https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Халықты имам тәрбиелейді

20 Apr 2016 0 comment Оқылды: 1248 рет

«Өмір бар жерде, қаза бар». Алланың өлшеулі ғұмыры аяқталған соң, кәрі де, жас та бақиға аттанып жатыр. Торқалы тойға қарағанда, топырақты өлімде бас қосуымыз жиілеп барады.

Біздің қазалы үйге барып, өлік жөнелтуіміздің, жөнелтісуіміздің өзі бір жосын ғой. Мәйітті екі-үш күн түнетудің тоқталмауы жеке әңгіме. Жерлейтін күні көңіл айта келген жұртта қисап жоқ. Кемінде мың қаралы адам жиналады. Қайғылы жандарға күбірлеп болса да көңіл айтысады. Бірнеше мың теңге батасын дәптерге жаздыртып беріп жатады. Мұнысы жақсы-ақ. Жарасып-ақ тұр.

Бірақ, қазақтың көңіл айтуды тек осымен шектеп алғаны жаман-ақ.  Есік алдында қимастарынан айырылып, қайғы жұтып қанша жан тұр. Солардан он қадам ұзамай жатып жырқ-жырқ жымиыс, қарқ-қарқ күлкі басталады. Топ-топ болып тұрғандардың ду-ду әңгімесі той-томалақтағыдан қатты. Тіпті еркінсігендер бірін-бірі иықтан жұлқыласып, алысып-жұлысып алады. Тыныш тұрғандарының өзі шалқая шіреніп, темекісінің түтінін бұрқыратып, жан-жағына шырт-шырт түкірінеді. Имамның «Ассолату жаназа» деп жаназа намазға шақырған дауысы естілгенде, бірін-бірі ортаға итермелеп, сайқымазақтанып қалатыны тағы бар. Осы өте бір ыңғайсыз, ұяттан жұрдай көрініс зират басында да жалғасады. Сүйек жерленіп, топырақ үйіліп болғанша қалың қазақтың іші пысады. Әйтеуір, құран оқылған кезде сәл сабаларына түседі де, бірақ, артынша-ақ зират басынан жарқ-жарқ күліп кетіп бара жатады.

Мәйіт жерленген соң қаралы үйдің жиналған сонша жұртқа ас беруі міндетті болып қалған. Қазір ас дегеніңіз атшаптырым тойханаларда беріле бастады. Онда да гуілдескен жұрт. Қазаны естен шығарып, қай-қайдағыны айтысып жатқаны. Жуырда ақын бауырымның анасы дүниеден озды. Сонда асқа отырған жұрттың қам-қайғысыз қарқ-қарқ күлкісіне жанары жасаурай қарап тұраған ақын бауырымды қатты аядым. «Мына жігіттің анасын жаңа ғана жерлеп келдік қой,  осы абыр-дабырды азайтайық, көңіліне келер» деп елеген бірі жоқ. Астың соңына дейін жиналғандардың күлкісі бәсеңдемеді. Арнайы шақырылған имам да осы ыңғайсыз көрініске еті үйренген жан сияқты көрінді.

Қай өңірге барсақ та жаназада жадыраған жұртты көріп көңіліміз құлазушы еді. Күні кеше Астана іргесіндегі Қабанбай батыр ауылындағы жаназада осы көріністің бірі де болмады. Жап-жас имам мың қаралы адамды бір кісідей ұйытты. Ұрсып дауыс көтермеді, зекіп ешкімді ренжіткен жоқ. Шариғаттың талабын тереңнен айтып та бейнамаздардың басын қатырмады. Тек құлаққа жағымды қоңыр үнімен жаназаға келген адамның міндетін рет-ретімен айтты да тұрды. Ел еріксіз тыңдады. «Қадірлі ағайын! Қаралы, қайғылы жерге келгенімізді ұмытпайық. Үлкен сауапқа кенеліп тұрсыздар. Енді сол ақ-адал ниетті өзгерпейік. Артық-ауыс әңгімені айтпайық. Мына мәйітке дұға қылайық. Алла Тағала бұл марқұмды өз мейіріміне бөлесін, қабірдің азабынан, тозақтың отынан сақтасын, жәннатты нәсіп етсін деп баршаңыз іштей шын жүректеріңізбен тілек тілеңіздер. Дұға дегеніміз сол. Қазір жаназа намазы басталады. Дәреттенулеріңізге уақыт бар. Тазаланып жаназаға қатысыңыздар. Әңгіме-сөзді осы мәйітті жөнелтіп болған соң да айтуға болады».  Имамның сөздері қысқарта келтіргенде осы төңіректе болды. Әрине, құран аяттарынан да, хадистерден де мысал айтты. Байқағанымыз, біздің ауылдастарымызға ең керегі осы екен. Жиналғандар ұстаздың алдындағы тәртіпті шәкірттей болды. Тіпті, зират басында да, ас үстінде де имам бауырымыз салихалы сөздерін ретін тауып айта білді.

Нәтижесіне қараңыз. Ас соңынан бірнеше кісімен тілдестім. Имамның біліктілігіне бәрі де дән риза. Қырықтан асқан бір бауырым айтады: «Осы уақытқа дейін талай жаназаға қатыстым. Бірақ, сонда не айту керек, қандай дұға тілеу керегін білмеппін. Мына имам айтпаса әлі де білмей жүре береді екенбіз» дейді. Оның сөзін тағы бірнешеуі құптап тұр.

Иә, біздің көзіміз жеткені, діни білімнен алыстау жүрген халыққа білікті имамдарымыздың осындай тәрбиесі өте керек екен. Қарапайым ғана қағидаларды қарапайым тілмен жүйелі жеткізе білсе, сол тәрбиеден тәлім алар қазақтың қатары әлі де қалың.

Төлеген Жәкітайұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз