https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Өсімқорлықтың зардабы

02 Dec 2015 0 comment Оқылды: 4181 рет

Аса қамқор ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын

 

Барлық мақтау-мадақтар құдіреті күшті Аллаға тән. Сүйікті Пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.)  Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

         Қазіргі таңда өсім мәселесі еліміздегі халқымыздың үйреншікті ісіне айналып кетті. Алайда халықтың арасында біреулер уақытша өсімнің пайдасын көріп жатса, екінші жағынан екі есе ұтылып кеткенін байқамайды. Енді біреулер тіпті күйзеліске түсіп неше түрлі қылмыстарға барып жатқаны мәлім. Еліміз егеменді ел болғалы дініміз аяғына тұрып, халқымыздың сұраныстарын өтеп беруде. Олай болса аталмыш тақырыпқа қатысты дініміз не дейді. Сол жағына бір қарап, талдап көрейік:

       Құранда өсім сөзі ربا  «риба»- деп келген, риба сөзі: өсу, ұлғаю, қосылу деген мағыналарды білдіреді. Демек тілдік мағынасы: өсу, қосылу.

       Шариғаттағы терминдік мағынасына келер болсақ: белгілі заттарға үстінен қосылуы. Оны екі түрге қарастырады: риба фадл, риба әннәси′а. Риба фадл дегеніміз бір затты құны жоғары затпен ауыстыру. Риба әннәси′а дегеніміз қарызға берілген заттың құны үстіне қосылып қайтарылуы.

       Жалпы алғанда ислам діні өсімнен тыйған. Өсім алушы да беруші де лағынетке ұшырайтынын ескерткен. Ислам дінінің негізгі қайнар көзі болып табылатын Құран мен пайғамбар сүннетінде өсімнің харам екендігін тайға таңба басқандай ашық үкім еткен. Кімде кім Құран мен сүннетке сай болса, ол жетістікке жетеді, ал кім қайшы әрекет етсе, екі өмірде ұтылады және бақытсыз болары сөзсіз. 

Аллаһ тағала өсім жайында былай дейді:

:{الذين يأكلون الربا لا يقومون إلا كما يقوم الذي يتخبطه الشيطان من المس ذلك بأنهم قالوا إنما البيع مثل الربا وأحل الله البيع وحرم الربا فمن جاءه موعظة من ربه فانتهى فله ما سلف وأمره إلى الله ومن عاد فأولئك أصحاب النار هم فيها خالدون}

      «Өсім жейтіндер (қияметте) шайтан тиіп құтырған біреу секілді тұрады. Бұл олардың: «сауда өсім сияқты», деп айтқандары себебінен. Аллаһ сауданы адал қылып, өсімді харам қылды. Кімге Раббысынан ескерту жетіп, ол (өсім алудан) тыйылса, оған бұрынғы істегендері  кешіріледі. Оның ісі Аллаһқа тапсырылады. Ал кім өсімге қайтса, міне, солар отта болатындар. Олар онда мәңгі қалушы».

Тағы бір аятта:

يا أيها الذين آمنوا اتقوا الله وذروا ما بقي من الربا إن كنتم مؤمنين فإن لم تفعلوا فأذنوا بحرب من الله ورسوله وإن تبتم فلكم رؤوس أموالكم لا تظلمون ولا تظلمون

    «Уа, иман еткендер, егер шын мүмін болсаңдар Аллаһтан қорқыңдар және өсімнен қалған нәрсені тастаңдар! Ал егер олай істемесеңдер, онда Аллаһтан және Оның Елшісінен соғыс болатынын біліңдер. Егер тәубеге келсеңдер, онда бастапқы мал-дүниелерің өздеріңе. (міне сонда) Сендер әділсіздік етпейсіңдер және сендерге де әділсіздік жасалмайды».  («Бақара», 278-279)

     Исламнан бұрын да арабтар өсіммен айналысқан, олар өздерінің істерін өсім деген нәрсе сауда сияқты ғой, екеуі бір нәрсе деп айтты. Соған қатысты Аллаһ тағала өсім мен сауданың айырмашылығы бар екенін білдіріп аталмыш аятты түсірген. Сонымен қатар өсімнің харам, ал сауданың адал екенін баяндады. Аллаһқа иман еткен мұсылман Құранда келген тыйымнан тыйылуы міндет. Олай істемесе Аллаһ тарапынан оған осы өмірде және ақыретте азаб болатынын ескерткен. Иә, бұл дүниедегі азабы міндетті түрде беріледі; біріншіден өсім арқылы тапқан мал-мүлкінде береке болмайды. Екіншіден екінші бір проблемасы туындайды, үшіншіден психологиялық тұрғыда кері ауытқулар пайда болып, сабырсыз, ашуланшақ, өкпелегіш бола бастайды. Кейбір адамдар өсіммен көп пайдаланып, бір күннің ішінде негізгі байлығынан айырылып қалады. Қазіргі таңда біздің қоғамымызда ондай жағдайлар көптеп кездеседі.

      Біреу айтуы мүмкін: менің тұрақты жұмысым бар, айлығым кредитті өтеуге жетеді, мен өмірдің қызығын көруім үшін неге өсіммен несие алмаймын деп. Біріншіден ол адам жұмысының тұрақты болатынына жүз пайыз кепілдік бере алмайды ғой, жұмысына дағдарыс төнбейді деп нақ сеніммен айта алмайды. Немесе өзінің денсаулығы нашарлап кетпейді, басқа да жақындарына еш нәрсе болмайды деп кепілдік бере алмасы анық. Кеше ғана үлкен соммаға несие алып, екінші күні жақыны мүгедек болып, немесе дүниеден өтіп кетіп жатқан жағдайлар көп. Міне өсімнің осындай және басқа да зияндары пайдасынан басым болғаннан Ислам діні оны харам қылған.   

Аллаһ елшісі де (с.ғ.с.) өсімнің зиянынан қатты ескертекен. Оның қоғамға зиянын былай баяндаған:

إذا ظهر الربا والزنا في قرية فقد أحلّوا بأنفسهم عذابَ اللهِ

«Егер бір ауылда өсім мен зина шықса, олар өздеріне Аллаһтың азабын адал қылғаны» (Хаким риуаят етті, сахих).

وعن جابر رضي الله عنه قال: «لعن رسول الله صلى الله عليه وسلم: آكل الربا، وموكله، وكاتبه، وشاهديه»، وقال:«هم سواء».

Жәбир (р.а.) айтады: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) өсімді жеушіні, оны жегізушіні және оны жазушы мен екі куәгерлерін лағынеттеген». (Ахмад, Әбу Дәуд, Тирмизи, сахих)

Риба әлфадли- бір затты артық затпен алмастыру мәселесіне келетін болсақ; ол жайында Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) былай деген:

عن أبي سعيد الخدري رضي الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: «لا تبيعوا الذهب بالذهب، إلا مثلا بمثل، ولا تشفوا بعضها على بعض ولا تبيعوا الورق بالورق إلا مثلا بمثل، ولا تشفوا بعضها على بعض، ولا تبيعوا منها غائبا بناجز

Әбу Сағид әлХудри, Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) айтты: «алтынды алтынға тең етіп қана сатыңдар, бірін бірінен артық етпеңдер. Қағазды қағазға тең етіп қана сатыңдар, бірін бірінен артық етпеңдер»

عثمان بن عفان رضي الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: «لا تبيعوا الدينار بالدينارين، ولا الدرهم بالدرهمين

Осман бин Аффаннан, Аллаһ елшісі (с.ғ.с. айтты): «бір динарды екі динарға сатпаңдар, бір дирһамды да екі дирһамға сатпаңдар».

وعن أبي سعيد الخدري رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: «الذهب بالذهب، والفضة بالفضة، والبر بالبر، والشعير بالشعير، والتمر بالتمر، والملح بالملح، مثلا بمثل، يدا بيد، فمن زاد أو استزاد فقد أربى، الآخذ والمعطي فيه سواء».

Әбу Сағид әлХудриден, Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) айтты: «алтын алтынмен, күміс күміспен, бидай бидаймен, арпа арпамен, құрма құрмамен, тұз тұзбен теңге тең болу керек. Қолдан қолға. Ал кім қосса немесе қосуын сұраса өсім жасағаны. Ол жерде алушы да беруші де тең».

Міне осылайша дініміз өсім мәселесін ашық түсіндіріп баяндаған.

Дініміздің талаптарының орындалуы имандылықты қажет етеді. Аллаһқа шын иман еткен мұсылман, Құран Аллаһтың сөзі екеніне сенгендіктен ондағы бұйрықтар мен тыйымдарға назар салып, толық бойсұнады. Демек ең әуелі мұсылманға иман мәселесі кең түсіндірілуі керек. Өсімнің харам болу тарихына қарайтын болсақ, бірден харам болмағанын байқаймыз. Мұсылмандар үшін Аллаһ тағала имани тақырыптарды қамтыған аяттарды түсіре отырып оларға өсімді бірнеше саты бойынша баяндаған;

Құранда:

   «Сендердің  адамдардың малына берген өсімдердің  Аллаһтың  қасында  өспейді. Аллаһтың  ризалығын тілеп  берген  зекеттерің  өседі. Міне солар артықша  сауапқа бөленушілер» («Рум», 39) делінген.

     Аталмыш аят Меккеде иман мен тәрбиенің  іргесі қаланып жатқан  кезеңде  түсті. Бұл аят, өсімді  тікелей  харам етпей, өсімқорлықтың  жағымсыз және берекетінің жоқ  екендігін  ғана ескертіп, астарлы түрде  қайтаруда.

   Құранда:

    «Сонда  яһудилердің  зұлымдықтарының  және  көптеген адамдарды  Аллаһтың  жолынан тосулары салдарынан оларға  халал етілген  көптеген жақсы  нәрселерді оларға  арам қылдық. Сондай ақ,   оларға тыйым салынған  бола  тұра өсім алғандары және адамдардың  малдарын  жалғандықпен жегендері себепті (оларға адалды харам қылдық). ..» («Ниса», 160 161) – деп айтылған.

   Яһуди дінінде де өсім харам етілген болатын, олар өсімді  халал деп, өсімқорлықтан  тыйылмаған еді. Мәдинада  түскен  бұл  аят  олардың  осы  себепті  көптеген азапқа душар болғандықтарын  айта отырып, өсімнің  харам екендігіне  назар аудартқан.

   Құранда:

   «Әй, мүминдер! Үсті-үстіне  өсім  жемеңдер, Аллаһтан қорқыңдар.Әрине  құтыласыңдар» («Әли Имран»,130) – деп айтылған.

  Бұл өсімқорлықтан  қайтарған   үшінші  аят.

  Құранда:

   «Сондай өсім  жегендер (қабірлерінен)  жын соғып  тұрғандай  есенгіреп  тұрады.Бұл олардың: «Сауда  да  бейне  бір  өсім  сияқты  дегендіктерінің  салдарынан.Негізгі  Аллаһ сауданы  халал, өсімді  харам еткен.Сонда  кім Раббынан насихат келгенде  тыйылса, өйткені өтіп  кетті.Оның ісі Алаһқа  тән. Ал және  кім қайталаса, міне солар тозақтық.Олар  онда  мәңгі қалады.Аллаһ  өсімді  жояды да  сауданы арттырады.Әрі Аллаһ барлық  қарсы  келуші  күнәларды  жақсы  көрмейді» («Бақара», 275-276).

    Өсімқорлықтан  тыйған  бұл аят  арқылы Аллаһ құлдарын одан тек қайтарып қоймай, өсімқорларды  ауыр жаза  күтіп тұрғанын ескертіп,  нақты  түрде оны  харам етеді.

Мұсылман адам барына қанағат ететін, ысырапшылдық пен сараңдық сипаттарынан алшақтап ортаны ұстанатын тұлға. Алайда адам баласының тағдыры әртүрлі болатыны анық. Сондықтан кейбір ғалымдардың айтуынша егер өмірін аурудан сақтап қалу  үшін, отбасын жойып алмау үшін деген сияқты өте зәрулікті жағдайларда өсіммен қарыз алуға рұқсат деген. Өйткені шариғаттағы негізгі мақсаттардың бірі адамның өмірін сақтау. Кейбір ғалымдар сабыр етіп басына жазылғанға шыдамдылық танытып, Аллаһтан сауабын үміт етуі керек деген де пікір білдірген. Рұқсат еткен ғалымдардың өзі төмендегідей шарттар қойған:

  1. Шынайы зәруліктің болуы керек, егер өлімге жетелейтін ауру, аштық деген сияқты аса қажетті нәрсе болуы керек.
  2. Өзінің қажеттілігін өтейтін мөлшеріне ғана рұқсат етіледі, одан асып кетпеуі керек. Мысалы егер оған жүз мың теңге қажет болса, жүз елу мың теңге алуына болмайды.
  3. Барынша қиын жағдайынан шығатын жол іздестіріп көруі керек, жақындары, достары деген сияқты жақын адамдардан көмек сұрап көруі керек. Егер ондай шығар жол болмаса ғана осындай іске барады.
  4. Өсімді алғанның өзінде оны жек көріп алуы, Аллаһтан одан шығар жолын үміт етіп әрекет жасауы керек.

Жалпы мұсылман адам барына қанағат ететін адам. Ислам қарыз мәселесін ұнатпайды. Адам қарызға тек соңғы жолы ретінде ғана келуі керек. Расында қарыз адамның түңгі уайымы, күндізгі қорлаушысы. Аллаһ елшісі с.ғ.с. қарыздан сақтануды Аллаһтан тілейтін. Бір дұғасында: «уа Аллаһым, қарыздың басымдылығынан және адамдарың қаһарлығынан сақтауыңды Өзіңнен сұраймын» (Әбу Дәуд), тағы бір дұғасында: «күпірліктен және қарыздан қорғауын Аллаһтан сұраймын», деген. Сонда бір адам: Уа Аллаһтың елшісі с.ғ.с. күпірлік қарызбен тең келе ме?» деп сұрады. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) «Иә», деп жауап берді. Намазындағы бір дұғасында: «Уа Аллаһым, күнәдан және қарызға батудан мені қорғауыңды сұраймын» деп айтатын, сонда: Уа Аллаһтың елшісі с.ғ.с. сіз қарыздан көп сақтануды сұрайсыз делінгенде, Аллаһ елшісі с.ғ.с. «расында адам қарызға батса, сөйлегенде өтірік айтады, уәде беріп оны бұзады» деген. (Бухари)

Міне сондықтан нағыз мұсылман қарыздан алшақ болып, біреуге тәуелді болмай еркін өмір сүруі тиіс. Ол үшін барына қанағат етіп, қолынан келгенше еңбек етуі керек. Ал өсімқорлық адамзат үшін белгілі бір пайдалары көрінгенімен, оның қоғамға экономикалық, психологиялық тұрғыда зияны көл көсір. Сондай ақ адам баласының мінез құлқына да, оның денсаулығына да кері әсері мол екені айдан анық.

Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан қажы Рымханұлы



Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз