https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Сіз білуге тиіс исламның 7 сыры

07 Jan 2016 0 comment Оқылды: 1737 рет

Ислам – Алла разы болған соңғы дін, Мұхаммед – елшілердің мөрі. Бұдан кейін дін де, пайғамбар да болмайтыны хақ. Жаратушы қандай кемел болса, Оның діні де соншалықты мінсіз. Және кез келген жобаның, кітаптың, ұйымның, мекеменің мақсаты болатыны секілді, исламның да адамзатқа бақыт сыйлауды місе тұтатын ұлы, айқын, дәлелді мақсаттары бар.

1. Алла Тағаланы таныстыру.

Ешбір нәрсе өздігінен пайда болмайды. Кез келген заттың: қаламның, кітаптың, партаның жасаушысы бары секілді, ешбір міні жоқ ғажайып ғаламның да ұлы жаратушысы бар. Ол – Алла. Әлемдерді Басқарушы, баршамызды Ризықтандырушы, жанымызды Алушы: (Ей Мұхаммед!) Айт: «Егер білсеңдер, жер және ондағылар кімдікі?»-деп. Олар: «Алланыңкі»,-дейді. Айт: «Ендеше, естеріңе алмайсыңдар ма?»-деп. Айт: «Жеті аспанның Раббысы және ұлы Аршының Раббысы кім?»-деп. Олар: «(Барлығы да) Алланыңкі»,-дейді. Айт: «Ендеше Аллаға бойсұнып, жазасынан қорқып, сақтанбайсыңдар ма (тақуалық етпейсіңдер ме)?»-деп. Айт: «Барлық нәрсенің иелігі кімнің қолында болған әрі Өзі қорғайтын және Одан ешқандай қорғаныс болмайтын (кім)? Егер білсеңдер (айтыңдар)»,-деп. Олар: «Алланың»,-дейді. Айт: «Қаншалықты алданудасыңдар (көздерің байланып қалған)?»-деп. («Муминун сүресі,84-89-аяттар).

Ендеше, барлық нәрсенің Иесі болған Алла – құлшылық қылуға лайықты Жалғыз Құдай. Себебі, Одан басқа жарату, жан беру, ризықтандыру құдіретіне ие басқа Тәңір жоқ. Ал мұндай қасиеті жоқ басқа ешбір нәрсе құлшылыққа лайық емес.

Ислам адам баласын Тумаған, Туылмаған, бәрін Естуші, Көруші, Білуші Алланы ғана жақсы көруге, қорқуға, үміт етуге, сұрауға, тәуекел етуге үйретеді. Адам – Алланың алдында ғана құл, басқалармен қарым-қатынаста еркін, құрметті, лайықты қалпын сақтайды.

2. Барлық пайғамбарларға иман келтіру.

Адам атадан (оған Алланың сәлемі болсын) Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дейінгі елшілер мен пайғамбарларға иман келтіруді жеткізу – исламның тағы бір мақсаты. Олардың сөздеріне, әрекеттеріне сену, жақсы көру, барлығының бір-біріне бауыр екенін түсіну әрбір мұсылманнан талап етіледі:«Айтыңдар: «Біз Аллаға сендік және бізге түсірілгенге (Құранға) әрі Ибраһимге, Исмаъилға, Исхаққа, Йаъқубқа және ұрпақтарына түсірілгенге және Мұсаға, Исаға берілгенге әрі Раббысы тарапынан пайғамбарларға берілгенге сендік. Олардың ешқайсысының араларын айырып, бөлмейміз әрі біз тек Оған бойсұнушымыз»,-деп»(«Бақара» сүресі, 136-аят).

3. Адамдардың жаратылудағы мақсатын жеткізу.

Жай ғана стақан немесе түйме мақсатсыз жаратылмайтыны секілді, тұла бойы мінсіздіктен құралған адам баласы да босқа пайда болған жоқ. Алла Тағала Құранда:«Сонда сендер Біз өздеріңді бостан-бос (ермек етіп) жаратты әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?»(«Муминун» сүресі, 115-аят),«Адам баласы өз бетімен қараусыз, бос қалдырыламын деп ойлай ма?!»дейді. («Қийама» сүресі, 36-аят).

Ал«Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым» («Зәрият» сүресі, 56-аят) деген аят адамның өмірлік мақсатын айқындайды. Құлшылық – Алла жақсы көретін, разы болатын барлық амалдарды қамтиды. Және ислам осы мақсатқа жетудің жеңіл әрі дұрыс жолын көрсетеді.

4. Алла мен адам арасында ешбір кедергісіз байланыс орнату.

Ислам адамның жан тазалығын, Алласымен дұрыс қарым-қатынас жасай білуін күзетеді. Пенделердің ешбір көмекшісіз Аллаға тікелей құлшылық жасай алуы – ұлы нығмет. Мұсылман Раббысының кез келген уақытта еститінін, көретінін, жауап беретінін, ешбір жаратылысқа (періштеге, пайғамбарға, адамға) мұқтаж емес екендігін біледі:«(Ей, Мұхаммед!) Ал, қашан құлдарым сенен Мен туралы сұраса, күмәнсіз, Мен өте жақынмын. Қашан менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін. Тура жолмен жүру үшін олар да маған жауап берсін (бұйрығымды орындасын) және Маған сенсін»(«Бақара» сүресі, 186-аят).

5. Адамның ақылын, мүлкін, абыройын, дінін қорғау.

Ислам пенденің өміріне, денсаулығына, ақыл-ойына, мүлкіне, ар-намысына, дініне қамқорлық танытады: «... Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар, Әрі игілік істеңдер. Шын мәнінде, Алла ықыласпен игілік істеушілерді жақсы көреді».(«Бақара» сүресі, 195-аят).

Ислам адамзатты аздыратын: нашақорлыққа, ішімдікке, құмар ойындарға, ұрлыққа, өмірдің қиындауына себеп болатын күнәлі істерге тыйым салды, ал бақытқа жетудің барлық тиімді жолдарын көрсетті. Мұның бәріне де Алла мұқтаж емес, құлдың қамы үшін жасалған жеңілдіктер еді.

6. Жер бетінде бейбітшілік орнату.

«Ислам» сөзі «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, ислам – амандық пен бейбітшіліктің діні деген сөз. Асыл дініміз күллі мұсылманды бір-біріне бауыр етті. Зұлымдық жасаудан, басқаның мүлкіне қол сұғудан, қылмыс жасаудан қайтарады.  Мұхиттың арғы бетіндегі ұлты, тілі, түсі мүлде басқа бауырыңды жақсы көргізген асыл дініміздің сұлулығына қалай тамсанбасқа? Ислам әрібірімізді өзгеге қамқорлық танытуға үндейді:«Бір-бірлеріңе игілікте әрі тақуалықта (Алланың жазасынан қорқып, сақтануда) көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта көмектеспеңдер»(«Мәида» сүресі, 2-аят). «Мүміндер бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне мейірімділік танытуда және бір-бірлеріне сүйіспеншілік көрсетуде бір дене сияқты. Ол дененің бір ағзасы мазасызданса, дененің басқа ағзалары да ұйқысыздықтан мазасы қашады»(Муслим). Әсіресе, исламдағы бауырластықтың көркем үлгісін жыл сайын Мекке қаласына қажылыққа жиналатын мұсылмандардың арасынан байқаймыз.

7. Көркем мінезге, жақсылыққа бастау.

Исламның тағы бір мақсаты – адамдарға жақсылықты жеткізу, жақсы болуға тәрбиелеу. Айтыңызшы, жер бетінде жақсы болғысы келмейтін адам бар ма? Дініміз тұла бойымызды сабыр, сенім, шыншылдық, әділдік, мейірімділік, ұят, жомарттық, салмақтылық, қарапайымдылық, даналық сынды қасиеттермен безендіру жолдарын көрсетеді. Қоғамның тыныштығын бұзатын, Алланың қаһарын шақыратын, Тозаққа бастайтын барлық нашар әдеттерден тыяды. Ата-ана, бала, ерлі-зайыпты, туған-туыс, көрші, қонақтың ғана емес, жан-жануардың, табиғаттың хақысын қарастырған ислам діні расымен де құрметке лайық!

Бұл ақиқи дініміздің даналығының, сұлулығының, құндылығының кейбір тұсы ғана. Асылында, шаңның тозаңындай жамандықты жолатпаған, ешбір қарама-қайшылығы жоқ, барлық қағидасы жеңіл ислам – мүмкін болған барлық игілік пен жақсылықты бойына жинаған кереметтей жүйе. Тек қадірін білуден кеш қалмасақ  игі...

http://asylarna.kz/

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз