрбан шалу кімдерге міндет?
Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.
- Мұсылман болу;
- Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
- Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес;
Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Құрбан қай уақыттан бастап шалынуы тиіс?
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзірлі себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Аллаһтың Елшісі (с.а.у): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес.»,- деп хабар берген. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», — деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа саналмайтынын ескертеді.
Сахабалар Расулімізге (с.а.у): - Уа, Аллаһтың Елшісі,құрбандық деген не?-деп сұрақ қойды.
- Құрбандық-сендердің Ибраһим (а.с.)бабаларыңның сүннеті,-деді.
- Одан бізге қандай сауап бар?
- Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
- Қойдың жүнінен ше?
- Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».(Ибну Мажә, Сәуәбул-адахи,3118).
Шындығында, Аллаһ Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміз Аллаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз.
Бұл шындықты құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де қандары да Аллаһ Тағалаға жетпейді. Бірақ оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».
Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүние-қоңыздық секілді жағымсыз қасиеттері бар адам нәпсісі құрбан айтта тек қана Аллаһ Тағаланың ризашылығын ойлайды. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Дүниежүзінде жыл сайын миллиондаған мал сойылып жатады. Бірақ сол сойылған малдың еттері кедей-кепшіктердің бәріне жете бермейді. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жағдайы ойластырылады. Ең болмаса бір тойдырып, олардың жүзіне шаттық сыйлайды.
Келе жатқан қасиетті Құрбан айт мүбәрак болсын. Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз исламға күш-қуат берсін. Еліміздегі әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!
Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болғай. Әмин!
Ақсу аудандық мешітінің баспасөз қызметі.