https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ізгіліктің бір ізі – алғыс айту

02 Mar 2016 0 comment Оқылды: 2289 рет

Есте болса, Елбасымыз өткен жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында жерімізді мекендеген халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. Сонда Елбасымыз: «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді» деді.

Сонымен қатар, өткен күнін есіне  түсіріп: «Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан, әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды - киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде – 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады - барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді» дегенді Қазақстан Президенті өткенді ұмытпауға шақырып.

Міне, Елбасымыздың тұщымды ойының арқасында көптің қолдауымен ел ішіндегі ұлттар татулығы мен бірлігін онан әрі берік ететін орны бөлек мереке дүниеге келді. Дәлірек айтсақ, 1 - наурыз Елбасының Жарлығымен «Алғыс айту» күні болып бекітілді. Демек, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген аталмыш мереке ұлттар татулығын арттырып, ұлыстар достығын нығайта түсері сөзсіз.

Тағдырдың да жазуы осылай болар, тарих қойнауында қалған кешегі патша империясының солақай саясатымен Қазақстанға көптеген ұлттар бірінен соң бірі келіп, олар күштеп қоныстандыру, сталиндік репрессия, тың игеру секілді себептермен қазақ жеріне табан тіреді. Бүгінде бәрі бір ел болып, тәуелсіз еліміздің азаматына айналып, татулық шаңырағында ғұмыр кешуде. Бажайлап қарасақ, сонау қиын кезеңдерде қазақ халқы кеңпейіл қонақжайлығымен тілі, түрі, діні басқа деп бөліп жармастан барша ұлт өкілдерін бауырына баса білді. Қолындағы барын бөліп, оларға қамқорлық көрсетті. Бұл – мұсылмандықтың һәм адамгершіліктің белгісі.

Мұсылманның сипаты – сүрінгенге сүйеу, құлағанға тіреу, жылағанға жұбаныш бола білу. Дәл осының барлығы қазақ халқының тал бойынан түгел табыла білді. Ислам тарихына зер салсақ, Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларын Мекке шаһарынан Мәдина қаласына қоныс аударуына мүмкіндік туғызды. Өйткені, Меккелік мұсылмандарға өз отандарынан өзге жұртқа көшуге тура келді. Себебіне келсек, мүшріктер оларға қатты қысым жасап, жаңа қабылдаған діндері бойынша өмір сүрулеріне қарсылық көрсетті. Қарсылық көрсетумен қоймай, мұсылмандарды ескі діндеріне қайтару үшін кез-келген зорлық-зомбылық көрсетуден тайынбады. Мүшріктердің адам төзгісіз зұлымдықтарына шыдамдары таусылған меккелік мұсылмандар, Алла жолында туған-туыстарын, үй-жайлары мен мал-мүліктерін, бәрінен де ыстық ұя отандарын тастап кетуге мәжбүр болды.  Сондықтан, олар «мұхажирлер» яғни қоныс аударушылар деп аталды. Олар Мәдина қаласына бет алды. Алайда, оларды күтіп тұрған туған-туыстары жоқ болатын.

Дегенмен, Пайғамбарымыз (ﷺ) жергілікті мәдиналық мұсылмандар мен сол жерге қоныс аударып келген меккелік мұсылмандарды екі-екеуден бауыр етіп, нағыз мұсылмандықтың үлгісін қалыптастырды. Ал, мәдиналық мұсылмандар өз жұрттарына қоныс аударып келген мұсылман бауырларына жәрдем етуде бір-бірімен өзара жарысқа түсті. Осынысымен «ансарлар», яғни  «жәрдем берушілер» деген атқа ие болды. Мәдиналық отбасы бір мұхажир отбасын жанына алып, баспана салулары үшін оларға артық жерлерін берді. Мұхажир сахабалар (қоныстанушылар) Мәдинадағы ансар (жәрдем беруші) бауырларына шын көңілден разы болып, өз нәпақаларын өздері табуға тырысып бақты.  Пайғамбарымыздың (ﷺ) мұхажир Абдуррахман бин Ауф (р.ғ.) пен мәдиналық Саад бин Рабиді (р.ғ.) бауырлас еткені көпке үлгі.  

Бірде Саад ибн Раби Абдуррахман бин Ауфқа былай дейді:

- Мен Мәдинадағы ең бай адамдардың бірімін. Саған мал-мүлкімнің жартысын бөліп беремін..., - деді. Абдуррахман бин Ауф болса (р.ғ.):

- Алла тағала мал-мүлкіңе береке берсін. Отбасыңа да амандық берсін. Сен маған Мәдинаның базарын көрсетсең сол жеткілікті, - дейді.

Мұншалықты жақсылық көрмеген мұхажирлер ансарлықтардың жомарттығына қайран қалып, іштеріндегі таңырқау сезімін жасыра алмай сүйікті Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Ей, Алланың Елшісі! Біз бұған дейін бай-дәулеттілері мол-мол беретін, кедейлері де барын өзгелермен бөлісетін ансарлықтардан да қолы ашық, жомарт бір қауым көрмедік. Барлық күнкөріс қажеттерімізді беріп, бізді мал-мүліктеріне ортақ қылды. Барлық сауапты солар алып қояды ма, деп қорқамыз», - деді ағынан жарылып. Бұл да болса, үлкен алғыс пен олардың қамқорлығына көрсеткен қызығушылығы болса керек. Ал, Құранда ансарлықтардың көрінісі былай суреттеледі: «Мұһажирлерден бұрын Мәдинаны отан қылып, имандарында шынайы болғандар (ансарлықтар) өз жұрттарына көшіп келгендерді жақсы көреді және мұһажирлерге берілген нәрселерге бола көңілдерінде қызғаныш сезімі оянбайды. Тіпті, өздері мұқтаж болып тұрса да, оларды өз жандарынан артық көреді». («Хашр» сүресі, 9-аят)

Иә, әрбір халімізге шүкір ете білуіміз керек. Шүкір еткен құлына Алла нығметін арттырып берері тағы бар.Алла Тағалаға шүкір еткеніміз секілді жақсылығы өткен жұмыр басты пендеге де алғыс айту – сауап амал.Пайғамбарымыз (ﷺ): «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға айтар алғысы (шүкірі) жоқ», -дейді. Адамдардың өзара жасаған жақсылықтарын елеп, бір-біріне алғыс білдіруі көптеген пайда әкеледі. Арада сүйіспеншілік артып, адами құндылықтардың қадірі бағаланады. Бір хадисте: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер», – дейді Алла Елшісі (ﷺ).

Елбасы көтерген «Алғыс айту» күні бастамасын әрбір ұлт өкілдері қолдап, оның мәнісіне терең бойлай білуі керек. Ал, өзгеден жақсылық көрген адам онысын еш ұмытпай, әрдайым тілімен, ісімен немесе дұға-тілегімен алғысын айта жүреді. Дана халқымыз да кейінгілерге: «Қарғыс алма, алғыс ал!» деп өнегелі сөз қалдырған. Олай болса, қазақ халқын, елін, жерін Алла алғыстан айырмасын деп тілейік.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ наиб мүфтиі

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз