https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Шариғат заңы - ізгілікке бастайтын жол!

10 Apr 2016 0 comment Оқылды: 11993 рет

 

  Ең үлкен заң – Алланың заңы. Алланың заңдылығы бәрінен үстем. Шариғат заңының мыңдаған қырлары мен сырлары бар. Адам баласы шариғат заңын түсініп, орындаған сайын адами қасиеттері толысып, дами түседі. Шынында шариғат заңы кез-келген адамды кемелдікке жеткізіп, көсем әрі абыройлы адам болып қалыптастыруға жетерлік. Онымен қоса, шариғат заңы әр отбасын елге үлгі боларлық ізгіліктермен толықтырып, ең бақытты отбасы болатындай заңдылықтарды толық қамти алады. Сонымен қатар, ислам заңы кез-келген мемлекетке жан-жақты дамыған өркениетті ел болуына және ішкі-сыртқы саясаттарында тұрақты ұстап тұрарлық заңдылықтарды қамти алары сөзсіз. Бұданда жоғарысын айтар болсақ, тіпті дүние жүзі халықтарыныңда өзара сыйластықта бір-бірінің абыройына сызат түсірмей, адами қасиеттерін сақтай отырып, бейбітшілікте өмір сүру заңдылықтарын толық қамти алады. Алланың заңдылықтары недеген көркем әрі ұлы сүйіспеншіліктерге толы, бар қалағаны қайтсе адамзат баласын ізгілікте өмір сүруге бағыттау. Алланың шариғатын терең түсінген сайын, еріксіз басыңды иіп, таң қала тебіреніп, «Раббым – Алла, дінім – Ислам, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с) болғанына разымын»,-деп айтудан басқа шараң қалмайды.

Шариғаттың барлық заңдылықтарын топтастырып қарасаң – мейлі ол намаз болсын, ораза, неке, талақ немесе сауда-саттық сияқты заңдылықтарынан үш түрлі мақсатты анық байқайсың.

Бірінші дәрежесі: Адамзатты бір ата-ананың баласындай сүйіспеншілікте, сыйластықта, бір-біріне жанашыр түрде өмір сүруге негіздейді. Құран Кәрімде: «Шындығында мұсылмандар туыс...», - деген аяты дәлел болса, пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Қандай амал абзал болып саналады?»,- деп сұрағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаңда, танымасаңда кездескенмен сәлемдесуің»,-деп жауап берген. «Мұсылманның мұсылманға бес хақысы бар...»,- деген хадистегі айтылған мәселелердің барлығының астындағы негізгі мағынасы өзара сүйіспеншілікте, бірлік пен татулықта өмір сүруді меңзеп тұр. Халық даналығында «табағың емес, қабағың»,-деген аталы сөз осыны ашықтайды. Осы сияқты дәлелдерді көптеп келтіре беруге болады. Бұл дәрежеде болу, оған үлес қосу немесе соны қалау адамдықтың биік деңгейін көрсетеді.

Екінші дәрежесі: Кез-келген түсініспеушіліктің алдын алу. Ислам дініндегі ең ұнамсыз нәрсе араздасу. Өмір болған соң адамдардың ойлау деңгейі әртүрлі болады. Осыдан келіп келіспеушіліктер туындайды. Ал, шариғат қағидаттарының астарында әртүрлі келіспеушіліктердің алдын алу жатыр. Мысалы: Жар таңдаудың сан түрлі кеңестері, куәгерлердің болуы, саудадағы келісімдер, өтірік айтпау, өсек тасымау сынды мәселелердің барлығы алдын алу шаралары болып табылады. Тағы бір мысал келтіретін болсақ; шариғат заңы бойынша мұсылман ер християн және яһуди қызды алуына болады. Ал мұсылман қыз тек мұсылманға ғана тұрмысқа шыға алады. Бұл мәселе бір қарағанда басқа заңдылықтар сияқты өзіне ғана тарту тәрізді көрінеді. Алайда не үшін шариғатымыз бұлай үкім етті дейтін болсақ, бұл жерде діннің бұған еш қатысы жоқ. Мәселенің барлығы адамдардың өзінде. Себебі, олармен Тәңіріміз бір дегеннің өзінде, ол діндегілер біздің пайғамбарымызды мойындамайды, ал мұсылман ер олардың сенетін пайғамбарларына сенеді. Сол үшін біз тараптан отбасылық келіспеушіліктер мен оның бұзылуына жол жоқ. Ал олар біздің пайғамбарға сенбей жоққа шығарса, оған ешбір иманды әйел шыдап тұра алмайды. Өйткені пайғамбарға деген сенім, күйеуіне деген сүйіспеншілік былай тұрсын, адамның жанынанда қастерлі ұғым. Олай болса, бұл мәселенің астарында да отбасылық келіспеушіліктердің алдын алу үшін қойылған заңдылықтар жатыр.  

Үшінші дәрежесі: Келіспеушіліктер болса, оңтайлы шешу. Тіршіліктегі дау-дамайдың орын алуы нәпсінің биік болып, дүниеге деген сүйіспеншіліктердің жоғары болуынан туындайтындығы сөзсіз. Шариғатымыздағы бұйрықтармен тыйлулардың астарындағы үшінші мақсат келіспеушіліктер туындаған жағдайда, оны оңтайлы шешу. Құран Кәрімде: «жамандыққа қарсы жақсылық қыл...», «Мұсылман адам үш күннен артық араздасуға рұхсат етілмейді...», «Сенімен араздасқан адамға барып онымен татулас! Зұлымдық еткен адамды кешір! Жамандық жасаған адамға жақсылық жаса!»,-деген хадистерді келтірсе болады. Тіпті екі адамның арасын жарастыру үшін жек көрінішті күнә саналатын өтірік айтудың өзіне шариғатымыз рұқсат етуі осы ойымызға айқын дәлел.

Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, есеп күні әр ісі үшін жауап беретіндігін біліп, жоғарыда айтылған үш дәрежені есінен шығармастан оған амал қылып, жоқ дегенде үшінші дәрежеде айтылғандай келіспеушіліктер туған күнннің өзінде оны оңтайлы шешуге тырысады.  

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша

 өкіл имамы Серікхан Рымханұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз