https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Бауырыңның кемшілігін түзеудің әдептері

29 Apr 2016 0 comment Оқылды: 2189 рет

Адам баласының кемшіліксіз болуы мүмкін емес. Алайда, саналы адам өмірінің соңына дейін өзін-өзі қадағалап, ізгілерден өнеге,сын-ескертпелерден пайда, оқиғалардан ғибрат алып отыруы тиіс.

         «Мен ешқашан қателеспеймін» деп ойлайтын адам - ең үлкен қателесуші. Өйткені, «жаңылмайтынжақ,сүрінбейтін тұяқ жоқ». Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының бәрі қателесуші. Қателесушілердің ең жақсысы ‒ тәубеге келгендері», ‒ деген.

Ақылды адам өз нәпсісінің «жамандыққа бұйырушы» екенін біліп, оны тәрбиелеуі арқылы кемелдікке талпынады. Ал, сол жолда оған көмек беретін тек өзінің ақылы ғана емес. Кемелдікке жету үшін жанашырларың сыйға тартқан өз кемшілігіңді қабыл алуың да маңызды.

Мұсылман адам өзіне қалағанды өзгеге де қаламайынша, шынайы иман келтірген болып саналмайды. Сондай-ақ, иманды адамның, әуелі өзін, кейін мұсылман бауырын ғапылдықта қалдыруына болмайды. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарып отыру ‒ әрбір имандының Алла бұйырған міндеті. Сондықтан да «мұсылман ‒ мұсылманның айнасы».

Алла Тағала Құранда: «Асрмен ант етемін. Анығында, адам баласы сөзсіз, зиянда, тек иманға келген әрі ізгі амал жасаған және бір-біріне ақиқатты насихат етіп, өсиеттеген әрі бір-біріне сабырды насихат етіп, өсиеттегендерден басқалары», ‒ деп баяндайды. («Аср» сүресі)

Демек, адам баласының имансыз, ізгі амалдарсыз, ақиқат пен сабырды өзара өсиеттесетін бауырларсыз зиянда болуы анық. Кемшілік, күнәлармен күресуде әуелі Аллаға мұқтажбыз, сосын иманды шын жанашырларға зәру екенбіз.

Олай болса, әр нәрсені өз орнымен жаратқан Алла дінінде бауырыңа кемшілігін ескертудің де өз әдебі бар. Бұл туралы осы мақаламызда баян етпекпіз.

«Толық адам ‒ толық мұсылман» (Абай). Яғни, адам баласы Алланың әмірлерін толық орындағанда ғана «толық адам» деуге лайық. Алланың дінін толық ұстанбай тұрып, өзгеден кемшілік іздеу ‒ өзі кем адамның ісі болмақ. Біреуге бірнәрсе үйрету үшін де білім мен тәжірибе, даналық пен көрегендік керек. Солай емес пе?! Біреуді тәрбиелеу үшін, ол тәрбие өзіңде болуы шарт.

Мұсылманға бауыры тарапынан жасалатын ең жақсы насихат ‒ амалымен көрсеткені, көркем өнеге болғаны. Сосын барып, сөзімен сүйемелдеуі...

Құрметті бауырым, әуелі өзімізге, сосын сізге айтқымыз келетіні: Егер де өзгелерден, олардың тек айып-нұқсандарын, кемшіліктерін ғана көре беретін болсақ - түзелуге ең мұқтаж адам өзіміз екенімізді ескеруіміз қажет. Себебі, ақылы сау, жүрегі таза адам, өзгелердің кемшілігін емес, артықшылығын көбірек байқауға тырысады. Кіммен араласса сол адамның игі қасиетін өзіне алғысы, сіңіргісі кеп тұрады. Бауырының кемшілігін көруден қашып, ол туралы тек жақсы ойда қалғысы келеді. Сондықтан, мұсылман адам өзіне қатысы жоқ істерден сақтанғаны, өзгенің кемшілігіне көз салмағаны жақсы.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Заррға (Алла оған разы болсын): «Өзін-өзі білмейтін, бірақ өзіне қатысы жоқ нәрсемен айналысатын адам жеткілікті дәрежеде жамандық істеген болады», ‒ дейді. (Ибн Хиббан) Сондай-ақ: «Адамның исламды жақсы ұстануының белгісі, оның өзіне қатысы жоқ нәрселерден бас тартуы», ‒ деген. (Әбу Һурайрадан, Тирмизи) Өзіне пайда келтіретін нәрсеге ұмтылмай, бекер іспен шұғылданушылар туралы Хасан әл-Басри: «Алла тағаланың Өз құлынан теріс бұрылуының белгісі: Ол оны өзіне қатысы жоқ істермен айналыстырып қояды», ‒ деген.

Алайда, көре тұра көз жұмуға, біле тұра үнсіз қалуға да болмайды. Омар, Алла оған разы болсы: «Мүмин бауырыңыздың бойынан кемшілік көре тұра оған айтпасаңыз, демек сізде қайыр жоқ. Ал, айтсаңыз, тыңдамаса, ода хайыр жоқ», ‒ деген.

Ендеше, бауырыңа насихат айтқың келсе,мына әдептерден озбағаның жөн. Бұл екі тарапқа да қатысты:

• Бауырының бойынан кемшілік көрген адам, әуелі сол кемшіліктерді өз бойынан іздеуі қажет. Өзінен де табылса, бірінші өзіндегісін түзеткені жақсы. Өзінің жөнге келгеніне көзі жеткенде ғана бауырына айтқан сөзі өтімді әрі қадірлі болады. Хасан әл-Басри: «Біреудің кемшіліктерін ескерткің келсе, әуелі өз кемшіліктеріңді есіңе ал», ‒ дейді. Ол сондай-ақ: «Ізгі кісі ешқашан біреудің кемшіліктеріне тереңдеп үңілмейді», ‒ деген.

• Кемшілікті айтуға бағыт алған кісі, бауырына кемшілігін ескертудегі өз ниетінің түзулігін тексеруі қажет. Кемшілікті ескертушінің ниетінде: оған пайда келтіру, Алланың ашуынан сақтандыру, Ақыретінде зиянға ұшырамауын қалау, ертең осы кемшілігі арқылы өзге ортада ұятқа қалмағанын, өзгелерге зиян жеткізбегенін уайымдау секілді жанашырлықтың болғаны дұрыс.

• Бауырының кемшілігі туралы өзге біреуге әңгімелемеу керек. Себебі, бауырының кемшілігін басқа біреуге әңгімелеу ‒ ғайбат болып саналады. Алла тағала, бауырының айыбын ашушы құлын жақсы көрмейді. Кім біреудің айыбын жасырса, ол адамның айыбын Алла тағала дүние-ақыретте жасыратын болады.

• Сенің ескертуің оған пайда бере ме, соны ойлау қажет. Алла тағала, «Аълә» сүресінің, 8-9-аяттарында: «Естеріне салу пайда беретін болса, естеріне сал. /Алланың жазасынан/ қорыққан есіне алады», ‒ дейді. Яғни, «Мұнда білімді тарату әдебі бар. Адамдар бүлікке ұшырамау үшін білімді олардың ақылдарына, деңгейлеріне сай беру қажет», ‒ дейді Ибн Касир. А.Саъди: «Ал, егер айтылатын уағыз-насихат пайда әкелмей, керісінше зиян тигізетін болса, онда оны жасауға бұйырмайды, қайта Алла тағала оған тыйым салады. Ал, Алладан қорыққандар ‒ еске салынған үгіттен пайда алады», ‒ деп түсіндіреді.

         • Бауырының айыбын жасырғанның күнә-қателіктерін Алла жасырады. Алайда, бауырының айбын жасыру ‒ мүлдем ол туралы жақ ашпай қою деген сөз емес. Бәлки, сол адамның жеке өзіне ғана айту, бауырына адалдық таныту дегенді білдіреді. Ғұламалардың бірі: «Кім өз бауырына оңаша насихат айтса, адалдық деген осы, ал кім басқа адамдардың алдында айтса, ол оны балағаттаған болады», ‒ деген.

Фудайл ибн Ъияд: «Мұсылман кісі бауырының айыбын жасырады және дұрыс ақыл-кеңес береді, ал пасық адам айыптарын әшкерелеп, айыптайды», ‒ деген.

Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Мұсылмандардың бір-біріндегі хақысы ‒ қасында болмаған кезде (бір-біріне) адал болуы», ‒ деген. (Ахмад) Яғни, мұсылманның өз бауырына деген адалдығы ‒ ол қасында болмаған кезіндегі адалдық, яғни, сыртынан қорғап, қорғаштауы. Осы тұста мынаны айтып өткіміз келеді: «Сені, сен жоқ жерде қорғайтын ең абзал қорғаушы ‒ ол сенің, сол кездердегі бауырыңның санасында, көңілінде қалдырып кеткен әсерің, көркем мінезің болмақ». Сондықтан, қашанда мінезіңіздің ең көркем тұсын көрсетіп, адамдарға жақсы әсер қалдырып жүруге тырысыңыз! Сонда, сізді қорғаушыға да, абыроймен қорғалуыңызға да сол жақсы.

Имам Шафиғи: «Өз бауырын жасырын уағыздаушы (жақсылық пен дұрыстыққа шақырушы) оған қатысты адалдық көрсеткен және көркемдеген болады  (яғни, оған кемшіліктерінен арылуға көмектескен болады және оны басқалардың құрмет тұтуын сақтаған болады), ал оны әшкере (жария) уағыздаушы болса, оны масқаралап қорлаушы болады», ‒ деген.

• Бауырын жамандықтан қайтарып, жақсылыққа шақырмақшы болған адам: мейірімді, жұмсақ әрі әділ болуы қажет. «Өзіне қатты, өзгеге жұмсақ болу ‒ сүннет иесінің жолы». Алла тағала Өз пайғамбары Мұсаға, оған Алланың сәлемі болсын, тіпті, Перғауынға жұмсақтықпен насихат айтуды бұйырған болса, онда мұсылмандардың өзара жұмсақ болулары аса мән беретін жағдай. Имам Науаи: «Мақсат еткен нәрсесіне жетуге жақын болуы үшін дұрыстыққа шақырып, бұрыстықтан қайтарушы адам мейірімді болуы қажет», ‒ деген. Суфиян әс-Саури:

«Мына үш қасиетке ие адам ғана жақсылыққа шақырушы, жамандықтан қайтарушы болуы керек: Қандай да бір нәрсеге шақырғанда мейірімді болған және қандай да бір нәрседен қайтарғанда мейірімділік көрсеткен адам. Қандай да бір нәрсеге шақырғанда әділ болған және қандай да бір нәрседен қайтарғанда әділдік көрсеткен адам. Сондай-ақ, не нәрсеге шақыратынын және не нәрседен қайтаратынын өз білген адам», ‒ деген.

Жанашырымыз тарапынан кемшілігімізге ескерту айтылған жағдайда не істеуіміз қажет?

Әрине, хадисте айтылғандай: «Шынайы мұсылман басқаның айыбын бетіне басып, қарғап, лағнет айтпайды. Сондай-ақ, өте сенгіш, аңқау да болмайды». Кемшілігіміз айтылғанда, кеудемізді тарылтпай, жүрегімізге жақын алмай, кеңшілікпен қабылдауды ұмытпауымыз керек. Аңтарылып, аңқаулыққа салынып немесе бауырыңның өзіңе не айтып отырғанын түсінбегенсіп, елемей қоюға болмайды. Байсалдылықпен, даналықпен және үнсіз ғана ризалықпен қабыл алуымыз ‒ мақтаулы іс. Кейін, оңаша қалғанда ой елегінен қайта өткізіп, өзіңе айтылғанның растығы болса, мойындап, сол кемшілігімізбен жұмыс жасағанымыз жақсы.

Кемшілікті байқап, оны жеке өзіңе айтқандарға, әрине алғыс айтуымыз қажет. Өйткені, бойдағы кемшілік ақыретімізге зиян алып келуі әбден мүмкін ғой?! Мәселен, үстімізде өмірімізге, денсаулығымызға қауіп төндіретін шаян, қара құрт секілді жәндік тұрса, оны байқап, ескерткен адамға рақметімізді айтып, үлкен ризашылдығымызды білдірмейміз бе? Ал, мәңгі өмір болған ақыретімізге қауіп төндіріп тұрған «зиянкестің» бойымызда бар екенін ескерткен адамды ‒ алғыс айтуда тіліміздің ұзындығын, жүрегіміздің ризашылығын аямауға әбден лайық деп білуіміз керек.

Нәпсіні тәрбиелеу үшін дұшпаның айтқан айыптарды да қабылдап, түзетуге тырысқан абзал! Себебі, досың кемшіліктеріңді көңіліңе қарап айта алмауы мүмкін. Ал, дұшпаның бар кемшілігіңді бетіңе айтады. Мейлі, кім айтса да өзіңе бағытталып айтылған сөздердің бәрінен керегіңді алып, Ақыретіңнің игілігіне пайдалануға болады. Одан еш ұтылмайсыз һәм қор болмайсыз.

Кемшілігіне қатысты, бауыры жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа шақырып жатқан тұста: «Сен өзіңді жөндеп ал!» ‒ деген сөзден аулақ болғаны дұрыс. Себебі, бұлай айту ‒ Алла тағала алдындағы ең ұнамсыз сөздерден болып қалады. Хадисте, өрескел кемшілігіңді көріп, «Алладан қорық!» ‒ деп айтқанға: «Сен алдымен өзіңе қарап ал!» ‒ дегенді Алла Тағала жақсы көрмейтіні айтылады. (Байһақи, имам Насаи)

Қай-қайсымыздың да: «Менің ең жақсы көретін адамым ‒ менің кемелділігімді көріп, бетіме мақтаған адам емес, бойымдағы кемшілігімді көріп, өзіме соны сыйға тартқан адам», ‒ деген саңлақ сахаба, Омардай кемел тұлғадан артық емес екеніміз анық. Алла ол кісіге разы болсын!  Олай болса, кемшіліксіз Алла құзырында өкініп қалар істердің бәрінен сақтанайық, сақтандырғанға разы болайық.

Аса Мейірімді Алла тағала баршамызды түзу етіп, өзіміз бен қате-кемшіліктеріміздің арасын батыс пен шығыстың арасын алыстатқандай алыс қылсын деп тілейміз!

А.Абдуллаһ

www.asylarna.kz

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз