https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Баланың көзінше ұрсысудың зияны

20 Feb 2016 0 comment Оқылды: 1239 рет

Балалардың ата-аналарының қасына жатқысы келетіні бәрімізге белгілі жағдай. Бес жасар Айым да түнде қорқатындықтан, төсекте жалғыз жата алмайтын бүлдіршіннің бірі. Ата-анасы қыздарының қорқу себебін білу әрі соны шешу үшін арнайы маманға жүгінеді. Маман өзі жүргізген зерттеулер нәтижесінде бүлдіршінде әкем шешемді ұрып қоя ма деген қорқыныш барын анықтайды. Осы себепті анасының жанында ұйықтап, оны қорғаймын деп ойлайтын көрінеді. Нәтижемен танысқанда бәрі таңғалады. Өйткені ерлі- зайыптылар өз жанұясын бақытты деп білетін. Кейіннен отбасы туралы зерттеуде тағы бір шындықтың беті ашылады: қыздары әлі үш жасар кезінде әкесі анасын ұрған екен. Ата-анасы екі жыл бұрын болған бұл оқиғаның балаға осыншалықты әсері болады деп ойламаған-ды. Егер осы бір түйткілді мәселені шеше алса, Айымның да қорқынышы кетер еді. Кеш те болса, күйеуі әйелінен кешірім сұрап, мәселе шешімін табады. Бірақ өкініштісі сол, баланың осындай ішкі қыжылына әр отбасы шешім таба бермейді.

Отбасылық өмірде бір шаңырақта тұрып жатқан екі бөлек адамның кейде көзқарастары бір жерден шықпауы заңдылық. Шамамен әрбір шаңырақта аз-кем кикілжіңдер орын алуы мүмкін. Бұл тұстағы қате – бұндай кикілжіңнің жиі қайталануы. Ерлі-зайыптылардың сөзбен шымшыласып не күшпен бір-бірінің жанын ауыртуы, махаббат пен сыйластықты үзуі үйдегі балалардың психологиясына ауыр зардабын тигізеді.

Келіспеушілік мүлдем кездеспейтін жанұяны кездестіру мүмкін емес. Алайда жоқ дегенде таласты созбау, соңын тату аяқтау, жанұядағы жарасымдылықты бұзбау ол да бір өнер. Кейде кездесетін болар-болмас сөзге келіп қалулар балаларға көп әсер ете бермейді. Тіпті кейбір мамандардың айтуынша, олардың психологиялық тұрғыдан мықтырақ болуына оң ықпал етуі де кәдік. Алайда талас-тартыстар жиі орын алатын болса әрі ұзаққа созылса, үйден үнемі шу кетпеуі баланың сана-сезіміне кері ықпал етеді. Өйткені бүлдіршіндер оқиғаларды өз әлеміне салып, бәріне өз көзқарасымен қарайды. Психологтардың айтуынша, мектепке дейінгі кезде ата-анасының ұрыс-керісін балалар «Бір-бірін жақтырмайды, сондықтан мені де жақсы көрмейді», «Бір-біріне өрттей өш, маған да жамандық жасаса қайтем» дегендей қабылдайды. 9-10 жастарында кінәні іздей бастайды. «Қайсысыныкі қате, қайсысы көбірек кикілжің тудырады» деп ойлап, екі жақтың қайсыбірін таңдай бастайды. Отбасылық кикілжіңдер әсіресе жасөспірім шақта күйзеліс тудырады. Көңілі далаға ауып, жора-жолдастарымен достыққа көбірек көңіл бөле бастайтын осы уақытта отбасылық ұрыс-керістер баланы өз отбасынан алыстата түседі.

Бала психиатрларының айтуынша, адамдарда қалыптасатын психо-әлеуметтік көптеген мазасыздықтар бала кезде басынан өткен осындай естеліктермен байланысты. Айталық, өмірге селқос қарау, адамдарға өштестікпен қарау, жануарларды қинаудан ләззат алу, өтірік айту, ұрлық жасау, өзіне деген сенімнің азаюы, тартыншақтық секілді көптеген психологиялық мазасыздықтардың түбінде жайсыз отбасында өсу факторы жатыр. Осындай жағдайда өскен балаларда тырнақ тістелеу, өтірік айту, дұрыс ұйықтай алмау, бұтына жіберіп қою, сотқарлық секілді нашар қылықтар кездесуі мүмкін.

 

Балалар естімесін дейміз

Көп ата-аналар ұрыс басталарда балалардың көзінше ұрсыспайық деп басқа бөлмеге өтеді. Кейбір психологтар жақсы ниетпен жасалған осы әрекеттің шынтуайтында дұрыс еместігін айтады. Айталық, басқа бөлмеде айғайласқан ата-анасының даусынан бала өз қиял әлеміндегі соққының ауырлығы мөлшерінде әсерленеді. Ал анығында ата-анасының жанында олардың іс-әрекетін көруі, ата-анасының бірінің жүзіндегі күлімсіреуді және табиғилықты сезуі оның қорқынышын сейілтеді. Сөйтіп бүлдіршін өзін ары қарай да қауіпсіз сезіне бастайды. Бұл тұста маңыздысы, бұл таластың ұрыс- керіске айналмауы әрі мәселені шешуге бағытталуы және міндетті түрде нәтижелі болуы. Сонда барып бүлдіршіндер әркез келіспеушіліктер болатынын, соған қатысты әңгімелер жүретінін де санасына түйіп қояды. Психологтар сөйлескенмен шешілмейтін немесе бір жерде түйінделмейтін, қайта үдей түсетін талас-тартысқа балалардың көзінше бармау керектігін ескертеді. Ондай мәселе көтеріле қалған жағдайда «Біз бұл туралы кейін сөйлесейік» деп, тақырыпты жапқан дұрыс.

Отбасылық өмірде балалардың білмегені дұрыс тақырыптар да қозғалуы мүмкін. Егер ата-ана келісе алмаған мәселе болашақта балалар алаңдайтындай: бар дүниеден айрылу, қарызға бату, ауру секілді тақырыптар болса, онда балаларды бұндай уайымға салмау керек. Немесе талас себебі баланың оқуына, тәлім-тәрбиесіне қатысты болса, ол жоқ жерде сөйлесіп, шешілгеннен кейін барып оған айтылғаны дұрыс. Кері жағдайда өз қалауын немесе істеген ісін құптамаған ата-анасына ашулануы мүмкін. Үлкендер талас-тартыс кезінде бір-бірін кінәласа, балалардың әлемінде қате істейтін ата-анаға деген сенім азая түседі. Сенім ұялата алмаған ата-ананы алда анағұрлым қиын күндер күтіп тұрады.

 

Талас-тартыстың жөні қандай болуы керек?

Ерлі-зайыптылар бір мәселеде келіспей қалған кездерінде, оның соңы қатты ұрыс-керіске ұласып кетпеуіне көңіл бөлуі керек. Ол үшін шешімі қиын мәселені қозғамауға, бұрынғы қателіктерді жиі бетке баспаған жөн.

Дауыс ырғағы, іс-қимыл және қозғалыспен әсіресе айтылатын сөзді таңдағанда, аса мән беру керек. Баланың жанында «болды, ажырасамыз», «өңіретіп тастап кетем» немесе «сені енді желкемнің шұқыры көрсін» деген секілді қорқыныш ұялататын сөздерді ешқашан айтуға болмайды.

Ата-ана бір-бірін балаға сырттай жамандап, оны бір жаққа шығуға қинамауы керек. Олар өз ашуын балаларға ешқашан білдірмегені жөн. Араларындағы мәселені өздері шеше алмаса, психолог маманның кеңесіне жүгіну де артықтық етпейді.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз