Байқап қарасаңыз кеш батып, қою қараңғылық түсе аспан әлемі бір әсемдік күй кешеді. Жымыңдаған әрбір жұлдыздар аспанның сәнін келтіріп, жер бетіне жарқырап сәулесін төгеді. Әрине, аспанға қарап, Жаратушы қойып берген бір жүйелілікті анық аңғаруға болады. Тіпті сол миллиондаған, миллиардтаған жұлдыздардың ішінен жерге қарай құлдырай түскен жұлдыздарды байқамау тағы мүмкін емес.
Әсіресе, бұлтсыз кештерде далада тұрып аспанға көз салсаңыз, көктен жарқыраған із қалдырып, бір шоқ жарық сәуленің ағып бара жатқаны таңқалдырады. Мұндайды халық арасында «аққан жұлдыз» деп атайды. Алайда күн сайынғы жұлдыздардың ағу көрінісі аспандағы жұлдыздарға мүлдем қатысы жоқ екен. Ал шындығында көктегі жұлдыздар жер бетінен миллиардтаған километр алыс орналасқан. Оның түрі де, атауы да көп.
Әдетте қазақ тілінде жұлдыз сөзі кең мағынада қолданылады: барлық аспан денелерін (күн, ай, Марс, Шолпан, құйрықты жұлдыздар т.б.) жай тілмен жұлдыз деп бірдей атай береді. Дегенмен, ғылыми арнаулы мағынада жұлдыз тек Күн секілді, сүмбіле, темірқазық, жетіқарақшы, үркер секілді, қосаржұлдыз, үйіржұлдыз, ғаламатжұлдыз секілді өзінен жарық шығаратын алып аспан денелеріне қаратыла айтылады[1].
Енді ғылыми тұрғыдан алып қарайық, сондай көз жетпес қашықтықта орналасқан бір ғана жұлдыздың орнынан жылжып, жерге ағып түсуі немесе құлауы адамзат тіршілік еткен жер бетінің жоқ болып кетуіне себеп болады. Демек, бұл қалыпты жүйенің бұзылуына әкеліп соғатын құбылыс. Дегенмен, күннің көзін айналып жүретін үлкен планеталардан өзге оның айналасында ерсілі-қарсылы жүріп тұратын сансыз денелер бар. Демек біз ойлағандай жұлдыздар ешқашан ақпайды, бізге аққан жұлдыз болып көрінетін метероиттар яғни, космоста бағытсыз ұшып жүретін ұсақ денелер ғана. Олар жерге құлағанда жер атмосферасының әсерінен жанып жоқ болып кетеді. Метероиттердің жанып құлауы бізге жұлдыз аққандай әсер қалдырады. Ғылым тілінде аспаннан түскен ұсақ денелерді метеорит десе, аспан жақта жарық із қалдырып өте шығатын, бірақ жерге түспейтіндерін метеорлар (ақпа жұлдыздар) деп атайды екен.
Ал діни тұрғыдан алып қарағанда, «аққан жұлдыз» деп аталған сансыз денелерде (метеориттер) қандай сыр жасырылған. Мұның сырын Алла Құранда былай баян етеді: «Рас дүние көгін жұлдыздармен безедік. Бүкіл шектен шыққан шайтаннан қорғадық. Олар, жоғарғы әлемді тыңдай алмайды. Олар, әр тараптан атылады. Қуылған түрде олар үшін ұдайы азап бар. Алайда әлде біреу бір сөз ұрлайтын болса, оны өткір бір жалын қуалайды».[2] Келесі аятта былай делінеді: «Расында Біз дүние аспанын шамдар (жұлдыздар) мен безедік. Оны шайтандарды атуға жасадық. Сондай-ақ оларға жалындаған азап әзірледік»[3].
Ислам хұқықының профессоры, доктор Хайреддин Қаһраман аят жайында былай дейді: «Бұл аятта жұлдыздардың әдемі көрінісімен қатар кейбір рухани жағдайлар бар. Басқа аяттарда жұлдыздардың пайдалары бар екені сөз етіледі. Жұлдыздардан шайтандар мен жындардың қашуы - бұл ғылымнан тыс болатын жағдай. Яғни, физикалық оқиға. Ғылым мұны растап немесе жоққа шығаруы да мүмкін. Бірақ мұсылмандар оның қалай болғанын білмесе де, оған сенеді, өйткені, ғайыпты білу Аллаға тән»[4].
Өзіндік әлемі бар, шынайы табиғаты бізге беймәлім шайтан мен жындар оттан жаратылған. Сондай-ақ, оларға адамдарға берілмеген ерекше қабілеттер берілген. Олардың көкке көтеріле алуы сондай ерекшелігінен бірі. Сол секілді нұрдан жаратылған саны шексіз періштелер де Алланың итағатында болып, үнемі әмірлерін орындайды.
Абдуллаһ ибн Аббас (р.ғ.) ансарлық сахабадан мына риуаят жеткізеді: «Бір түні ансарлар Алла Елшісімен (ﷺ) бірге отырғанда жұлдыз ағып, аспан жарқырап кетті. Алла Елшісі (ﷺ) олардан: «Сендер жәһилият кезінде мына сияқты жұлдыз аққанда не дейтін едіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Алла және Оның Елшісі жақсы біледі. Біз: «Осы түні ұлы кісі туылды және ұлы кісі өмірден өтті дейтінбіз», – деді. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Негізінде, жұлдыздар біреудің өлімі себепті де, өмірі себепті де ақпайды. Алайда есімі аса игі әрі бәрінен жоғары Раббымыз әлдебір іске шешім шығарғанда, Аршыны көтеріп тұратын періштелер Оны барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейді. Сосын Оны олардан төменгі аспан тұрғындары барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейді. Осылайша дәріптеу осы төменгі аспанның тұрғындарына дейін жетеді. Сосын Аршыны көтеріп тұратын періштелерден төмендегі Аршыны көтеріп тұратын періштелер: «Жаратушы не деді?» – деп сұрайды. Олар бұларға Алла Тағаланың не дегенін хабарлайды. Осылай аспандардың тұрғындары бір-бірінен хабар сұрай отырып, төменгі дүние аспанына жетеді. Сонда жындар ұрланып тың тыңдап, оны сыбайластарына (яғни, көріпкелдер мен балгерлерге) жеткізеді. Сол кезде жындар жұлдызбен атқыланады. Сондықтан олар сол күйінде жеткізген хабар – шындық. Бірақ олар оған өтірік араластырады және қосады». (Ахмад (V,87); Бұхари, Тиыб, 47,V, 28; Әдеп, 117,V,123; Таухид, 57/2, V,218; Муслим, Сәлам, 12-3, s.1750)
Алла тағала Құранда: «Олар үстеріндегі аспанды қайтып (тіреусіз) жаратқанымызға, (жұлдыздармен) әшекейлегенімізге, онда ешқандай сызат жоқтығына назар салмай ма?»[5], – деп ақыл иелерін ой жүгіртуге шақырады. Шындығында қараңғы кеште аспанға бір қараған адам онан ешбір кемшілік көре алмайды, тіпті қайта-қайта көз жүгіртседе. Ал біз сөз еткен жұлдыздардың негізгі жаратылу мақсатын Құран былай баяндайды: «Ол, құрлық және теңіздің қараңғылықтарында сол арқылы жол табуларың үшін жұлдыздарды жаратқан. Расында аяттарымызды білетін елге ашық түсіндірдік.[6] Демек, көк аспанды сансыз жұлдыздармен безендірген Алла баршамызға жол көрсетуші етіп жаратқан. Біздің міндет - «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің!» деп Жаббар иені үнемі ұлықтау ғана.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Дінтанушы