Аллаһ Тағала Құранда: «Ей, иманға келгендер! Тақуалық етулерің /Аллаһ Тағаланың жазасынан қорқып, сақтануларың/ үшін, сендерден бұрын өткендерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол мен фурқанның (Ақиқат пен жалғанды ажыратудың) анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген. Сендерден кім бұл айда болса, ораза ұстасын. Ал, кім ауру немесе сапарда болса, есебін /ұстамаған күндерін/ басқа күндерде /толтырсын/. Аллаһ сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды. Әрі санын толтырыңдар және Аллаһты ұлықтаңдар – сендерді тура жолға салғаны үшін және шүкір етулерің /Оның берген игіліктеріне алғыс білдірулерің/ үшін», – деген. («Бақара» сүресі, 183-185-аяттар).
Мінеки, Аллаһ Тағала өзі жаратқан пенделеріне кеңшілік етіп, жеңілдіктер жасап қойыпты. Яғни, мына адамдар парыздан босатылған.
Біріншіден; науқас адам.
Аллаһ Тағала былай деді: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын». («Бақара» сүресі, 185-аят).
Науқас адамға ораза ұстау қиын болса немесе ораза оның ауруынан тез жазылып кетуіне кедергі болса, ол оразасын тоқтатады. «Ораза ұстауды қалдыру үшін аурудың салмағы қандай болуы керек?» деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Кейбір ғалымдар Аллаһ Тағаланың сөзіне сүйеніп: «Ауру атауының барлығына оразаны қалдыруға рұқсат етеді», – деген. Алайда, ол пікірдегі ғалымдар аурудың салмағын сараламады. Егер ауру кішігірім тұмау, аллергия сияқты адамды әлсіретпейтіндей болса, яғни, қиындықтар туғызбаса, онда ол ораза ұстауы тиісті делінген “Сахих фиқһу-Сунна” 2/119 кітабында.
Имам әл-Қуртуби былай деген: “Ауру адамның екі жағдайы болады: біріншісі – ораза ұстауға шамасы болмайтындай жағдай. Мұндай кезде ауызды ашып жіберу міндет болады. Екінші жағдай – науқас адамның қиналып және өзіне ауыр зиян тигеніне қарамай ораза ұстауы. Мұндай жағдайда ол адам үшін ауызды ашу өте құпталады әрі наданнан басқа ешкім мұндай жағдайда ораза ұстамайды!”. (“Тафсир әл-Қуртуби” 2/276).
Ал Имам Ибн Қудама: “Егер науқас адам ауруына қарамастан ораза ұстайтын болса, ол айыпты нәрсе істеген болады. Өйткені, ол өзіне зиян тигізеді және Аллаһ берген жеңілдікті тәрк еткен болады”-деген. (“әл-Муғни” 4/404).
Ибн Умардан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала Өзінің тыйымдарының бұзылуын жек көретініндей, тура сол сияқты Өзінің түсірген жеңілдіктерінің қабылданғанын да жақсы көреді». (Ахмад 2/108, Ибн Хиббан 2742, әл-Қада’и 1078. Хафиз әл-Мунзири, хафиз әл-Хайсами хадистің сахихтығын растаған. “Мәжма’у-з-зауаид” 3/165, “Сахих әт-тарғиб” № 1059)
Екіншіден; сапарда жүрген адам (мусафир)
Аллаһ Тағала: ”Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын”, – деген. («әл-Бақара» сүресі, 185-аят).
Сапардағы адамға үмметтің бірауызды келісілген пікіріне (әл-ижма) сәйкес, аузын ашуға рұқсат етіледі әрі бұл оның ағзасының жағдайына немесе сапардың қиын не жеңіл болуына байланысты емес. Тіпті, оның жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етілген. (“Мәжму’уль-фатауа” 25/210).
Сапарға шыққан адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Бұл жайлы Әнас (оған Аллаһ разы болсын): “Біз Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жиі сапарда болатынбыз әрі ораза ұстаушы адам ораза ұстамаған адамды, ал ораза ұстамаған адам ораза ұстаған адамды сөкпейтін”, – деген. («Әл-Бухари». 1947).
Жолаушы адам үшін ауызды ашқан абзалырақ па, әлде, ораза ұстау жақсырақ па?
Ғалымдар сапарда нені істеген абзалырақ болатындығы жөнінде түрлі пікірлер білдірген. Бұл мәселе бойынша ғалымдардың ең жақсы пікірі – «сапардағы адам өзі үшін не жеңілдеу болса, соны таңдауы керек» деген, яғни: «егер жолаушы үшін ораза ұстау кейін оның қазасын өтеуден жеңілдеу болса, онда оған ораза ұстау жақсырақ болады, ал егер оған жолда ораза ұстау қиынға соқса, онда ол оразасын тоқтатқаны жақсырақ болады», – деген пікір. Бұл ғалымдар Аллаһ Тағаланың: «Аллаһ сендерге жеңілдікті қалайды әрі Ол сендер үшін ауыртпалықтарды қаламайды» – деген сөздеріне сүйене отырып осылай айтқан. («Бақара» сүресі, 185-аят).
Хамда ибн Амра бірде Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сапарда ораза ұстау туралы сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Осыдан өзіңе не жеңілдеу болса, соны істе! Қаласаң – ауызыңды аш, қаласаң – ораза ұста!», – деп жауап берді. (“әл-Фәуаидте”, 1/161). Ғалымдар хадисті сахих деп бағалаған.
Үшіншіден; кәрі адам
Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын): “Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ, жіберілген әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға бұйырылды”, – деген. (Әл-Бухари, 7/179. Әд-Дарақутни, 2/205).
Бұл жазылып кетуге үміттенбейтін науқастарға да қатысты. Себебі, Имам Ибн Қудама бұл турасында: “Жазылып кетуге үміті жоқ науқас ораза ұстамайды және әрбір (ораза ұстамаған) күні үшін бір кедейді тамақтандырады әрі осы жағдайда ол кәрі адамға тең етіледі”, – деді. (“әл-Муғни”, 4/396).
Төртіншіден; жүкті және емшекте баласы бар әйел
Әнастан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ сапардағыларды оразаның ауыртпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауыртпалығынан босатты». (Әт-Тирмизи, 715. Абу Дауд, 2408. ән-Нәсаи, 2277).
Жүкті және емшекте баласы бар әйелдер өзі немесе баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Алайда, олар ораза ұстай алса, онда оларға оразаны қалдыруға тыйым салынады. Себебі, Аллаһ Тағала: «… ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!», – дейді. («Бақара» сүресі, 183-аят).
Имам Ибн Ақиль осы аяттың мағынасына байланысты: “Егер жүкті және емшекте баласы бар әйелдер жатырындағы нәресте және баласы үшін қауіптенсе, онда олар ораза ұстамаулары керек, ал егер олар қауіптенбесе, онда оларға ораза ұстамауға тыйым салынады!”, – деген. (“әл-Инсаф” 7/382).
Бесіншіден; жас бала және ақылынан адасқан адам
Аишадан, Алиден, Саубаннан және басқа да сахабалардан (Аллаһ оларға разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «(Жаман істерді жазатын періштенің) қаламы үшеуден көтерілген (жазбайды): баладан, ол кәмелетке толғанша; ұйқыдағы адамнан, ол ұйқысынан оянғанша; және ақылдан азғаннан, ол ақыл-есін жиғанша», – деп айтқаны жеткізілген. (Ахмад, 1/104. Абу Дауд, 4398-4402. ән-Нәсаи, 3432. Ибн Мәжаһ, 2041. әд-Дарими, 2296. Ибн әл-Жәруд. әл-Бәйһақи 6/57. әл-Бәззар, 1540).
Ғұламалар: “Ақылынан адасқан адамдар өздерінің іс-әрекеттері үшін жауап бермейді, алайда, белгілі бір уақыттарда ғана ақылы ауытқып, басқа уақыттарда ақыл-есі дұрыс болса, онда ол ақыл-есі сау кезде ораза ұстауы керек. Ақылы ауысқан кезде, ол оразадан босатылады. Егер, ол ораза кезінде ақылын жоғалтатын болса, бұл оның оразасын бұзбайды. Бұл біреудің ауруға немесе басқа бір себептерге байланысты ақыл-есін жоғалтатыны сияқты. Өйткені, ол ақыл-есі сау кезінде ораза ұстау ниетіне ие болатын”, – дейді. Бұл пікір қояншық ауыруымен ауыратын адамдарға (эпилептиктерге) да қатысты.
Алтыншыдан; денсаулығы үшін қауіптенетін адам
Егер адамды қатты шөл немесе қатты аштық қысса әрі ол өліп қалатынынан немесе денсаулығына айтарлықтай әсер ететін немесе соған парапар нәрсе орын алуынан қауіптенсе, онда ол оразасын тоқтатып, оны кейінірек өтесе болады. Өйткені, өз өміріңді сақтау – парыз. (“Әл-Мухаллә” 6/228. “Қауанинуль-фиқһия” 82).
Ал, өз өмірін сақтамау – Аллаһ Тағаланың әміріне қарсы, күнәға апаратын қадам. Бұл жайлы Аллаһ Тағала: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер, Аллаһ сендерге мейірімді ғой», – дейді. («Ниса» сүресі, 29-аят).
Бірақ, шыдауға болатын мазасыздықтан, яғни, шаршаңқы сезініп және ауруын уайымдау себебімен оразаны тоқтатуға болмайды. Ауыр жұмыстағы адамдарға оразасын тоқтатуға рұқсат етілмейді әрі олар келесі күні де ораза ұстауға ниет етулері керек. Егер, олар жұмысын тоқтата алмаса әрі өндіріс үстінде олармен орын алуы мүмкін болған қандай да бір зақымданудан қауіптенсе немесе оларды оразаны тоқтатуға мәжбүрлейтін қандай да бір ерекше қиындықтарға тап болса, онда олар оразасын тоқтатып, оны кейіннен толықтыра алады.
Көп дене күшін талап ететін пештерде және металл балқытатын орындарда жұмыс істейтін адамдар түнде жұмыс істеу үшін жұмыс кестесін өзгертуге немесе рамазан айында демалыс алуға тырысуы қажет. Әрбір мұсылман өзінің діни және дүниелік міндеттерін бірге алып жүре алатындай жұмыс іздеуге тиіс. Аллаһ Тағала: «Кім Аллаһ Тағаладан қорықса, Ол оған бір шығар жол пайда қылады және Аллаһ оған ойламаған жерден ризық береді. Ал, кім Аллаһ Тағалаға тәуекел етсе, сонда Ол оған жетіп асады», – дейді. («Тәлақ» сүресі, 65-аят). (“Фатауа әл-Ләжна әд-даима” 10/233).
Жетіншіден; етеккірі келген және босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйел
Етеккірі келген немесе босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйелдерге ораза ұстауға тыйым салынады. Бұл туралы ғалымдар бірауыздан келіскен. (әл-Мәжму, 6/259).
«Етеккірі келген әйелдер ораза ұстамаулары» керек деген пәтуаға қарсы, кейбір адамдардың қойған «дініміздің кемшілігі неде?» деген сұрағына Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Етеккірі басталған әйел намаз оқуын және ораза ұстауын доғармайды ма?», – деген хадисі дәлел болады. (Әл-Бухари, 304. Муслим, 2/132).
Сондай-ақ, «босанғаннан кейін қаны келіп жатқан әйел де ораза ұстамайды» деген үкім, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Умм Сәләмадан жеткен: «Босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер қырық күнге дейін намаздан тыйылатын”, – деген хадисіне сай айтылған. (Ахмад, 6/203. Абу Дауд, 1/311. әл-Бағауи, 2/136).
Әлбәтте, оларға намаз оқуға тыйым салынған болса, онда ораза ұстауға да тыйым салынғаны. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары мен олардың ізбасарлары (табиғиндер) «әйелдер босанғаннан кейін қырық күн бойы намаз оқымаулары және ораза ұстамаулары керек, тек, егер олар (босанғаннан кейін келетін қаннан) ертерек тазармаса» дегенге бірауызды келісімде болған. (“Нәйлюль-әутар” 1/274).
Егер, жүкті әйел құрсағындағы баланың басы немесе қолы сияқты дене мүшелері қалыптасу кезінде түсік тастаса, онда бұл жағдай босанғаннан кейінгі қан келу ретінде қарастырылады да, ол әйел ораза ұстамайды. Түсік тастау жүктіліктің ертерек кезеңінде (сексен күнге дейін) орын алса, онда әйел кісі истихада (яғни, ауруға байланысты қан келу) жағдайында болып саналады да, ол оразасын қалдырмай ұстайды. (“Фатауа әл-Ләжна әд-Даима” 10/224).
Жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын адамдардың барлығы ораза ұстаулары парыз.
Аллаһ Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын…». («Бақара» сүресі, 185-аят).
Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған Жәбрейіл періште келіп: «Уа, Мухаммад! Рамазан айына жетіп, сонда да кешірімге ие болмаған адам Отқа кіреді әрі Аллаһ оны Өзінен алыстатады. «Әмин!», — деп айт», – деді. Мен: «Әмин!», — дедім», – дейді. (Ахмад, Ибн Хиббан, әт-Табарани “әл-Кәбир”. Хадис сахих).
Құрметті оқырман, Рамазан айына кіре тұра ораза ұстамау қандай қасірет екенін хадистен көріп отырмыз. Демек, біз Рамазан айына аман-сау жеткен екенбіз, онда осы орайды жіберіп алмағанымыз жөн. Мүмкін бұл Рамазанмен соңғы жүздесуіміз болар! Пенде өзінің дәм-тұзы қашан таусыларын білмейді. Ол тек Аллаһ Тағалаға ғана аян. Ал, Рамазанның есігінен аман-есен аттай тұра ораза ұстамаған адамға Аллаһ Тағаланың назары түспейтінін, ондай адамдар Аллаһ Тағаладан алыстап қалатынын ұмытпайық. Осындай сан соғып, қапыда қалатын күй кешпеу үшін ораза ұстау мойнына парыз болған адамдар түгілі, тіпті, жоғарыда айтылған оразадан босатылған жеті жағдайдағы адамдардың өзі де, мүмкіндік болса, ораза ұстағаны абзал болып табылады. Себебі, оразаның сауабы сансыз. Ендеше, осы ақыреттік сауаппен бұл дүниенің тірлігін шендестіріп, теңестіруге болмайды. Құрметті қалайық, алдамшы дүниенің қызығы мен жан рахатына көміліп, ақыреттік азығымыздан айрылып қалмайық! Аллаһ Тағаланың өзі берген мүмкіндікті жіберіп алмай, оразамызды ұстайық!
Аллаһ Тағала баршамыздың қасиетті Рамазан айындағы ұстап жатқан оразамызды, тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етіп, Фирдаус Жәннатын нәсіп етсін! Әмин!!!