https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Қиындыққа сабыр ету.

05 Apr 2016 0 comment Оқылды: 5185 рет

                              

Иманның шарттарының бірі жақсылық жамандық Алладан деп иман келтіру. Әрбір иман келтірген момын басына келген жақсылыққа шүкірлік жасауы, басына келген қиындыққа сабыр етуі керек. Мына жалған дүниеде барлық нәрселер жұп-жұбымен жаратылған екені анық. Жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, сауап пен күнә, күн мен түн, жеңілдік пен ауырлық секілді. Өмірде неше түрлі қиындықтарға жолығып жатамыз. Әркімнің басына әрқилы сынақтар келіп жатады. Адам баласы Алланың нәсіп еткен тағдырына разы болуы керек. Кез келген қиындықтарға, жабысқан дерттерге сабыр ету ләзім. Сабыр ету деген сөз, басқа түскен қиындықты әркімге айтып шағымданбау. Бәлкім, қиындыққа сабыр етіп, Алладан медет сұрағандарға сауап беріледі және қиындықтан шығудың жолын сұрап, Алладан шын жәрдем тілесе, құдыреті күшті Жаратушы  оның дұғасын қабыл ететіні сөзсіз.
Шағымданбау ниетімен айтуға рұқсат етілгенімен, оның өзі жақсы емес. Қиындықты кетіре алатын адамға айтуға болады. Мәселен дәрігерге ауруын айту күнә емес.

Алла тағала мейірім еткен құлдарына дерт, қиыншылық жіберу арқылы оның жасаған кемшіліктерін кешіреді. Өйткені адамда барлық істің үнемі жақсы болуы Алланы ұмытуға, Оған қарсы шығуға, харам іс істеуге итермелейді.Сондықтан хадисте: «Мұсылмандарда мына үш нәрсенің бірі болады: кедейшілік, ауру және абыройсыздық» деп білдірілген.

Дерт пен қиындық - күнәларға кәффарат болып табылады. Яғни күнәлардың кешіріміне себепші болады. Құран кәрімде былай делінген: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Алла көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды». Демек, жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша ақыретке қалдырмай, күнәміздің жазасын осы дүниеде тартамыз, ал бұл дүниедегі жаза ақыреттегіден жеңіл.

Кейде адам баласы басына түскен қиындықты Құдайдың қарғысы деп қабылдап жатады. Ісім оңға баспай, қырсық шалды дейтіндер мына өмірдің бір ырғақта, ешбір кедергісіз болғанын қалайды. Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Уа,  Алла Елшісі! Қайсы адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді.
Демек, сынақтың мақсаты – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін татады. Ал, бұл – дүниеге бергісіз сезім. Әрине, адам болмысы жеңілдікке, оңайлыққа құмар. Алайда, жай тас пен жауһар тастың айырмашылығы жауһарға жұмсалған қажырлы еңбек пен сабырлылықтан байқалады. Сол іспетті, дүниелік сынаққа сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байи түседі. Ал, бұл оңайлықпен келмейді. Сабырсыз бен қиыншылыққа төзімсіз жан бұл шыңды бағындыра алмайды.

Алла емтиханынан және сынағынан ешбір пенде тыс қалмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім тұрмысының таршылығын шағымданып таң аттырар болса, ол Раббысына шағымданғандай болады. Ал, кім дүниелік іс үшін өкініп таң аттырса, Аллаһ тағалаға ашуланып таң атырғандай болады...», – деген сөзі бар.

Осы мәселе Құранда («Хаж» сүресінің 11-аяты) былайша баяндалған:«Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаһқа ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді».

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таңсәріде сахабаларының алдына шығып: «Бүгінгі таңды қалай атырдыңдар?»– деп сұрайды. Олар: «Аллаға иман еткен күйде»,– деп жауап қайырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иман еткендеріңнің белгісі не?»– деп қайта сұрады. Олар: «Қиыншылыққа сабыр етеміз, кеңшілікке шүкіршілік етеміз, Алланың жазғанына ризашылық білдіреміз»,– дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қағбаның Иесімен ант етемін, сендер шынайы мүминсіңдер»,– деген екен.

Біз де сахабалар секілді сабырлық пен шүкіршілік етіп қана шынайы мүмин боламыз. Пайғамбар (с,а,у) хадистерінде бір сағат қайғыға сабыр ету бір жыл құлшылық жасағаннан жақсы дейді.

Жаратушы Алла бастарына қиындық келгенде сабыр етіп, сауабын Жаратушыдан үміт ететін ізгі пенделерден етсін.

                          Ақсу ауданының бас имамы Манбетов Анарбай Тасболатұлы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз