Әр – бір дүниеге келген пендеге Аллаға құлшылық жасау парыз. Парыз етілген құлшылықтың бірі намаз. Ал намаз туралы барша мұсылманның жалпы мағлуматы бар, бірақ оның ішіндегі шарттарын білмей де түсінбей жатады. Біз бес парыздың бірі намаздың шарттарына тоқталмақпыз.
Намаздың шарты дегеніміз – намазды бастаудан алдын намаз оқушыға қойылатын міндеттер. Егерде намаз оқушы осы міндеттердің біреуін (еш себепсіз) орындамай намаз оқыса, Халық арасында намаздың сыртқы шарттары деп аталады.
Намаздың шарттары алтау:
1. Уақыттың кіруі.
2. Кіші және үлкен дәретсіздіктен тазару.
3. Киімнің, дененің, орынның нәжістің барлық түрінен таза болуы.
4. Әуреттің жабылуы.
5. Құбылаға бағытталу.
6. Ниет.
1. Уақыттың кіруі. Намаз уақытының кіруімен мұсылманға сол намазды оқу міндеттеледі. Бұл жайында Құран Кәрім де Алла Тағала: «Расында, намаз мүиндерге белгілі уақыттарымен парыз етілді»[1], – деген.
Намаздың дұрыстығы үшін – уақыттың кіргенін нақты білу шарт. Казіргі таңда байланыс желілерінде көрсетілген намаз уақыттарына қарап оқыса болады. Ол кестелерде намаздың кіретін уақытымен шығатын уақыты жазылған.
2. Кіші және үлкен дәретсіздік түрлерінен (жүніп, етеккір және нифас күйлерінен) тазару. Дәреті жоқ адам мүлдем намаз оқи алмайды. Сондықтан намазға кіру үшін дәретті болу парыз.
Тазару рәсімі кіші дәретсіздіктен дәрет алу, бойдәретсіздіктен ғұсыл құйыну арқылы, ал су табылмаған жағдайда таяммум арқылы орындалады. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Ей, иман келтіргендер! Намазға тұрар кездеріңде беттеріңді және қолдарыңды шынтақтарға дейін жуыңдар, бастарыңа мәсх тартыңдар және аяқтарыңды тобықтарға дейін! Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар! Егерде науқас не сапарда болсаңдар, не біреулерің іш босатып келсе, не әйелдеріңе жанассаңдар, сөйтіп сәтінде су таппаған болсаңдар, таза жер қыртысына таяммум алыңдар да беттеріңе және қолдарыңа мәсх тартыңдар!»[2], – деген. Сонымен қатар Алланың елшісі : «Тазалықсыз намаз қабыл етілмейді»[3], – деп айтқан. Яғни дәретсіз не ғұсылсыз деген мағыналарды білідіреді. Әбу Ханифаның көзқарасында намаз соңғы уақытына дейін кешіктіреді. Ал кімде – кім әдейі дәретсіз намаз оқыса діннен шығады.
3. Нәжістің барлық түрінен таза болуы.
Оған Құранның: «Және киіміңді тазала!», – деген аяты дәлел. Бұл аяттағы киімді тиген нәжістен тазарту бұйрығы намазға тұрарда дененің де, намаз оқылатын орынның да нәжіс түрлерінен таза болуын да қамтиды.
4. Әуреттің жабылуы. Ислам мұсылман ерге де, әйелге де, мейлі намазда болсын, мейлі намаздан тыс болсын, әуреттерін жауып жүруін парыз етті. Алла тағала Құран Кәрімде: «Ей, Адам балалары! Әр мешіт үшін зейнеттеніңдер!» [4], – деген. Бұл аяттағы «мешіт» сөзі намазды да қамтып, әр намаз үшін киініңдер деген мағынаны білдіреді.
Ер кісінің әуреті
Ер кісінің әуретіне кіндік пен тізе аралығы жатады. Алла елшісі : «Сендердің біреулерің құлын не даяшысын үйлендірсе, оның әуретінің еш жеріне қарамасын! Расында, кіндігінен төмені тізелеріне дейін әуреті саналады», дегенін есіткен.
Әйел кісінің әуреті
Әйел кісінің әуретіне қатысты Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Ей, Пайғамбар!) Иман келтірген әйелдерге айт, көздерін төмен қаратсын және жыныс мүшелерін сақтасын! Сондай-ақ көрінуге болатынынан басқа зейнеттерін сырт көзге ашпасын. Әрі көйлек омырауындағы ойықтарына кимешек-жаулықтарын жапсын!», – деген.
Ибн Омар мен Ибн Аббас (Аллаһ оларға разы болсын) аяттағы «көрінуге болатынынан» деген сөзді бет және екі қолдың бастары, – деп түсіндірген.
Әйел кісінің бетіне қажеттілік тумаса, шәһуаттық сезіммен үңіле қарауға шариғатта тыйым салынады.
Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің : «Алла етеккірі келіп бастаған қыздың намазын кимешек-жаулықсыз қабыл етпейді» деп айтты деген.
Асма бин Әбу Бәкр (Алла оларға разы болсын) Алланың елшісіне келген кезде үстінде жұқа киім болған еді. Алла елшісі бірден теріс қарап: «Ей, Асма, расында, етеккір келетін жасқа толған әйел затының мына және мына жерінен басқа денесінің көрінуі дұрыс болмайды», – деп беті мен екі қол білезігін көрсеткен деген.
Демек ер мен әйел осы айтылған әуретті жерлерін намазда жабуы міндетті.
5. Құбылаға бағытталу.
Намазды Құбылаға қарай бет бұрыу, Мекке және Мәдина дәуiрiнiң алғашқы кездерiнде мұсылмандардың Құбыласы Иерусалимдегi Мәсжидул-Ақса болған. Пайғамбарымыз да алғашында сол Ақса мешіітіне қарап намаз оқитын және сол тұстағы мұсылмандарда. Әр дайым дұға тілеп құбыланы Меккедегі Харам Мешітіне ауыстыруын сұрайтын. Мәдина кезеңінде түскен мына төмендегі аятқа байланысты Меккедегi Қағбаға ауыстырылған. Алла Тағала: «Ендi жүзiңдi Мәсжидул-Харам жаққа бұр. (Мүминдер) қай жерде болсаңдар да жүздерiңдi сол жаққа жөнелтiңдер» [4]- деп бұйырады.
Қағба тек Меккедегi ғимарат қана емес, сол ғимараттың орны, айналасы да. Расында, бұл қасиеттi жердiң көктерге дейiн үстiңгi жағы және топырақтың тереңдiктерiне дейiн астыңғы жағы болып саналады. Сондықтан Қағбаның жанында, айналасында немесе iшiнде болған адамдар қалаған жағына қарап намаз оқи алады. Жамағатпен намаз оқығанда имамның алдына шықпау үшін адамдар намазды Қағбаның айналасында қатарласып, шеңбер болып тұрып оқиды.
Құбыладан басқа жаққа қарай бет бұрып оқылған парыз, нәпіл немесе жаназа намазы мен тиләуат сәждесiнiң ешқайсысы дұрыс болмайды. Намаз оқығанда Құбыладан басқа жаққа ешбір себепсiз, әдейі бет бұру күпiрлiк болып табылады.
Қасиеттi Қағбадан қашық тұратындардың дәл Қағбаға қарай бет бұрып намаз оқулары парыз емес, тек Қағба тұрған жақа қарай жүзін бұруы парыз болады.
Мұсылмандардың бұлайша барлық намазда жер жүзiндегi ең ертеден келе жатқан және ең қасиеттi құлшылық орны — Қағбаға қарай бет бұруы араларындағы бiрлiктiң, тәртiптiң, ынтымақтастықтың нышаны іспеттес.
6. Ниет.
Ниет ету — намаз шарттарының бiрi. Ниет бекiну нақты бiр қалаумен болады. Жүректiң бiр нәрсеге шешiм беруi, бiр iстiң не үшiн жасалатынын ойланбастан бiлуi деген сөз. Термин ретiнде ниет — Аллаға жақындау мақсатымен ғибадат жасауды жүрекпен қалау. Намазға ниет ету — Алла Тағаланың ризалығы үшiн шын ықыласымен намаз оқуды қалау әрі қай намаздың оқылатындығын бiлу.
Құлшылық ғибадатта тек Алла ризалығы үшiн ғана жасауды ойлау.
Намазда ниеттiң парыз екендiгi жайлы Ислам ғалымдары ортақ пiкiрге келген. Құран Кәрімде Алла тағала «Олар шын мәнiнде дiндi өздерiне тән деп бiлiп, Аллаға ғибадат етуге әмiр етiлдi»[5] Сондай – ақ мына хадистен барлық амал-әрекеттердiң ниетке байланысты екендiгiн көремiз. Омар ибн әл-Хаттаб (р.ә): «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Амалдар тек ниетке байланысты бағаланады. Әркімге ниетіне қарай беріледі. Кімде-кімнің Һижрасы Алла және Оның елшісі үшін болса, оның Һижрасы Алла және елшісі үшін, ал енді кімде-кімнің Һижрасы дүние немесе әйелге үйлену мақсатында болса, онда оның Һижрасы сол үшін болады», -дегенін естідім», -деген.
Ниет шын жүректен болуы, жасалатын ғибадат шын ықылас-ниетпен жасалуы тиіс. Амал, іс-әрекетте ең алдымен Алла Тағаланың ризалығы көзделуi қажет.
Ниет пен тәкбiр арасына намазға қайшы келетiн бiр нәрсе кiрместен ниеттiң намазға жалғасуы керек. Бұлар намазда iстеуге болмайтын ішiп-жеу және сөйлесу сияқты нәрселер. Бiрақ арада дәрет алу, мешiтке бару сияқты намазбен байланысты бiр нәрсе болса оның зияны жоқ. Бiреу намазға ниет етiп, кейiн дәрет алса немесе мешiтке барса және мешiтте тәкбiр алып имамға ұйыса, бiрақ жаңадан ниет етпесе, араға намазға қайшы келетін іс-қимыл кiрмегендiктен бұрынғы ниетi жеткiлiктi болады. Намаз кезiнде дәретi бұзылған адамның дәрет алып үлгерген жерiнен намазды жалғастыруы да осындай.
Адам жалғыз өзi намаз оқыса парыз немесе уәжiп екендiгiн айтады. Егер нәпiл намаз болса, намазға ниет етуi жеткiлiктi. Бұл адам намаз оқып жатқанда имамға ұюға ниет етiп тiлiмен жаңадан тәкбiр алса алдыңғы намазы бұзылған, ал өзi имамға ұйыған болады.
Бiр имамның ерлер жамағатына имам болуы үшiн ниет етуi шарт емес. Бiрақ имам болған адамның әйелдерге имамдық етуге ниет етуi шарт. Егер имам әйелдерге имам болуға ниет етпеген жағдайда әйелдердiң мұндай бiр имамға ұюлары дұрыс болмайды. Егер бiр имам: «Мен маған ұйығандарға имаммын» деп ниет етсе, онда оған әйелдер де ұйый алады.
Сондықтан әрбір адам намаздың сыртқы шарттарын толық білмесе, оның намазы дұрыс болып саналмайды. Біз тек намаздаң сыртқы шарттарын айттық ал намаздың ішкі шарттарыда бар, бұл шарттардың бәрін анықтап айқындап біліп жүруміз керек.
1), «ан-Ниса» сүресі: 103
2 «ал-Маида» сүресі: 6
3 «Сахих Муслим»: 1/204.
4 «ал-Ағраф» сүресі: 31
5 (Әл-Бақара сүресі, 144-аят)
6 (Әл-Бәййнәһ сүресі, 5-аят)
Талдықорған қалалық
Нұр мешітінің бас имамы Данағұлов Алмас