https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Исламдағы ауыр күнә адам өлтіру

24 Aug 2016 0 comment Оқылды: 5493 рет

 

Адам өлтіру, сонау Адам ата жаратылғаннан бері, орын теуіп келеді. Адам атаның (аләйһиссәләм) тұңғыш ұлы Қабыл болатын. Сонда Қабыл інісі Абылды себепсізден себепсіз өлімге қиды. Кейбір деректерде бұл оқиғаның үйлену себебінен шыққандығы айтылады. Мінеки, осы қисынсыз оқиға жер бетіндегі ең алғашқы қан төгу болып саналады. Ислам дінінде әрбір адамзат баласы өмірге келгеннен кейін өмір сүру құқығына ие. Бұл құқықты адамзатқа Аллаһ Тағала берген. Адамзатты бұл құқықтан айыруға ешкімнің хақысы да жоқ. Адамөлтіру - барлық дінде үлкен күнә. Осыған қарамастан қазіргі таңда жаңалықтардан естіп көретініміз «өз-өзін жарып жіберді», «өлтірлді» деген суыт хабар. Бүгін қарулы белгісіз топтар келіп бейбіт елді қырып салды деген жағымсыз хабарды естігенде, адамдар тас жүрек болғаны ма?!, - деп жағаңды ұстайсың. 

Жарайды, өзге ұлт, өзге дін өкілі істеп жатса, иманның ләззатын сезбеді ғой, Алланың асқан мейірімділігінен бейхабар дейсің ғой, бірақ өзіңнің қандас, діндес аға-бауырың осындайға барып жатқанда аузыңа құм құйылмай қайтсін...

Қазір енді намаз оқып, ата-баба дінін ұстанған жастарға үрке қарайтын болды орта буын өкілдері. Қайтсін... Өсіріп, жетілдірген баласы біреудің қанын судай ағызып, әулетіне қара таңба болғанын қай ата-ана қаласын... Әлбетте, ислам ешқашан мұны құптамайды. Ислам – бейбітшілік діні. Ислам атын жамылған баскесерлердің әрекетіне не істерсің?!Қолына қару асынып, ойланбастан мұсылман бауырларына, бейбіт тұрғындарға қарай оқ жаудырып, артынан өзі атылып кете баратындарға немесе басқалардың айтуымен сол жолды әке-шешесінен, Отанынан артық көріп, бет бұрғысы келіп жүргендерге бәлкім Құран аяттары мен адам тұрсын жан екеш жәндікті ренжітпеген ардақты пайғамбарымыздың сөздері райынан қайтарар, сабақ болар. Ақыл-парасатқа және әділдікке ие әрбір адам кез-келген халықта және кез-келген заманда зорлық-зомбырлық пен лаңкестікті таратуда көрініс табатын жазықсыз адам өлтіру мен қиянатшылдықтың ауыр әрі жиіркенішті күнәАлла тағаланың алдындағы хақ дін – Исламның да, Пайғамбарымыздың  және оның сахабалары мен мұсылмандардың ізгі алғашқы ұрпақтарының да мұндай іс-әрекеттерге ешқандай қатысы жоқ. Өйткені Алланың әлемдер үшін мейірім ретінде жіберген Пайғамбары Мұхаммед алып келген шариғат адамның дінін, өмірін, ақылын, тегін, мал-мүлкін қорғау үшін түсірілген, әрі бұл нәрселер Исламда қол сұғылмас құндылықтар болып табылады. Бейбіт тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне қарсы бағытталған жексұрын қылмыстарды жасап жүргендер, олар өздерін кім деп атаса да, асыл дініміздің оларға ешқандай қатысы жоқ бұзақылар, қылмыскерлер, қарақшылар болып табылады. Алла тағаланың шариғаты мұсылмандарды қасақана өлтіруге қандай қарайтынын білуі үшін, төменде осы туралы Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің сөздерін келтіреміз:

Алла тағала қақысыз қасақана өлтіру туралы:

«Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы  — ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ Алла оған ызаланады, лағынеттейді және зор қинау әзірлеп қояды»,— деді (ән-Ниса 4: 93).

«Олар Алламен бірге басқа құдайларға жалбарынбайды. Алла өлтірілуін харам еткен кісіні, оған құқы болмаса, өлтірмейді және зина жасамайды»(әл-Фурқан 25: 68-70).

«Және де заңды болғаннан өзге Алла харам еткен жанды өлтірмеңдер». (әл-Әнғам, 6: 151). Ал өзінің қоштасу қажылығының барысында адамдарға құтпа айтып, ол онда тағы бір рет мұсылмандардың қанының, мал-мүлкінің және ар-намысының ұлықтығына нұсқап, оларды  (сол) орын мен уақыттың ұлықтығымен салыстырды. Әбу Бәкір, Алла оған разы болсын, былай деп баяндайтын: “Құрбан Айт күні  Пайғамбар бізге құтпа айтты да, соңынан: «Ал сендер бүгін қандай күн екенін білесіңдер ме?» — деп сұрады. Біз: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», — деп жауап бердік, ал ол үнсіз тұрып қалды, және біз оны өзгеше атайды ма деп ойлап қалдық. Бірақ ол: «Бұл — Құрбан Айт күні емес пе?» — деді. Біз: “Иә”, — деп жауап бердік. Кейін ол: «Ал бұл  қандай ай?» — деп сұрады.  Біз: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», — дедік. Ал ол үнсіз тұрып қалды және біз оны басқаша атайды ма деп ойлап қалдық, бірақ ол:  «Бұл — зул-хижжа емес пе?» — деді.  Біз: “Иә”, — деп жауап бердік. Сонда ол былай деді: «Ақиқатында, сендердің араларыңдағы қарым-қатынастарың — сендер үшін осы қалаларыңдағы, осы айларыңдағы осы күндерің қандай қасиетті болып табылса – қандарың да, мал-мүліктерің де және ар-намыстарың да сондай қасиетті болатындай болуы керек! Осындағылар мұны осында жоқтарға хабарласын. Өйткені, ақиқатында, осындағы  адам бұл жөнінде осыны өзінен жақсы түсінетін адамға жеткізуі мүмкін»”. Әл-Бухари 1741.

Абдулла ибн Омардың, Алла оған және оның әкесіне разы болсын, сөздерінен жеткен хадисте  Пайғамбар былай деді: «Бізге қару көтерген – бізден емес». Әл-Бухари 6874, Муслим 161. Бұл сөздер өзіне қорқытуды қамтыған және оны істеген адам «бізден емес» деп айтылған күнәның дәрежесінің ауырлығына нұсқайды.  “Фатхул-Бари” 3/158, “Фәйдул-Қадир” 2/431.

Хазіреті Пайғамбардың осы нәрселерді ерекше атап өтуі адам баласының өмірінің қорғалуының маңызды екендігін нық білдірген. Ислам дінінде тіпті соғыс кезінде болса да, мұсылман әскерлері дұшпанды өлтіруге құқығы өте шектеулі. Әйел, бала-шаға дінбасы және қарт кісілер секілді соғысқа қатыспағандардың өлтірілуіне тыйым салынған. Соғыста тұтқындалған тұтқындардың амандығын сақтаған. Әдейілеп адам өлтірген қылмыскер дінде пасық болып саналған.

Қорыта келгенде мына жалған өмірде қызбалыққа салынып, жазықсыз біреудің құқығына қол сұғудан сақтанып, «біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деп дана халқымыз айтқандай, кісі өлтіруден абай болып, әрі Алла тағаладан олардың жамандығынан біздің елімізді де, барша мұсылмандарды да қорғауын сұраймыз.

Талдықорған өңірі

Еркін мешітінің бас имамы

Медетбеков Аман Айтбосынұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз