https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Рух байлығы

21 Jun 2016 0 comment Оқылды: 1652 рет

Бүгінгі ғылыммен өркениет дамыған заманда адамдар ненің жақсы ненің жаман екенін нақты ажырата алады. Өкінішке орай жақсы істерді білгенімізбен ол істеріміз бойымыздан көрініс таппай, керісінше біле тұра күнәлі істерге әуес болып тұрамыз. Әсіресе, адам сыйлау, ар-ұят сынды құндылықтарымыздың орынын  дүние қоңыздықпен пендешіліктің батпағына былғап жатқандай көрінеді. Мысалы адамдық құндылығымыздың көрінісі «Таспен ұрғанды аспен ұр»,- болса, яғни жамандыққа жақсылықпен жауап қайтару адамдықтың биік шыңы деп білгенімізбен алайда, сондай жағдайға тап болсақ, жаманшылыққа жақсылық жасау былай тұрсын тіпті кешіреде алмай жатамыз.

Біреудің  ақысын жеудің арам екенін білсекте, ақшаны көрген кезде бәрін ұмытып, қайтсе қолға түсірудің қамын ойлап әртүрлі қиянатқа барып қоямыз. Басқаны жамандамау керектігін түсіне тұра жамандап, ғайбатқада көбірек жол беріп қоямыз. Дүниеден биік тұрып, пендешілік қылмай Алланың алдында таза, екі дүниеде беделді, арлы болып өмір сүрудің үлкен жетістік екеніне көзіміз жеткенімен, алғыс емес көбіне қиянатқа барып қарғыс арқалап жататынымызда рас. Арақтың арам, темекінің зиян әрі күәлі іс екенін білмейтін адам жоқ. Бірақ нәпсіқұмарлығы жеңіп, қоя алмай жатады. Керісінше, ілім алып, ізгілікке ұмтылып, еңбек еткен адамның жақсылыққа жететінін  біліп тұрсақта, немқұрайлылық танытып, жалқауланамыз. Тіпті үлкен-үлкен қызметкер, оқыған зиялы ағаларымыздың да қарапайым істе нәпсісін жеңе алмай пара алу сияқты істерде қара басының қамын ғана ойлап, күнәлі іске баруы неден екен?

Өмірдегі бұндай келеңсіздіктердің бәрі білмсіздіктен немесе ақылсыздықтан емес, бәлкіде рухани байлықтың яғни имандылықтың төмендігінен екені белгілі.

Адамды рухани байытып отыру керектігін де әрқайссымыз жақсы білеміз. Мәселен, өнер саласындағы адамдар ән-күй, би, кино тағы сол сияқты өнер арқылы адамды рухани байыту керек десе, енді бірі әдебиет, жыр дастандар жаттату, сурет, қол өнер тәрізді жолдармен руханиятымызды байыту керек деген сияқты әртүрлі пікірлер білдіріп жатады. Дұрыс, оның да руханиятқа тигізер пайдасы барда шығар. Бірақ сол салада жүріп ішкі сезімінен биік тұра біліп, ақиқат пен ізгіліктің және де өзін жарқын болашақтың құрбаны етіп жатқан адамдарды аз кезіктіресің.

Ондай болса, ішкі сезіммен тікелей айналысатын сала ол – Ислам діні. Өйткені Құдайға сенген пенде Жаратушы Иеміздің оның не ойлап тұрғанына дейін анық біліп, бақылап тұрушы екеніне күмән келтірмейді. Алла Тағала пенделерінің жағыдайын жақсырақ біледі. Қас қағым сәтте өте шығатын мына өмірде адамилық биік дәрежеде өмір сүруін қалайды.

Адамдық құндылықтарды және сананы таза сақтағанда ғана адам биік деңгейге көтеріле алады. Ол үшін адам бүкіл күнә атаулыдан аулақ болмақ ләзім.

Міне, осы тұста адам өзінің жаманшылық атаулыға қарсы тұрып, жеңе білу үшін оған ең үлкен тіреу құлшылықтар болып табылады. Құлшылық қылу біріншіден Алланың сүйіктісіне айналдырса, екіншіден адамды тез арада рухани байытып, өзінің жаманшылығына қарсы төтеп бере алатындай күш-қуат береді. Бір ғана ораза құлшылығын мысалға келтірер болсақ, ораза ұстаған адам күндіз ішіп-жеуден, өзінің адал жарына қосылудан тыйылады. Ол пенде Алланың адал ырыздықтарынан өзін тежей білсе, онда күнәлі істерден аулақ болуға тіптен күші жетеді. Ал ораза тек ішіп-жеуден ғана тыйылу емес екені баршамызға белгілі. Ондай болса, ораза ұстаған пенде ұрсысудан, жанжалдасудан және басқаға қиянат болатын кез-келген істерден барлық дене мүшелерін тыйа білуі міндет. Бұларданда жоғарғысы ораза тұтқан пенде басқа біреу туралы жаман ойламау, көре алмаушылық қылмау, адамдарды алаламау сынды ішкі жан дүниеде болатын сезімдерді жеңе білгенде оның оразасы кәміл болады. Міне, осылайша ораза құлшылығы адамды тез арада рухани байытып, адамдықтың биік деңгейіне көтереді және ол адам өзінің іс-әрекеттерімен ішкі сезімдерін иманмен ақылға жеңгізе біледі.

Негізінде кез-келген ізгілікке қол жеткізуді қалаған адам ең әуелі өзінің ішкі сезімдерін жеңе білуі керек.  Өзімен-өзі күресу дегенге жеңіл ғана мысал келтіретін болсақ, пайғамбарымыз: (с.ғ.с) «Өзі үшін жақсы көретін нәрсені дін бауыры үшін жақсы көрмеген адам кәміл мүмин бола алмайды»,-деген хадисін көптеген мұсылмандардың өзі жүзеге асыра алмасы ақиқат. Өзіңе қалаған әрбір нәрсені өзіңнен бұрын басқа адамдарға қалай білу үшін пенде рухани өте бай болуы керек. Бұндай деңгейде өмір сүру үшін  пайғамбарымыз (с.ғ.с) жол көрсетіп, рамазан айларындағы соңғы күндері мешітте ихтикафта болған. Пенде мешітте өзінің Раббысымен тікелей байланыста болып, Онымен сырласуы, өзінің бойындағы кем-кетігін Алла Тағалаға айтып жәрдем сұрауы, жеке қалып бірнеше күн жан-жақты ойланып толғануы пендені кәмілдендіріп, рухани толықтырады. Ал күйбің тіршіліктегі сыртқы байланыстар адамды рухани әлсіретеді.  Алла Тағаланың алдындағы таһажуд намазының сауабы өте үлкен болуының бір сырыда осында. Рухани бай болған адам нағыз батыр, еліне-жеріне және дініне риясыз еңбек ете білетін, ізгілікке өмірін арнап, барлық жаманшылықпен күресуге өмірін арнай біледі.

Алла Тағала әрбір отандасымызды рухани бай етуін нәсіп етсін.

ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша

өкіл имамы:                                                                                Серікхан Рымханұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз