Қазіргі нарық заманында әрбірімізді күнін бір сәтте болса ойландырмай қоймайтын мәселе ол – қара – қазан мен сары баланың қамы болса керек. Кезкелген иманды, арлы – намысты, шаңырақ иесі тер төгіп еңбекпен тапқанын әкеліп бала – шағасының ауызына салары айтпасада түсінікті. Адам қауымдасып өмір сүруге бейім жаратылыс. Сондықтан да, олардың арасында барыс-келіс, алыс-беріс үрдістері үздіксіз жүріп, тіршілік етеді. «Адамның күні – адаммен» деген сөздің төркіні осыны меңзейді. Әлбетте, адам өмірі әрдайым біркелкі болмайды. Бір кездері жағдайың жақсарып көл болсаң, бір кездері әп-сәттің ішінде барыңнан айырылып шөлге айналып жатасың. Бұл да заңдылық. Адам келешегін болжай алмағандықтан мұндай жағдайларға қашан да дайын болуы қажет. Жасыратыны жоқ, кейде адам басына іс түсіп, өзгенің есігін қағып, қарыз алуға мәжбүр болып жатады.
Дегенмен қарыз алып-берудің де өзіндік жөн-жоралғысы, қағида құралы бар екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Ендеше, Ислам дініндегі қарыз алу-беру мәселесі қандай? Қарыз беру – сауапты іс
Қарыз алу – беру шариғатымызда мубах (яғни, рұқсат етілген) амал. Жоғарыда адамдар бір-бірлеріне өзара жәрдем, көмекке мұқтаж болатынын айтып өттік. Дінімізде өзара жәрдемдесу, біреудің қиыншылығын жеңілдетудің өзі өте сауапты амал болып саналады. Алла тағала Құрани Кәрімде «Аллаға қарыз беру» мағынасында қолданған өсімсіз және үстемсіз қарызға ақша беруге «қарзы хасан» әғни «көркем қарыз» деген мағынаға келетін алты аят келтірген. Қарзы хасан деудегі мақсат өсімсіз әрі үстіне бірдеме дәметпей атқарылатындығы үшін. Құран Кәрімдегі сол аяттардың біреуне тоқталсақ ол аяттар бізге былай үндейді: « Аллаға қарзы хасан (өсімсіз және үстемсіз ) түрінде қарыз беретін кім бар? Міне соған , (Алла) оның сиын есе – есесімен береді» (Хадид сүресі 11 – аят).
Имам Мүслім, Әбу Дәуіт, Тирмизи жинақтарында келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім бір мұсылманды дүние қиыншылықтарының бірінен құтқарса, Алла тағала ол пендені қиямет күніндегі бір қиыншылығынан құтқарады. Кімде-кім бір кісінің ауыртпашылығын жеңілдетсе, Алла тағала ол пенденің дүние және ақыреттегі ісін жеңілдетеді. Өз бауырына жәрдем беріп жүрген пендеге Алла тағала да жәрдем береді».
Тағы басқа хадистерінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір мұсылман кісі басқа бір мұсылманға екі рет қарыз берсе, садақа берген сияқты сауап табады»; «Садақа берген адамға он сауап, ал қарыз берген адамға он сегіз сауап», – деген. Қарызды жазып қою қажет
Қарыз беру сауапты іс болғанымен, бұл сауапты істеудің өзіндік жөн-жоралғысы бар. Қарызды куәгерлердің алдында жаздырып қою қажет. Алла тағала «Бақара» сүресінің 282-аятында былай баяндайды: «Ей, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңмен қарыз мәмілесін жасасаңдар, (келісім-шартты) жазып қойыңдар… Сендер (олардан) разы болатын (әділетті) екі ер кісіні, егер екі ер кісі табылмаса, бір ер кісі және екі әйелді куә етіңдер». Қарызды алған уақытта оны жазып қою немесе куәлар шақыру, уақыт өткен соң алыс-беріс қылған адамдар арасында түсінбеушілікке жол бермейді. Қарыз беруші мен алушының талаптары
Шариғатымыз қарызды алу-беруге рұқсат ете отырып, екі тарапқа да талап пен жауапкершілік жүктейді. Қарыз алған адам одан мүмкіндігінше тезірек құтылуға әрекет етуі керек. Қарызынан құтылуға жететін дүниесі бола тұра, құтылмай өліп кеткен адамның күнәһар екендігі хадистерде айтылған. Оның күнәсін Алла тағала кешпейді. Тіпті, Алла елшісі (с.ғ.с.) ондай адамның жаназасын оқымаған. Сондай-ақ, қайтарамын деп уәделескен күннен кешіктірмеу де басты талаптардың бірі. Өйткені уәдеде тұру – мұсылманның басты сипаттарының бірі. Бірақ мынаны айта кету керек. Адам мұқтаждығынан қарыз алып, бірақ одан құтыла алмай өліп кеткен болса, ондай кісінің ниеті жақсы, бірақ қарызын құтыла алмағаны үшін қиямет күнінде оған қарыз берген адамды Алланың өзі риза етеді. Яғни, қарыз бергені үшін күнәларын кешіреді, сауаптарын артығымен береді.
Шариғатымыз қарыз беруші кісіге де бірнеше талап пен жауапкершілік жүктейді. Қарыз бергенде әуелі, біреудің ауырын жеңілдету, Алланың ризалығын табу мақсатында беру керек. Берген қарызынан пайда табу, яғни пайызға қарыз беру өсімқорлыққа жатады. Бұлай қарыз беру сауапты іс емес, керісінше күнәға душар етеді. Қарыз берген кісі, қарызданушының жағдайымен барынша санасып, оның мүмкіндігіне қарауы орынды іс. Егер қарызын құтылатынына мүлдем көзі жетпесе, қарызын кешіп жіберсе сауап болады. Бұл жайында Алла тағала «Бақара» сүресінің 280-аятында: «Егер (сендерден қарыз алушының жағдайы) нашар болса, байығанша күтіңдер. Егер білсеңдер (берген қарыздарыңды) садақа етіп жіберулерің – өздеріңе одан да жақсырақ», – деген.
Қорыта айтқанда хадисте келгендей Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Кімде-кім қарызды құтылуға қиналған адамға уақыт берсе немесе қарызын бүтіндей кешіп жіберсе, Алла тағала оны өзінің аршы көлеңкесіне алады», – дейді.
Қарыз беріп сауапқа кенелу, берушіге қайырымдылық жасауға мүмкіндік тауып берсе, алушы адам уақытылы қайтарып мұсылманға тән мінез танытып, қарыздың ауыртпалығынан ертерек құтылған болады. Қарыз берсек көркем түрде беріп, көркем түрде қайтарайық. Олай болса, адамдар арасында үнемі орын алып тұратын осы мәселеде де Алланың разылығанан құр қалмайық, ағайын!
Талдықорған өңірі. Еркін ауылдық мешітінің бас имамы Медетбеков Аман Айтбосынұлы