https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Валентин емес, бәлелі түн

13 Feb 2016 0 comment Оқылды: 1624 рет

Шүкір, қоғамда 14 ақпанды елемейтін, мереке санамайтын сана қалыптасып келеді. Сонымен қатар, бәзбіреулер «бұлар ақпан басталса, жылдағы әдетіне басып, Валентин күнін қаралауды бастайды, сен де қалма» деп қарсылық жасаушыларға мұрын шүйіретін, түйрелеуге тырысатын ерме ессіздік те қылаң бере бастады. Бесіктен белі шықпаған балабақшадағы бүлдіршіндер бір-біріне жүректің суреті бар «открыткалар» сыйлайды.

Атам қазақ өңі түгіл түсінде көрмеген «қасиетсіз Валентин күнін» жылда осылай дүркіретіп өткізіп, қазақтың кім көрінгенге қолдана бермейтін «қасиетті» деген сөзін қайдағы бір Валентинге апарып таңа салатындай  ол кім еді?!

269 жылдары Кладвий ІІ атты патша өмір сүрген екен. Ол патша Рим мемлекетінің шекарасын кеңейтуді ойлап, жаңа жорықтар ұйымдастырмақ болады. Бірақ, патша қанша әуреленгенімен, әскер жинай алмайды. Қаһарына мінген патша: «бұдан былай бірде-бір жауынгер әскери борышын өтемейінше, үйленуші болмасын! Жарлықты бұзған адам, өлім жазасына кесіледі» деп үкім шығарады.

Бұл қауым кітап иелерінен болғандықтан, некесіз әйелге жақындасу күнә екенін білетін. Патшаға қарсы шығудың күнәсін түсінген әкейлердің кез-келгені басын қатерге тігіп, жастардың некесін қиып күнә арқалағысы келмеді. Бірақ, бір Терни есімді дәрігер ерлеп шығады. Біраз адамды некелеп жіберген оны күзет біліп қойып, зынданға тастайды. Түрме бастығы дәрігер екенін біліп, хас сұлу қызын емдеп беруін сұрайды. Валентин қызға көңілі толқып кетіп, ғашық болып қалады. Өлім жазасына кесілген ол сезімін білдіре алмай, дарға асылатын ақпанның 14-і күні «Мен саған ғашықпын» деп хат жазады. Патша оны дарға асып, басын шауып, денесін өртетіп жіберіпті. Осыдан бастап, Терни жақшаның ішінде «әулиеге» айналған-мыс.

Әуелі «әулие» сөзінің мағынасын қарайық. Әулие деген: Құдай өзі нұсқаған «Құдайға құлшылық еткен құл», «Алланың тыйымдарынан тыйылып,  бұйрықтарын орындау арқылы Аллаға жақындаған адам» деген мағынаны береді. Құдай құптамаған некемен айналысқан адамның Құдайдың сүйікті құлы емесі түсінікті.

Қазақ мұндай азғындыққа бой ұрғандарды ат құйрығына байлап қорлаған. Одан да сорақысы ел басына күн туған жағдайда, қатынның етегіне тығылатын, ер емес ездердің ісін құптап, оны қолдаған адамның опалы болуы мүмкін бе? Опасыз жанда Отан бар ма? Жоқ, әрине.

Бұл көлденең көңіл көтеру ата-бабаларымыз ұстанған мұсылмандық, моральдық құндылықтардан ауылы алыс. Санасы ояу ата-ана бұл мереке жақындаған сайын қынжылады. Өйткені, олар өз балаларының түпкі негізі ар-ұжданға және әдептілікке қайшы келетін жеңілтек сезімге беріліп көңіл көтеруін және тәрбиелік мәні жоқ осындай төмен деңгейлі мерекелерге қатысуын қаламайды. Мұсылман адам махаббат сезімін біреуге білдіру ісіне жеңіл қарамауы қажет, ол өзінің жүректен шығатын ыстық сезімін көрінгеннің қолына ұстата салмай, болашақта отбасын құруға, және де өзінің адал жарына сақтап жүруі тиіс.

Келешек келінге сезім білдіріп некелесу үшін арнайы бір күнді белгілеп, 14 ақпанды күтіп жүру – қисынсыз қиял. Сондықтан, бұл мейрамның белгілі бір ежелгі елдердің тарихи күніне белгіленуі артында тұрған алпауыттар үшін мейрамның көлеңкесінде жәй кезде рұқсат етіле бермейтін қылықтарды адалдаудың тиімді жолы. Мәселен, «көгілдірлері жоқ ел көгермейді» деп есептей бастаған Батыс үшін бір жыныстылардың некесін заңдастыруы – дәл осындай мейрамдарға елдің етін үйретуден басталған.

Демек, Валентин күні жәй ғана ешкімге ешқандай зияны жоқ, бір біріне сыйлық ұсына салатын бейкүнә мереке емес. Егер сенбесеңіздер, жақын жердегі «валентинка» сататын орынға барып көріңіз! Ол жерде сіз жай қарапайым ғана деп санап жүрген «Мен сені сүйемін!» деген открыткаларды ғана емес, сексуалдық сипаты сыртына шығып тұрған «Ты мой, я - твоя!», «Мой страстный!», «Я помню первый поцелуй!», «Зайчик мой!», «Я не забуду наше первое свидание!» сияқты және соларға ұқсас мәтіндегі «открыткаларды» табасыз.

Ал оларды бір-біріне сыйлап жатқан – мына біздің бауыр етіміз болған балаларымыз, намысымыздың бір бөлігі болуға тиіс әпке-қарындастарымыз, арам пиғылдардағылардың қиянатынан біз қорғауға тиісті болған аға-інілеріміз, тіпті біздің ата-аналарымыз. Таң қаларлық бір жағдай: анамыздың жұмыс орнындағы әріптесі оған «Сен ең әдемі әйелсің!» деп «валентинка» сыйласа, әкелеріміз намыстанбайтын, тіпті қызғанбайтын болған.

«Онда тұрған не бар дейсің? Барлығы солай жасап жатыр», - деген құтқармайтын ақталма сөз тауып алған. Алайда, әтеш екеш әтеш те ауладағы тауықтарды жанын бергенше қорғап бағады. Текті айғырлар үйіріне бөтен айғыр жолатпайды. Хайуанның бойынан табылған қызғаныш қасиеті кейде адамның бойынан табылмай жататыны өкінішті-ақ.

Бұл тұста Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, «Әйелін бөгде еркектерден қызғанбайтын еркек жәннәттің исін де сезбейді!» деп ескерткенін еске салған жөн. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, «Үш адам жаннатқа кірмейді: ата-анасының қарғысына ұшырағандар, "дайюс" (әйелін, қарындасы, анасын әрі туыс қарындас әпкелерін қызғанбайтын еркек) және өзін еркекке ұқсатқан әйел» - деген.

Зинақорлық

Валентин күні – азғындау мен ойнастықтың ошағы. Олай дейтініміз – қазақ қызы ешқашан бірінші болып өз сезімін білдірмеген. Мұндай әдептіліктен біздің халқымыз ұтпаса, ұтылған жоқ. Бүгін сол «өлдім, талдым» дегендер аз ғана уақыттан кейін ажырасып кетіп жатыр. Артында көзі мөлдіреген қарадомалақтар қалады. Олардың  жанарына қарауға жасқанасың.

Бұл күні мейрамханалар мен қонақүйлер келушілерге лық толы болады. Арақ-шарапқа сұраныс еселеп артады. Ащы суды сіміріп алған қыздар білегінен ұстағанның жетегінде жемтік болады. Елімізде жылына ресми тіркелген 300 мыңдай аборт жасалады. Олардың көбі осындай бір күндік жалған махабаттың құрбаны еместігіне кепіл жоқ. Бұл күні жігіттер қыздарға, тіпті үйлі-жайлы ер азаматтар қызметтес қоластындағы қыз-қырқынға, келіншектерге сыйлық ұсынып жататынын байқап қаламыз. Мұның арты жақсылықпен аяқталмайтынын оқырман қауымның іші сезіп отырған болар.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» аятында: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол – арсыздық және жаман жол»,-деп зинаға дейінгі түрлі әрекеттерден аулақ болуды бұйырады.

Ғұлама имам Ахмад: «Адам өлтіруден кейін зинадан гөрі үлкен күнәні білмеймін»,- деген. Қазақ қоғамында болмаған СПИД, нашақорлық, жезөкшелік сияқты қоғамдық дерттеріміздің негізінде осындай, алғаш қарағанда еш зияны жоқ сияқты болып көрінетін, ұлттық менталитетімізге, мұсылмандық болмысымызға жат қылықтарды насихаттау жатыр емес деп кім айта алады?

Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, «Қайсы елде бұзықтық пайда болып, олар оны ашық түрде  жасай беретін болса, олардың арасында оба және өздерінен бұрынғыларда болмаған аурулар пайда болады»,-деген.

Зинақорлық жасаушы қоғамның дұға-тілектері қабыл болмайды. Өйткені Алла Елшісі «Түннің жартысында аспан есіктері ашылып, бір шақырушы: «Дұға етуші бар ма, оның дұғасы қабыл алынады. Сұраушы бар ма, оған беріледі. Қиналған бар ма, одан жеңілдетіледі»,-дейді. Осылайша, дұға етіп тұрған қайсы мұсылман болса, Алла оның дұғасын қабылдайды. Бірақ ұятты жеріне еге болмаған зинақор ер-әйелдікі қабыл болмайды»,-деді.  

Бұл – қарғысқа ұшыраған ілгерідегі көпқұдайшылардың азғындық мейрамы. Себебі, римдіктерде 14 ақпан күні тойланатын өздері ойлап шығарған «Жер Құдайына» (Алла сақтасын!) арналған мереке бар болатын. Осы мейрам барысында орындалатын бір рәсім мынадай екен: Қыз-келіншектер есімдері жазылған қағазды қораптың ішіне тастайды. Ал, еркектер қораптан есімі жазылған қағазды тартып шығарады да, өзіне мерекелік серік таңдап алады. Бұл осылайша нәпсіқұмарлық мәнге ие болып, сол күні танысқан серіктер білгенін істеген.

Валентин ба, әлде бәлен тиын ба?

Осы мерекенің тойлануына мүдделі топтар жастарымыздың санасын улап, ұлттық болмысынан айырып,  мақтамен бауыздап, теріс пиғылдарын дау-жанжалсыз, ұрыс-керіссіз тамаша іске асырса, екінші жағынан өз саудаларын жүргізіп қыруар пайдаға кенелуде. Осы күні көптеген компаниялар ақшаның астында қалады. Бұл күні миллиондаған доллар шоколад, ішімдік, құттықтау хаттар, әшекей сынды түрлі сыйлықтарға жұмсалуда. Мейлінше көп адам мерекені атап өтсе, соншалықты табыс та молая түседі. Сондықтан, ақпарат құралдары оны жабыла насихаттауға кірісіп кеткен. Олар түрлі бәйгелер ұйымдастырып, көпшіліктің назарын өздеріне аудартады.

Тек қана әуе жолымен жүк тасымалдайтын «Луфганзо Карго» компаниясына еуропалықтар осы мейрамға орай Кения, Эквадор, Колумбия елдерінен 1 миллион тонна раушан гүлін жеткізуге тапсырыс береді екен. АҚШ тұрғындарына күніне ұшақпен 25 рейске дейін гүл тасымалданады. Бұл күндері колумбиялық гүл өсірушілер жылдық табыстың 30 пайызына  ие болады.

2012 жылы Гонконг тұрғындарынан түрлі шоколадтарға, әшекейлерге «Валентин күні» сұраныс артқан соң, олардың бағасы 30-40 пайызға көтеріліп кеткен. Сондай-ақ, олар раушан дестелеріне де аса құмар. 99 раушанды біріктіретін бір дестенің құны 8 мың гонконг (1 мың АҚШ долларынан астам) юаньын құрайды. Байқап отырғаныңыздай, бұл «мереке» бәзбіреулер үшін қыруар пайданың көзі. Бұдан оның таза, адал сезімге қатысы жоқ екенін байқауға болады.

Айтпақшы, орыс жастары православ шіркеуінің сенушілері католиктер мерекесі саналатын «Валентинді» тойлаудан бас тартыпты. Өзбекстанда мемлекеттік тұрғыда тыйым салынған. Түрікменстанда да солай. Жергілікті мейрамханалар мен кафелердің басшыларына 14-і күні отырыстар ұйымдастыруға болмайтындығы қатаң ескертілген. Осылардың өзі ойланарлық дүние.

Махаббат күні керек пе?

Жалпы, махаббат күні мүлдем керек емес. Неге десеңіз, ат қойып, айдар тағатындай махаббат дегенің еленбей қалатын зат емес. Және махаббат тобыр болып тойлайтын сезім емес, жекеленген жүректердің ішкі иірімінен шығатын дүние. Осынау нәзік сезімді жалпақ жұртқа жариялап, айқайлап айта беру оның қасиетін кеміткен үстіне кеміте бермек.

Бұл тұста ұлы Абайдың «Махаббат тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» қағидасын бір еске алып қойған жөн. Сосын, Валентин күнін Қыз Жібек күніне ауыстырып, алдына «ұлттық» деген сөз қосқаннан аса қатты өзгеріс бола қоя ма дейтін күмән бар. Себебі, қосылғыштардың орны ауысқанмен қосынды өзгермейді. 14 ақпанда болатын жағдай басқа бір белгіленген күні де қайталана беру қаупі бар. Мұндай әрекетпен ұлттық рухты оятам деу – жай тірлік деп ойлаймын. Өйткені, Төлеген мен Қыз Жібек махабаты ешқандай күнге тәуелді болған жоқ еді. Яғни, мұндай мағынасыз маневрдан қазақ ұтылмаса, ештеңе ұтпайды.

 Түйін

Кез-келген көкірегі ояу қарындасымыз арлы жігітпен, ал інішектер салиқалы қызбен отау құруды армандайды. Игі мақсатқа қол жеткізуде Құраннан асқан кеңесші жоқ. Алла Тағала «Нұр» сүресінде «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, сондай-ақ игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық. Олар үшін жарылқау әрі көркем несібе бар» деген.

Алла Тағала бұл жерде отау құрып отасқандардың бір-біріне лайық болатынын анық көрсетіп тұр. Арпа егіп, бидай оруды армандау қандай қисынсыз болса, зинақорлық пен сауық құрған адамның салиқалы отбасын армандауы да сол сияқты. Текті әрі батыр, ұлтжанды әрі намысшыл, дана әрі жанашыр ұрпақ тек иманды ер мен салиқалы әйелдің отауының құрсағына бітетіні анық. Сондықтан махаббат деген құнды сезімді бір күндік арсыздықпен ластамайық.

Жоламан ДҮЙСЕНОВ,

jaqsy.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз