https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

АДАЛ КӘСІП ЖАСАУ ДА – ҚҰЛШЫЛЫҚ

06 Mar 2016 0 comment Оқылды: 1722 рет

Ислам – әділдік пен адалдыққа құрылған дін. Дініміз Ислам сонау демократия деген түсінік әлі қалыптаспаған ерте замандардың өзінде адамдар арасында әділдік пен теңдік мәселелерін бекітіп берген.
Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ғұмырының соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, адамзат баласына өшпес үлгі көрсетті. Алла елшісінен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тәлім-тәрбие алған сенімді серіктерінің өмірі де тұнып тұрған әділдік пен адалдық болатын.
Бірақ, өкінішке орай, бүгінгі қоғамда мемлекеттің, қоғамның мүлкіне қол сұғып, тіпті күнделікті тіршілікте таразыда дұрыс өлшемеу, кісінің ақысын жеу, ұрлық, өсімқорлық, алдап-арбаумен кәсіп жасау сияқты мәселелер күрделеніп келеді. Дініміз құптамайтын мұндай іс-әрекеттер қоғамның тұрақсыздығына, іштен бүлінуіне алып келіп, мемлекеттің болашағына қауіп төндіреді. Кезінде әйгілі халифа Омар (р.а.) өз досымен сөйлескенде мемлекеттің майшамын сөндіріп, өзінің жеке майшамын жағуының өзі жауапкершіліктен қатты қорқудың белгісі еді. Міне, осы секілді әрбір жұмысшы өзіне сеніп тапсырылған дүниелерге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Адал жолмен мал тауып, отбасына, елге адал қызмет ету – Алла  Тағаланың әр мұсылманға жүктеген міндеті. Халқымыз қашанда: «Еңбегі бардың өнбегі бар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дейді. Отбасын адал жолмен асырау мақсатында еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетіні белгілі. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» (Бақара» сүресі, 168-аят), – десе, тағы бір сүреде: «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» (Мәида» сүресі, 88-аят), – деп әмір етеді.
Ардақты Пайғамбарымыз да (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға адал еңбек етіп, харамнан мейлінше сақтану керектігін өсиет еткен: «Әй, адамдар! Алла Тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла Пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған», – дейді. Мәселен, «Мүминун» сүресінде: «Әй, Пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», – десе, мұсылмандарға: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер», – деп бұйырады. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына осы сүрені оқығаннан кейін артынша әңгімесін жалғап: «Бір адам қасиетті сапарға шығып, жолда Аллаға қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!», – деп дұға жасайды. «Бірақ бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – дейді. Тағы бірде: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арам екеніне көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған.
Адал кәсіптің артықшылығы
Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) адал еңбек жасап жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге үндеген көптеген хадистері бар. «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде», – дейді.
Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір жолы Сағыд ибн Муазды (р.а)  жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді.
Сондықтан, мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Сонда таза, адал еңбек Алла Тағала алдында мәртебелі болмақ. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі.
 Пайғамбарлар да адал кәсіп жасаған
Ислам діні мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының игілігі үшін жаратқан. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық», – дейді. Осындай құрметті орынға ие адам баласының басты міндеті – Алладан адал кәсіп беруін тілеп, еңбек етуі.
Тарихқа көз жүгіртсек, дініміздің бұл әмірін ең бірінші болып бұлжытпай орындаған пайғамбарлар болды. Хазірет Адам егінші болды. Нұх пайғамбар кеме жасауды үйренсе, Идрис пайғамбар тігінші, Мұса пайғамбар шопан, Дәуіт пайғамбар темірден бұйым жасайтын ұста болды. Ал Иса пайғамбар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды. Дәуіт пайғамбар патша бола тұра, өз кәсібінен басқа нәрседен тамақ жемеді, өз еңбегінен басқа дүниені пайдаланбады. Ол ұста болып, ұсталығымен күн көрді, Зәкәрия ағаш шебері болды. Ал ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым Алла Тағаладан өзін жалқаулықтан, өзгеге қарыз болудан, күпірліктен, біреуге мұқтаж болатын кедейліктен, сараңдықтан сақтауын тіледі. Бір хадисте: «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді», «Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер», «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», – деп адал кәсіпкерлікті, диқаншылық пен мал бағуды уағыздады.
Үш өсиет
Бір күні мешітке үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи (шөл адамы) келеді. Мұны сахабалар пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткізеді. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әлгі ғаріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласыз ба?», – деп сұрайды. Әлгі кісі «Иә» деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Сол кезде Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкеліп, базарға сат», – дейді. Әлгі бәдәуи пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан талабын орындап, табыс табады. Сөйтіп, жалқаулықтан, кедейліктен құтылып, пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының қатарына қосылады. Расында да, адамды аздыратын, жұмыссыздыққа апаратын жол – жалқаулық. Ал жалқаулық адамды ар-намыстан бездіреді. Олай болса, кедейлік қасіретінен құтылуымыз үшін бізге қажетті нәрсе Алладан адал кәсіп тілеп, соған сай әрекет ету. Бұл орайда атақты Лұқпан хәкім өз баласына мынандай өсиет қалдырған екен:
«Ұлым, адал кәсіп етіп, жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:
Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді.
Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.
Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады», – деген екен.
Омардың (р.а.) өсиеті
Хазіреті Омар (р.а.): «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр», – деп ризығын іздеместен құр отырмасын», – деп еңбек етудің маңыздылығын, құр қол қусырып отырмау қажеттілігін айтып кеткен. Сондықтан, әр мұсылман баласының басты міндеті адал кәсіп етіп, отбасын да еңбекке баулып, адал өмір сүруге тәрбиелеу.
Әбу Ханифаның (р.а.) адалдығы
Мәзһабымыздың ең үлкен ғалымы Әбу Ханифа білім ізденумен қатар, сауда-саттықпен де айналысқан. Сондықтан ол әрдайым құқықтық және өмірлік мәселелердің қайнаған ортасында жүріп, біліміне сай әрекет жасай білген.
Бiр күнi Әбу Ханифаға бiр әйел келіп жiбек көйлек сататындығын айтып, бағасы жүз теңге дейді.
Әбу Ханифа:
– Мұның құны жүз теңгеден көп. Қаншаға беретiнiңiздi айтыңыз, – дейдi.
Әйел көйлектің бағасын көтере отырып, бағасын төрт жүз теңгеге дейін жеткiзедi.
Әбу Ханифа:
– Бұл әлi де аз, – дегенде, әйел:
– Сiз менiмен қалжыңдасып тұрсыз ба? – деп ашу шақырады.
Әбу Ханифа:
– Жоқ, қалжың емес, шыным. Бiр адам әкелiп, бағасын қойғызайық, – дейдi. Бiр адамды ертiп келедi де, бағасын қойғызады.
Сөйтiп, Әбу Ханифа көйлектi бес жүз теңгеге сатып алады.
Осылайша, ол өзi сатып алушы бола тұра, сатушының қамын ойлап, барша мұсылманға әдiлеттiлiктiң әдемi үлгiсiн көрсетедi.
Алла Тағала баршамызды адал кәсіп тауып, адал ризыққа бөленуді нәсіп еткей! Әмин!

Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,

Солтүстік қазақстан облысының өкіл имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз