Халық болаған жерде өлім-жітім де болады. Бұл табиғи заңдылық. «Тумақ бар да, өлмек бар» - дейді бабаларымыз. Дініміз бойынша дүниеден өткен пендені топыраққа жерлеу міндетті. Әуелгі кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдардың сенімі дұрысталғанша зиратқа барудан тиған еді. Кейіннен адамдар қажетін сұрау, құлшылық жасау Жаратушыға ғана болатынын түсінген уақытта: «Мен Сіздерді қабірлерге зиярат етуден тыйған едім. Енді, оларға зиярат етіңіздер. Өйткені, қабірге зиярат ету ақыретті еске түсіріп, жақсылықты арттырады. Енді, кім қаласа, зиярат етсін. Бірақ, (онда) бос сөз айтпаңдар» деген. Мұндағы мақсат ақыретті еске түсіріп, одан ғибрат алу және мәйіттің күнәсінің кешірілуін Алладан тілеу болып табылады. Айшадан (р.ғ.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әл-Бақиъ қорымына шығып, олардың күнәларының кешірілуін тілейтін. Сонда Айша (р.ғ) одан бұл жөнінде сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен оларға дұға етуге бұйырылдым» деді» (Ахмәд, Мүслим және басқалар).
Қабір иелеріне дұға сүннет бойынша жасалуы мақұлданады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)«Әс-сәләму ъалайкум, әһләд-дияри мин әл-мумининә уәл-мүслимин. Уә иннә ин шә Алла бикум ләхиқун. (Уә ярхамуллаһул-мустақдимина миннә уәл-мустәхирин). Әсәлуллаһа ләнә уә ләкумул-ъафия» деген дұға оқыған. Мағнасы: «Ассалаумағалейкум бұл мазарда жатқан мүмин-мұсылмандар! Алла қаласа, біз де (бір күні) сіздерге қосыламыз. (Бізден бұрын өткендерді де Алла рахым етсін) Алладан өзіме де, сіздерге де азаптан құтқаруды сұраймын».
Қабірлерді зиярат еткенде әулие мен әруақтардан күнәміздің кешіруіне көмек сұрап, дұға талап етуге болмайды. Өйткені, бұл Алла алдында кешірілмейтін күнәға жатады. Алла Тағала айтады: «Алламен бірге (басқа) тәңір шақырма. Онда, сен де азапқа ұшыраушылардан боласың» (Шуъара сүресі: 213-аят). Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім Алла Тағаладан басқа біреуге дұға етіп, жалбарынып жүріп өлсе, ол тозаққа енеді» (Имам Бұхари).
Дүниеден қайтқан кісілерден медет, қолдау-қорғау сұрауға болмайды. Медетті Алла Тағаладан ғана сұрау қажет. Алла Тағала айтады: «(Олардың) сондай Алладан басқа жалбарынғандары еш нәрсені жарата алмайды. Олар (өздері) жаратылғандар. Олар өлі, тірі емес. сондай-ақ, қашан тірілетіндерін білмейді» (Нахыл сүресі: 20-21-аяттар). Қабірдегі әулиелерден, әруақтардан жәрдем және жол ашу, перзент, дәулет, денсаулық, дертке шипа сұрауға болмайды. Ол істе Алладан басқа лайық ешкім жоқ. Құранда: «(Әй, Алла) Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз»(Фатиха сүресі: 5-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Сұрасаң, Алла Тағаланың Өзінен сұра, медет тілесең, тек Алла Тағаладан тіле» (Имам Тирмизи).
Қабірдегілерге, яғни, әулиелер мен әруақтарға арнап құрбандық шалуға болмайды. Алла Тағала айтады: «Раббың үшін намаз оқып, құрбандық шал» (Кәусәр сүресі: 2-аят). Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Алладан басқаға атап мал шалған адамды Алла Тағала лағнет етсін!» (Имам Мүслим).
Қабірдегі әнбие, әулие және әруақтар атымен ант ішу мүмкін емес. Өйткені, Алла Тағаладан басқаның атымен ант ішуге болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім Алла Тағаладан өзгенің атымен ант ішсе, ол серік қосқан болып табылады» (Имам Ахмәд).
Дініміз әйелдерге қабірге көп бармауға үндейді. Хадистерде Алланың елшісі (с.ғ.с.) қабірге үйірсек әйелдерге қарғыс айтқаны келтіріледі. Бұндағы мақсат, Әйел кісілердің табиғатының нәзіктігі себепті жылап-сықтап, қатты қайғыланып, сабыр сақтай алмай күнәлі іске ұрыну қаупі болғандықтан.
Әулиелердің қабіріне барып түнеуге және басқа іс-шаралар өткізуге болмайды. Өйткені қабір басында діни іс-шаралар және басқа да амалдар жасауға болмайды. Өйткені, Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге: «Менің қабірімді мереке орнына айналдырушы болмаңдар. Маған салауат айтыңдар. Өйткені, сендердің сәлемдерің маған қайда болсаңдар да жетеді» (Әбу Дәуд, Ахмәд) деп айтып кеткен.
Зиярат етуші адам дұға, құран оқыған кезде қабірлерге емес, Құбыла жаққа қарап тұрғаны абзал.
Қабір басына шырақ жағылмайды, гүл шоқтарын алып бармағы абзал.
Жаратушы Алла дүниеден өткендерімізді рахметіне алсын.
Ақсу аудандық мешітінің баспасөз қызметі.