Жер бетінде көршісімен ең көркем мәміле жасау керек бір адам болса, ол – Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген әйел. «Жақсы болса алғаның үйіңнен кісі кетпейді, жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді» демекші, отының анасы, «бақташысы» болу лауазымы берілген әйелге көршімен де жақсы қарым-қатынас орнату жауапкершілігі жүктелген. Еркек үнемі түзде жүретіндіктен, көрші қажетін сұрап келгенде есік ашатын, ашықса ас үйіндегі барын тосатын, ақыл сұраса жөн сілтейтін, қонақ күтсе қазан-ошағына көмекке жүгіретін – әйел. Ғасырдан ғасырға қаймағы бұзылмай жеткен «көрші парызы», «көрші қарызы» деген жоралғыларды атқаратын да – әйелдер. Ол жасаған әрбір дана қадам көрші-қолаң арасында ерінің абыройының асқақтап, құрметінің артуына себеп болады. Мұндай еркек Алла алдында да ардақты. «Алла есебінде көршілердің ең жақсысы – көршілеріңе ең қайырлы болғаны» делінген хадисте (Тирмизи). Әйелдердің ең жақсысы ерінің құлшылығына көмектесуші емес пе? Ендеше, бүгінгі әңгіме жарының разылығын іздеген әрбір нәзік жандыға маңызды деп білеміз.
1.Көрші әйелдермен күліп амандасу
«Түсі игіден түңілмейтін» қанға сіңген қасиетіміз бар. Еш қиналмай-ақ, адамдарда сен туралы жақсы пікір қалыптасқанын қалайсың ба? Онда, оларға әрдайым жылы жүзбен қара. Жəбир ибн Абдуллаһ (оған Алла разы болсын) атты сахаба: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені көрген сайын жымиып, күлімсірейтін» деген. Ол кісі адамдардың жүрегін жымиған жылы жүзбен жаулайтын. Күлімсіреп қараған адам өзгеге жүрегінің пəктігі мен тазалығын көрсетеді. Осылайша, қалтамыздағы ақшаға еш зиян келтірместен садақа да таратуға болады. «Сенің бауырыңның бетіне күліп қарағаның – садақа» делінген хадисте (Тирмизи).
2. Көрші әйелдер мен балаларға сыйлық үлестіру
Сыйлық – адамның нәпсісіне жағатын нәрсе. Сондай-ақ, сыйлық беру– сүннетте де аса жоғары құпталатын рәсім, құлшылық. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көре алмаушылық жойылсын» деген (Муатта).
Сыйлықтың төмендегідей пайдалары бар:
1. Сүйіспеншілікті оятады;
2. Көре алмаушылықты жояды;
3. Махаббатты арттырады;
4. Құрмет қалыптастырады;
5. Жақындық орнатады.
Бұл – мұсылмандардың аналарынан қалған әдемі дәстүр.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын) айтады: «Уа, Алланың Елшісі! Менің екі көршім бар. Қайсысына сыйлық беремін?» деп сұрадым. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екеуінің ішіндегі есігі жақынына сыйлық бересің» деді» (Бұхари, Ахмад). Сыйлықтың тым қымбат болуы шарт емес. Қалтаңыз көтергеніне қарай, ас үйге қажетті құралдар, ыдыс, орамал т.б алып, ықыласпен, шын жүректен жасар болсаңыз, сөзсіз жүрекке жетеді.
3.Көршіге қайырымдылық жасау
Осынау тамаша амалға бізді құлшындыруға жеткілікті болған екі хадисті айта кетейік. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі) айтты: «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес» (Баззар), «Сулы ас пісірсең сорпасын мол ет. Сосын көршілеріңді ескеріп, оларға да сияпат жаса!» (Муслимнен, сахаба Әбу Заррға айтқан). Ешқашан аз беруден ұялмау керек, ештеңе бермеу – одан да аз. «Бар кезде елу мың теңге садақа беру үшін, жоқ кезде елу теңге садақа беруді әдетке айналдыру қажет». Оның үстіне жарты құрмамен болса да Тозақтан құтылуға асығуға бұйырылдық емес пе? «Бүгін көршіме бір кесе тосап апарып беремін, өйткені, менде бір құты тосап жоқ. Менде ислам діні туралы кітапша бар, келесі аптада кітап болады. Алайда, мен оны күтпей кітапшаны сыйлаймын» деуді әдетке айналдырсақ игі. Өйткені, «Уа, мұсылман әйелдері, аздаған жақсылық жасаудан бірде-бір көрші қысылмайтын болсын, тіпті, бар болғаны қойдың сирағы болса да!» деген өсиет әйелдерге айтылды ғой?! «Сонда кім (заттың) ең кішкентай бөлшегінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді» («Зәлзәлә» сүресі, 7-аят). Дініміз адамды ниетке мән беруді, пейілді бағалауды үйретеді.
4. Мұсылман емес көршілерге көркем мәміле жасау
«Маған Жәбірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен оны мұрагер қылатын шығар деп ойладым» деген хадис есіңізде ме? (Бұхари, Муслим). Көрші ұғымы құлшылық етушіге де, пасыққа да, досқа да, жауға да, бөтен жерден келгенге және жергіліктіге де, пайдалыға да, зарар тигізушіге де, жақынға да, бөтенге де қатысты. Сондықтан, көршілерге дініне, ұлтына қарамастан құрмет көрсетуге бұйырылғанбыз. Оның үстіне, жақсылықтың жаршысы болғымыз келсе, ісімізбен үлгі болу керекпіз. Өйткені, олар біздің Құранымызды, хадисімізді емес, мінез-құлқымызды «оқиды».
Ибну әл-Мубәрәк атты ғұламаның көршісі яһуди болатын. Ол кісі балаларына тамақ беруден алдын яһуди көршісіне беретін, балаларына киім беруден алдын яһуди көршісіне беретін еді. Адамдар сол яһудиге «үйіңді сатшы» дейді. Сонда ол: «Үйім екі мың динар. Үйдің өз бағасы – мың динар. Ал, мың динар – Ибну әл-Мубәракқа көрші болатының үшін»,- дейді. Бұны естіген ғұлама: «Я, Алла, оны исламның нұрына бөлеші»,- деп қатты дұға қылады. Осылайша, ол яһуди Алланың қалауымен ислам дінін қабылдаған екен. Кезінде сапарға шығатын мүшіріктер еш қорықпастан мұсылмандарға заттарын аманатқа тапсырып, көрші тұратын.
5. Өзіңе қалаған жақсылықты көршіге қалау
Адамның біреуге деген пейілі, ниеті, жасаған әрекеті – көп ұзамай алдынан шығады. Пейілі кең пендені Құдай құр қалдырмайды! Сол себепті, өзімізге тілеген игілікті Құдай қосқан көршілерімізге де тілеуді әдетімізге айналдырайық. Бұхаридегі «Өздеріңе қалағанды мұсылман бауырларыңа қаламайынша, иман келтірген болып саналмайсыңдар» деген көпке белгілі хадистің Муслимдегі нұсқасында «Өздеріңе қалағанды көршілеріңе қаламайынша, иман келтірген болып саналмайсыңдар» делінген. Сіз көршіңіздің ауырған жанашырлық танытуын, қаражаттан қысылғанда қарыз бергенін, ашыққанда ас-суын бөліп бергенін қалайсыз ба? Онда сіз мұны өз тарапыңыздан атқарыңыз, олар үшін дұға жасаңыз. Жүрегімізді көреалмаушылық, тәкәппарлық, дүниеңқоңыздық, сараңдық деген аурулардан босату осы көршімен қарым-қатынаста ауадай қажет. Ақын ағамыз жырлағандай:
«Көршіңіз байып жатса қуаныңыз
Қуанғаннан намысың құламайды.
Өйткені сізге бөліп бермесе де,
Қол жайып ештеңкеңді сұрамайды».
6.Көршілердің ағаттықтарына кешіріммен қарау
«Көркем мінездің ең үлкені - өзгелердің елеп-ескеруге тұрмайтын қателік, кемшілігін байқамай өткізе білу» деген екен ғұламалар. Мұндай мінез көршімен қатынаста сәт сайын қажет болмақ. Балаларымыз ұрыс-керіске барып жатады, ауладағы үй жануарларының зияны тиіп кетеді немесе пәтерде тұрсақ су атқылап, түрлі дыбыстар көршілердің мазасын алуы мүмкін. Осындай сәттерде өзін Алла разылығы үшін өзін жеңіп, сабырмен көркемделген әйелдің мәртебесі артпақ. «Көршісінен жамандық көріп, алайда Алла оның зиянынан арылтқанша сабыр сақтаған адамды Алла жақсы көреді» делінген екен хадисте.
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): «Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, көршісіне шағымданды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бар да, сабыр ет»,—деді. Сонда ол кісі екі немесе үш рет қайтып келді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Бар да, заттарыңды жолға шығарып таста»,—деді. Содан кейін ол кісі заттарын жолға шығарып тастады. Сонда адамдар одан не істеп жатқан сұрай бастады. Ол адамдарға болған жағдайды айтып берді. Сөйтіп, адамдар оның көршісіне: «Алла оны мынадай жаза берсін...» т.с.с. лағынет етті. Кейін көршісі келіп: «Үйіңізге қайтыңыз. Енді менен жаман көретін нәрсеңізді көрмейсіз»,—деді» (Әбу Дәуд).
7. Көршіге зиян тигізбеуге тырысу
Нашар әрі жеккөріншті көрші болу – Аллаға өте ұнамсыз амал. Тіпті, ол үшін жаза да бар екендігі ескертілген.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға және Қиямет күніне иман келтіру мен көршісіне зиян тигізуді салыстырған. Бұл зиян тигізу күнәсінің ауырлығын көрсетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, көршісіне зиян тигізбесін»,—деген (Бұхари). Ал Әбу Шурайхтың (Алла оған разы болсын) хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Алламен ант етемін иман келтірмейді. Алламен ант етемін иман келтірмейді. Алламен ант етемін иман келтірмейді». Сонда Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Кім иман келтірмейді?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көршісі оның жамандығынан аман болмаған кісі»,—деді (Бұхари). Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) риуаятында: «Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кімнің көршісі оның жамандығынан аман болмаса, ол Жәннатқа кірмейді» (Муслим).
Әбу Шурайхтың (Алла оған разы болсын) хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көршісі оның жамандығынан аман болмаған кісінің иманы жоқ болатынына үш рет қасам ішеді. Оның мағынасы – жамандықтарынан көршілері аман болмайтын кісінің иманы толық болмайды. Өйткені, ол кісі өзінің зұлымдығымен және жамандығымен өзінің иманын кемітеді.
Мұны білген әрі бойсұнған әйел көршісіне тілімен де, ісімен де зәредей зұлымдық, қылдай қиянат жасап қоюдан барынша сақтанады. Сөйтіп, Раббысының разылығына, адамдардың құрметіне ұмтылады, балаларына үлгілі, жарына сүйікті әйел болуға тырысады.