https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті

11 Feb 2016 0 comment Оқылды: 2179 рет

Махаббат сөзінің мағынасы өте ауқымды. Махаббат – сүйіспеншілік, ынтызарлық, ғашықтық деген мағыналарға саяды. Махаббат деген кезде тек ермен әйелдін арасындағы сезіммен шектеліп қалмауымыз қажет.

Қазіргі уақыттағы кеңінен насихатталып жүрген мәселелердің бірі, қоғамдағы махаббат түсінігінің ауқымын тарылтып, тек төсек қатынасымен ғана байланысытру. Осындай тар түсініктің нәтижесінде дәстүрлі дінімізде тиым салынған, әдет-ғұрпымызда арсыздыққа бағаланған некесіз төсек қатынас дертінің көбейуінің салдарын көруге мәжбүр болудамыз.

Баршамызға белгілі болған нәрсе, Ақпан айы келісімен махаббаттың анайы түрінің насихаты бірге келеді. Қазаққа еш қатысы жоқ «Әулие Валентин» күнін жастарымыз тойлап, бір-біріне махаббат символына айналған жүрекшелер силап, кім көрінгеннің бәріне: «мен сені сүйемін»,-деп жар салатыны да баршаға мәлім. Бұл «мерекелер» салдарының қандай екені бір Аллаға ғана аян...

Елімізді дүр сілкіндірген соңғы оқиғалар жаға ұстатты. Жамбыл облысында 15 жасар қыз бала көлік ішінде босанып, қыздың анасы жаңа туған нәрестені жауыздықпен терезеден лақтырып жібергені, Тараз қаласында, безбүйрек ана баласын дүниеге әкеле салысымен дәретханаға тастағаны ойыннан от шықты дегеннің белгілері емеспе? Алысқа бармай-ақ қойайық. Өткен 2015 жылы Қостанай облысы бойынша ғана 5641 адам жасанды түсік жасаған екен. Ол жүкті болған әйелдер санының 44,07% құрайды екен. Соның ішінде 49 жасқа дейінгілер 1267 әйел, 34 жасқа дейінгілер 4250 әйел, 18 жасқа дейінгілер 123 қыз, 15 жасқа дейін 1 қыз бала жасанды түсік жасатқан екен1.

Алла Тағала Қасиетті құран кәрімде:

)وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا(2

«Зинаға3, тіпті жоламаңдар! Өйткені, ол – барып тұрған азғындық, (кісіні тозаққа сүйрейтін) жаман жол!»4 – деп қатан түрде ескерткен. Алла Тағала бұл аятта «жоламаңдар» деген сөзімен ескерткенінде де терең мән жатқаны түсінікті. Жасамақ түгіл оған жолаудың өзі ауыр қылмыс екендігін айтып, зардабы үлкен екендігін аңғартуда. Сүйдім-күйдім деп жастарымыз мектеп табалдырығынан аттамай жатып, опасыз тірліке кетіп жатқаны, үлкендердің жастарға дұрыс тәлім-тәрбие бере алмай жатқандығын аңғартады. Ислам діні адам баласына тек жақсылықпен дұрыстықты меңзейді. Алла Тағаланың бізді ескертіп, «жоламаңдар» деп, тиым салған ісінің салдары адам баласының денсаулығына да нұқсан әкелетіндігі белгілі. Қазіргі уақытта түрлі атпен танылған жыныстық аурулардың түрлері де өте көп. Солардың бірі, бүгінгі таңда ешбір емі табылмай жатқан әлемге танылған ЖҚДБ (СПИД) ауруының бастауы да осы зинақорлық кесірінен емеспе?

Тағыда басқа бір аятта Алла Тағала былай деді:

وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَٰهًا آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ يَلْقَ أَثَامًا (68) يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَانًا (69)5

«Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуін арам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады. Қиямет күні, еселеніп азап болады. Олар онда қор болып, мүлде қалады»6,- деп зинақорлардың ақыретте жан түршігерлік азапқа душар болатындығын да ескерткен.

Жастарымызға махаббат тек ермен әйелдің арасындағы қарым қатынас қана деп түсіндірмей, махаббаттың басқа да ұғымдары мен тұстарын ұғындырған жөн. Мәселен:

- Алла Тағалаға деген махаббат. Өйткені Раббымыз бізге өмір сыйлаумен қатар, сансыз нығметтерін де қоса тарту етті.

- Ата-ана мен бала арасындағы махаббат. Себебі олар біздің бұл дүниеге келіп, өсіп, жетілуімізеге себепші болды.

- Аналық махаббат. Тоғыз ай көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, біз үшін жанын салған.

- Әкелік махаббат. Баласы үшін басын тауға да тасқа да соққан.

Осындай махаббаттың көптеген түрі бар екендігін ескергеніміз дұрыс болар сірә.

Шынайы шексіз махаббатқа ең алдымен Ұлы Жаратушы Иеміз лайықты, одан кейін ақпен қараны ажыратып, Алланың әмірін насихаттап, жер бетіне тек мейірімділік үшін жіберілген Алланың сүйікті елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) лайықты. Содан кейін барып ата-анаң, содан соң қалғандары екендігі айтпай-ақ түсінікті.

Қазақтын біртуар данышпан ақыны Абай Құнанбайұлы:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл»,- деп дінге деген махаббаттың негізін атап кетті.

Дегенмен, әркім ақретте өз сүйгенімен бірге болады. Бірақ адам сүйгенімен бірге болып, шын бақытқа жету үшін бес уақыт намаз оқуы керек.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

(وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَأُولَٰئِكَ مَعَ الَّذِينَ أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ مِنَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ وَالشُّهَدَاءِ وَالصَّالِحِينَ ۚ وَحَسُنَ أُولَٰئِكَ رَفِيقًا) 7

«Кімде-кім Аллаға және расулына лайықты түрде мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Алланың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, (пайғамбарлардың ең жақын достары) сыддықтармен, шейіттермен және «сенімі, ниеті, ойы, сөзі һәм іс-әрекеті түзу болған) ізгі жандармен бірге болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші»8,-деп сүйіншілесе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адам кімді жақсы көрсе, жәннатта сонымен бірге болады»9,- деп қуантты.

Махаббаттың ең ұлығы Аллаға деген сүйіспеншілік. Ал Раббысымен жолығуды қалаған адам, екі дүниенің сардары болған Хазіреті Мұхаммад Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатты арттыру арқылы жетпек. Ендеше жоғарыда айтқанымыздай Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бір болуымыз үшін әр күнімізді босқа өткізбестен, көп тілек тілеп Алладан сұрағанымыз дұрыс болар.

Қазіргі кезеңде шынайы махаббатты бейнелейтін көркем дүниелер өте аз. Мысалы кино фильмдердің көбі жауыздықты, байлықты, қылмысты көрсетеді. «Кеудесінде шын махаббат сезімі бар адам тек қана ізгілік жолында болады» дейді ұлылар сөзіне құлақ түрсек.

Ал махаббаттың өзі бір ғана тармақтан тұрмайды. Анаға, әкеге, Отанға, туған жерге, өнерге, білімге, досқа деген махаббат ше?! Мұның бәрі де ұлы сезімді ардақтаған адамға жақын. Абайдың «Алланы сүй...» дейтін сөзіне осының бәрі кіреді...

Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденович
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев»
мешітінің бас имамы

1 kostanay.stat.gov.kz Қостанай облыстық статистика сайтынан алынды.
2 Исра сүресі, 32-аят
3 Ер мен әйелдін некесіз төсек қатынасы.
4 «Құран кәрім». Қазақша түсіндірмелі аударма. Көкжиек баспасы Алматы 2015 ж.
5 Фурқан суресі, 68-69-аяттар.
6 «Құран кәрим қазақша мағына және түсінігі». Х.Алтай.
7 «Ниса» сүресі, 69-аят.
8 «Құран кәрім». Қазақша түсіндірмелі аударма. Көкжиек баспасы Алматы 2015ж.
9 Бұхари, Муслим.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз