https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Құранның әр-бір әріпі сауап

19 Aug 2016 0 comment Оқылды: 3591 рет

 

Адамзатты махаббатпен жаратып, әрі осынау сансыз нығметке толы ғаламды оның игілігіне сыйлаған және сол адам баласын Өзіне дұрыс құлшылық қылсын деп, оларға өз тарапынан пайғамбарлар жіберіп, тура жол көрсеткен Жаббар иеміз Алла Тағалаға сансыз мадақтар мен мақтаулар, сансыз шүкірлер  болғай. Оның ардақты елшісі, пайғамбарлар сұлтаны, екі дүние сардары Мухаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарға және оны махаббатпен сүйген, оның пайғамбарлық қызметінің мүлтіксіз болуына аямай қызмет еткен сахабаларына, оның пәк отбасысы мен ақылды қыздарына сан мәрте сәлем жолдап, салауаттар арнаймыз.

Алла Тағала адамзат баласына иман  етуді бұйырды. Сондай-ақ Раббысын тану үшін Құран мен сүннетті берді. Ал Құран мен Сүннетті танып білу үшін, құран мен сүннетті түсіндірген ғалымдарды танып, олардың түсіндірмесін оқу арқылы түсінеміз. Құранда Алла Тағала «Білмегендеріңді білім иелерінен сұраңдар» деп айқындап кеткен. Сол себепті біз бұл тақрыбмыз да мұсылмандарға бұл дүниеде де ақыретте де дәлел болатын Құранның әр әрпін оқудың артықшылығын айтпақпыз. Құран Кәрімде Алла Тағала:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ

«Шындығында Зікірді (Құранды) біз түсірдік және оны біз қорғаушымыз» [1].

Алла бізге құранды түсірді тура жолды ұстану үшін және туралықта болу үшін. Сондай-ақ қиямет күніне дейін сақтайтынын атап кеткен. Демек Алланың сөзі еш уақытта өзгермейді. Өмірде қаншама жандардың жүректері тыныштық таба алмай, қаражатын түрлі мамандардан кеңес алуға жұмсап жүр. Жүректі тыныштандырып қана қоймай, нұрландыратын, адамды шынайы бақытқа жетелейтін Жаратушының сөзін білмейтіні анық. Біз оны оқумен сауап аламыз.

Құран оқудың артықшылығы мен Құранды оқыған адамның дәрежесі көтерілетіндігі жайлы Пайғамбарымыздың хадистері жетерлік.  Мысалы:

اقْرَؤوا الْقُرْآنَ فَإِنَّهُ يَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ شَافِعًا لأَصْحَابِهِ

«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болып келеді»[2],- дейді ардақты Елші өз хадисінде. Сондай-ақ:

الَّذِي يَقْرَأُ الْقُرْآنَ وَهُوَ مَاهِرٌ بِهِ مَعَ السَّفْرَةِ الْكِرَامِ الْبَرَرَةِ، وَالَّذِي يَقْرَأُهُ وَهُوَ يَشْتَدُّ عَلَيْهِ فَلَهُ أَجْرَانَ

«Құранды шебер оқушы адам Алла Тағаланың әмiрiне бойсұнған періштелермен бiрге болады. Ал Құранды қиналып және кiдiрiп оқығанға екi есе артық сауап берiледi»[3],- деп Құранды шеберлікпен оқитындармен қатар, қиналып ежелеп оқитындарды да қатар сүйіншілейді.

Әбу Зарр (р.а) айтады:

«قُلْتُ يَارَسُولَ اللهِ أَوْصِنِي قَالَ عَلَيْكَ بِتَقْوَى اللهِ فَإِنَّهُ رَأْسُ الأَمْرِ كُلِّهِ قُلْتُ يَارَسُولَ اللهِ زِدْنِي قَالَ عَلَيْكَ بِتِلاَوَةِ الْقُرْآنِ فَإِنَّهُ نُورٌ لَكَ فِي الأَرْضِ وَذُخْرٌ لَكَ فِي السَّمَآءِ»

«Мен: «Я, Расулуллаһ (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)! Маған насихат айтыңыз»,-деп өтінгенімде, Ол: «Тақуа бол! Себебі, тақуалық барлық игі істің негізі»,-деді. Сонда мен: «Я, Расулуллаһ (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)! Маған тағы насихат айтыңыз»,-деп өтінгенімде, Ол: «Әрдайым Құран оқы. Себебі ол сен үшін жер бетіндегі нұр, Ақыреттегі азығың»,-деді».[4]

Ибн Масғуд (р.а) жеткізген хадисте:

«مَنْ قَرَأَ حَرْفاً مِنْ كِتَابِ اللهِ فَلَهُ حَسَنَةٌ، وَالْحَسَنَةُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا، لاَ أَقُولُ ألـم حَرْفٌ، وَلَكِنْ أَلِفٌ حَرْفٌ، وَلاَمٌ حَرْفٌ، وَمِيمٌ حَرْفٌ»

«Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Құранның бір әрпін оқығанға он сауапқа тең келер бір жақсылық жазылады. Әлиф. Ләм, мимді бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, сондай – ақ мим мимде өз алдына бір әріп», - деп айтты», - деген[5].

Қасиетті Құранда 6236 аят бар, ал кей ғалымдар әртүрлі айтқан. Мысалы Ибн Аббас Құранда 6616 аят, Нафи 6217, Шәйбә 6214, Мысыр ғалымдары 6226. Бүгінгі күні басылып жатқан Құран кітаптарының барлығында 6236 аят бар. Демек осыншама аят бар, ал аят сөздерден, сөздер әріптерден тұрады. Сол әріптердің әр-бірін оқысақ бір сауаптан аламыз. Бұл біз үшін берілген ұлкен нығмет. Кәзіргі таңда адамдар құран оқы десе қате оқыймын деп сылтауратады, шын мәнінде қиналып қате оқыса шынайы ықыласымен Алла Тағала әлбетте сауаптан жазады.

Сондықтан біз осыншама аяттарды оқысақ сауабы еселеніп жазылады хадисте айтылғандай. Алла баршамыздың құранды оқып, оны жаттауымызды нәсіп етсін.

  1. «Хижр» сүресі, 9-аят.
  2. (Муслим, салатүл-мусафирин 252).
  3. (Бұхари, таухид 52).(Тирмизи, фадайлул-Құран 16)
    1. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)                          Талдықорған қалалық

                                 Нұр мешітінің бас имамы                                        

Данағұлов Алмас

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз