Алла жаратқан барлық тіршілік арасында адамның ерекше орны бар. Оған бұл ерекшелікті беріп тұрған оның ойлау қабілеті. Адам ойлау қабілетінің болуының арқасында жақсы мен жаманды , әсемдік пен ұсқынсыздықты, дұрыс пен бұрысты бір- бірінен айыра алады. Адамның сонымен қатар жеу, ішу, ұйықтау секілді қажеттіліктері бар. Бұлар болмаса денеміз өз қызметін атқара алмай , тіршілікті жалғастыруға жарамсыз болып қалады. Дәл сол сияқты адамның сену, ойлану , жақсы көру, қуану, қайғыру, пейілді болу сияқты рухани қажеттіліктері де болады. Солардың ішінде адам үшін ең қажетті қажеттілігі рухани сену, иман келтіру. Міне осы қажеттіліктерінің бәрін тапқанда ғана адам шын мәнінде бақытты бола алады. Аллаға деген махаббатымыз құлшылығымыздың негізі болуы керек. Адамдарға және басқа да дүниеге деген махаббатымыз жалғыз Алла разылығы үшін болуы қажет. Бірақ Аллаға деген шынайы махаббат — бұл Алланың бұйрығын орындап, қайтарған амалдарынан тыйылу, Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін орындау болып табылады. Кімде-кім Алланың және Оның Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) басқа жаратылыстың разылығын іздесе және Алладан емес, басқа жаратылыстардан қорқатын болса, онда ол адам Алланы және Оның Елшісін (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көрген болып есептелмейіді. Иман келтірген адамдар бір-бірін жақсы көріп, өзара көркем сый ұсынып тұрулары керек, өйткені Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мынадай сөзері бар: ”Өзіңізге қалағанды өзгеге де қаламайынша толық иман келтірген болып саналмайсыңдар”.Ал енді Алла жақсы көрген құлдың сипаттары қандай болмақ? Алла Тағала байлықты сүйген де, сүймеген де құлына береді. Ал иманды тек сүйген ғана құлына береді. Егер сіз исламнан бақыт тауып, парыздарыңызды түгелдеп жүрсеңіз – өз бойымда Алла сүйген құлдың бір сипаты бар деп есептей беріңіз. Ғұламалар бұл бақытты жанның тағы да бірнеше сипатын көрсетеді:Алла сүйген құлын дүниеге беріліп кетуден қорғап тұрады. Әбу Сағид әл-Худриден жеткен хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алла өзінің иман келтірген құлын фәни дүниеден тыйып, қорғап тұрады. Сендердің ауру кісінің денсаулығына залал тигізе ме деп қауіптеніп, оны тағам мен сусыннан тыйғандарың секілді» деген екен. Құлын көркем түрде басқарады. Оны хақ жолға бастайды, тура істерге жетектейді. Ақылын нұрландырып, тілін зікірмен толтырып, дене мүшелерін өзі сүйген амалдармен шұғылдандырып қояды. Осының арқасында пенде Аллаға жақындататын әрбір нәрседен ұстанып, оның ашуына тиетін барлық істен алыс болады. Алла оның ішкі және сыртқы дүниесін дұрыстап, бекем етіп қояды. Бұл адам басқалармен қарым-қатынаста сыпайы әрі жұмсақ келеді. Әр істі қиындатпай, оңай жолмен атқарады. Алла Тағала бұл пендесіне жердің бетін жайдарлы етіп қояды. Яғни, адамдардың көңілі соған бұрылып, мақтаулар айтып, ілтипат білдіріп жатады. Сахих хадисте былай делінген: «Егер Алла бір пендесін сүйсе, Жебірейіл атты періштесін шақырып: «Расында, Алла пәлен деген құлын сүйді, сен де оны сүй» деп бұйырады. Сонда ол құлды Жебірейіл періште де сүйіп, аспандағылардың бәрін шақырып: «Алла пәлен деген құлды сүйді, сендер де оны сүйіңдер» дейді. Осылайша аспандағылардың бәрі сол адамды жақсы көретін болады. Осыдан кейін ол жер бетіндегі адамдарға да ұнамды, қабыл болады». (Бұхари, Муслим). Келтірілген хадисті естігенде: «Уа, Естуші, Көруші, Сен атаған есім меніңкі, сен сүйген құл мен болайын» деп дұға тілемеген адам жоқ шығар. Бұл – ең ұлы игілік, ең ұлы мақсат. Сынаққа ұшырайды. Ақиқатында, Алла бір қауымды сүйсе, сынақ жібереді. Сондай-ақ Алла Тағала «Йунус» сүресінің 62-63-аяттарында: «Біліңдер! Ақиқатында, Аллаға жақын болғандарға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды. Олар – иманға келген және тақуалық еткендер» деген. Яғни, Алланың сүйікті құлы кез келген сынақты күліп қарсы алады. Алланың сүйіктісі болған құл ізгі амал үстінде жан тапсырады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер Құдіретті Аллам бір құлына жақсылықты қаласа, оны адамдар арасында мақтау сөздермен естетіп қояды. «Оның бұлай естетілу себебі неде?» деп сұраған адамға: «Алла оған өлер алдында бір ізгі амалды нәсіп етеді. Оның жанын сол амал үстінде алады» деп айтқан. (Ахмад)
Ә. Таласбай