Өлім, қабір туралы ой адам баласын ғибратқа жетелейді. Имани байлығы артып, рухани жол азығының молаюына себеп болады. Адам өмірі қамшының сабындай қысқа. Осы қысқа ғұмырымызды қор қылмай жақсылыққа пайдаланып Алланың разылығы үшін іс – амал қылу әрбір иісі мұсылман пенде өмірінің басты өзегі. Ендеше осы мақалада тірілердің дүниеден өткен туыстарына тигізетін пайдаларын сөз қозғамақпын. Өзекті жанға бір өлім демекші. Сондай – ақ, өлім хақында адамзат тарихындағы талай хакім – даналар ой талқылап, арттарына тағлымды сөздерін қалдырған. Басқа даналар сияқты қазақ хакімі Абай да өлімнің хикметін сезіп, басқаларға қапы қалмауды былайша өсиет еткен.
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасын, білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ! Демекші бұл өмірдің мәңгі емес екенін Шал ақынның айқан өсиетімен жеткізгім келеді:
Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар.
Жан шығып бұл өмірден кеткеннен соң
Мал – мүлкің, әйел – балаң бәрі қалар – дегендей, мұсылман пенде өзіне не өзінің бір жақынына ажал жетіп, дүниеден өткенде: «Барлық жаратылыс – Алланың иелігі. Алла берді, Алла алды. Бәріміз де Алланікіміз әрі түбінде Аллаға қайтамыз», - деп көркем түрде сабыр етуі керек. Өлімге сабырсыздық қылу, қатты дауыс көтеріп жоқтау, киімін жыртып, шашын жұлу – нағыз надандықтың көріністері, өткен дінсіз қауымдардың қалған әдеттері. Егер мәйіттің артындағы туыстары дауыс көтеріп жоқтау айтып жыласа, иманға, тағдырға қарсы сөздерді айтып жатқандарын байқамайда қалады, яғни Алланың ісіне қарсы шектен шығатын күпірлік сөздер айтатын болса, оның салдарынан марқұмның азапталуы ықтимал. Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (ﷺ) : «Өзіне айтылған жоқтаудың себебінен мәйіт қабірінде азапталынады», (Муслим риуаяты) – деген. Әрине бұдан біз өлген кісіге жылауға болмайды, қайғыруға болмайды деген түсінік пайда болмау керек. Қайғырудыңда өз жөні болады. Пайғамбарымыз (ﷺ) жақыны үшін қайғырғанын білеміз, алайда қайғыру бар екен деп иман шеңберінен асып кетпеуіміз керек. Алланың соңғы Пайғамбары (ﷺ): «Расында Алла көздің жасы үшін, жүректің қайғыруы үшін азаптамайды. Алайда мына нәрсемен азаптайды, мына нәрсемен рақым етеді», - деп қолымен тілін нұсқаған (Бұхари, Муслим, Ибн Хиббан). Енді өлілерге тірілерден жететін нәрселерге тоқталсақ мұсылман ғалымдары тірілерден өлілерге екі нәрсе жетіп тұратындығы туралы бір шешімге келген. Ол екі нәрсе:
1. Мәйіттің тірі кезінде жасаған ізгі амалы.
2. Басқа мұсылмандардың ол үшін жасаған дұғалар, оқыған құран, истиғфар, садақа, қарызын өтеу, қажылық және басқада сауапты амалдары. Имам Муслимнің Сахих кітабында риуаят текен хадисі дәлел болады.Әбу һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алланың елшісі (ﷺ) : «Адам өлгенде оның үш нәрсесі тоқтаусыз барады садақасы (Мысалы: құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды», - делінген. Кей жағдайларда бір адамның жақыны қайтыс болғанда шектен тыс қатты қайғырып, діни – имани құндылықтарға, мұсылмандық танымға теріс іс – әрекеттер жасап жататындарды да байқап жатамыз. Ондай істер мәйітке еш пайда бермейді, керісінше оның қабір азабына душар ететінін түсінбей жатады.
Пайда бермейтін істерді атап өтсек:
1. Ислам шариғатына сай келмейтін іс әрекеттер,
2. Әйел адамдардың дауыс көтеріп күпірлік сөздермен бірнеше күн көз жасын төгуі.
3. Надандық сөздерді айтуы (Ах, асқар тауым құлады, арыстанымнан айырылдым, иемнен ажырадым, ерте кетті, не жаздым, бақытсыз боп қалдым, ойбай, Құдай, оны алғанша мені алмадыңба, асыраушым, жалғызым т.б.)
4. Жаназа кезінде ән – күй қосуы.
5. Табыттың алдында немесе артында мал бауыздауы.
6. Өлген кісіге ерекше мазарлар дайындау, әспептеп кесенелер тұрғызу, бұл істер пайда бермейді, керісінше пайда беретін сауапты амалдарды дүниеден өткен туыс, жақындарымызға бағыштауды ислам шеңберінен аспай Пайғамбарымыз (ﷺ) көрсеткен сара жолымен адаспай жүруіміз үшін Алладан жәрдем сұрайық.
Еркін ауылының бас имамы
Медетбеков Аман