Алла Тағаланың мейрімі адам баласына шексіз. Ол әр пендесін өте қатты жақсы көреді. Жаратушы адамдардың ешқайсысын алаламайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай Алланың алдында адамдар тарақтың жүзіндей тең. Тек адамдардың өздері ниеттерімен амалдарына қарай әртүрлі дәрежеге ие болады. Тіпті адамдардың амалына сай дәрежесі періштелердің дәрежесіненде жоғары болуға мүмкіндігі бар. Құран Кәрімде: «...олар жаратылыстың ең абзалы»,-делінген. Періштелердің өзі адамдарға қызмет етеді. Өкінішке орай кейбір адамдар жаратушыға сенбей және күнәлі істер арқылы жаратылыстың ең төмен деңгейіне түседі. Азғантай ғана тіршілікте хайуандарданда төмен болып өмір кешеді. Адамдар бір-бірін мына жалғанда бай, бастық немесе пәленше кедей, түленше әлсіз немесе еден жуушы деген сияқты өзара бөлуі мүмкін. Ал, Алла Тағалаға жүрегің пәк, амалың таза болса болғаны дәрежеңді өсіріп, мейір-шапағатын төгеді. Тіпті Алла Тағаланың мейрімі ананың балаға деген мейрімінен әлде қайда жоғары. Ұлы Раббымыз әрбір пендесінің екі дүниеде де бақытты, әр күнінің қуанышта және артынан мәңгілік өлмейтін ізгі із қалдырып өмір сүруін қалайды. Сол үшін мыңдаған пайғамбарлар мен кітаптар жіберді. Кұран Кәрім мен хадистер бақытты өмір сүруді үйрететін негізгі қағида әрі өлшем.
Осы өмірде барлық адам бақытты өмір сүргісі келеді. Қандайда пәле-жала, жаманшылықтардан аман болсақ екен деп ойлайды. Жанталасып ертелі-кеш жұмыс жасап тырысқанымен, кейде ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмай көпшілігі қиналып жүреді. Егер Жаратушы Иеміз адамды сүйіспеншілікпен жаратса, бақытты болуларын қаласа, неге онда адамдар қиналады? Әлбетте, олар Алла Тағалаға шын сеніп, тілегенін беретініне еш күмән келтірмесе сөзсіз жарылқар еді. Алла Тағала өз сөзі құдси хадисте: «Құлым мені қандай деп ойласа, Мен ол үшін сондай боламын...»,- деген.
Енді осы хадисті қалай түсінсек болады. Көп адамдардың шағымына құлақ ассаң «жолым болмай жүр», - деген ойды санасына сіңіріп алған. Одан кейін олардың жолы қалай болмақ. Сол сияқты қазіргі кезде жақсы қыз жоқ немесе пара бермесең жұмыс істей алмайсың деген сияқты ойлармен өздерін кері кетіреді. Ойларына байланысты солай болады да. Тіпті қарапайым ғана мысал: «мен түнде ұйықтай алмаймын», десеңіз ұйықтай алмайсыз.
Ал егер Алла Тағала маған жәрдем береді, ең жақсы жар менің жарым болады немесе адал жолмен қызмет етемін» деп анық сеніп соған сай әрекет етсе, оның ойы мен әрекетіне орай Тәңірін солай танығанындықтан Жаратушы тарапынан жәрдем келеді. Сондықтан Алла Тағала әрбір ізгілікті істерге жәрдем бергенді жақсы көреді деген анық сеніммен әрекет етсеңіз, Құдірет Иесі ойлағаныңызға жеткізеді. Алла Тағала сізді қатты жақсы көреді. Тек ниетіңіз бен жаныңыз таза және ізгілікке құштар, сонымен қатар күнә істерден бойыңызды аулақ етуге тырыссаңыз болғаны. Негізінде әрбір күнәлі іс, келейін деп тұрған жақсылыққа тосқауыл болады.
Сонымен қатар кейбір адамдар маған осыда жеткілікті деп нығметтерді өзі шектеп жатады. Сонысына сай оған ойындағысы беріледі. Негізінен біз абзалын, жақсырағын сұрап үйренуіміз керек. Жоғарыдағы хадис құдсимен Алла Тағаланың айтқысы келіп тұрғаныда осы еді. Барлық мүлік құдреті күшті Иеміздің қолында. Сондықтан кез-келген нәрсе Оған өте жеңіл. Сол үшін үй сұрасаң жақсысын, кеңін, көлік сұрасаң жәйлісін сұрайық деген сияқты абзалын сұраған дұрыс. Тіпті кейбір адамдар ұрпақ сұрағанда “Бала бер” деп сұрайды. Кейін сол балалары өздерінің өмірін өкінішке айналдырып жатады. Негізі «салихалы, ата-анасына қайрымды саналы бала бере гөр»,- дегендей ізгілігімен сұраған жөн.
Тобықтай түйінін айтар болсақ, адамның мақсаты ұлы болу керек. Бұл жоғарыдағы хадис Құдсиден түйген тұжырым. Аллаға нақ сенген адамның мақсаты үлкен болады. Өйткені ол, қиямет күні есеп-қисап болатын күнге ертелі-кеш ерінбей еңбек етіп, дайындық қылады. Ұрпақ өсірсе, осы ұрпақтарым әлемді аузына қарататын ғалым немесе халықты ізгіліке бастап, ел арасында жайылып кеткен жаманшылықтарды ақылмен тоқтата білетін көсем болады деген ірі ойлармен әрекет ететін болады.
Әлбетте Аллаға деген шын сенімен, үміт етіп, әрекет етсеңіз бәріне қол жеткізе береріміз хақ. Алла үлкен мақсатта өмір сүріп, тілектерімізге жете беруімізді нәсіп етсін.
ҚМДБ Талдықорған өңірі
бойынша өкіл имамы: Серікхан Рымханұлы