Барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын қос мерекенің алғашқысы, яғни, Ораза айтына да санаулы күндер қалды. Дәл осы ұлы айт мейрамында жасалатын игі істер мен амалдар туралы көбірек білгеніміз абзал. Сол себепті біз айт мерекесінде назардан тыс қалмауға тиіс тоғыз амалға тоқталуды жөн санадық.
1. Қуаныш пен шаттық таныту.
Айт мерекесінің алғы шарттарының бірі - қуаныш пен шаттық таныту. Бұған лайықты дәлелдер де аз емес. Мысалы, ‘Аиша былай баяндайтын: “Бірде менің (бөлмемде) екі қыз даңғырада ойнап тұрған кезде маған Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кіріп келді. Кейін Абу Бакр кіріп келді де, менен қатал түрде: «Пайғамбардың (үйінде) шайтанның сырнайы (не істеуде)?!», - деп сұрады. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған бұрылып: «Қоя сал оларды, я, Абу Бакр, бұл мереке күндері ғой», - деді”. (Әл-Бухари 949, 987, Муслим 892). Және Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Бұл хадисте айт (мереке) күндерінде отбасын жүректерге шаттық сыйлайтын және дене құлшылық ауыртпалығынан дамылдайын түрлі нәрселермен қуантудың, ойнатудың заңдылығына нұсқау бар. Әрі, ақиқатында, айт (мереке) күндерінде қуаныш пен шаттық таныту – діннің рәсімдерінен!” (“Фатх әл-Бәри” 2/514.).
Сондай-ақ ‘Аиша да мерекелі күндердің бірінде эфиоптар мешітте найзалармен ойнағанын және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған оларды тамашалауға рұқсат еткенін баяндаған. Ал ‘Умар оларды тоқтатқысы келгенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Қоя сал оларды», - деді. Ал, хадистің басқа риуаятында Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Яһудилер біздің дініміз жеңілдетілген екенін білсін! Ақиқатында, мен бірқұдайшылықтың жеңіл дінімен жіберілгенмін!», - деп қосқан. (Ахмад 6/116. Хафиз Ибн Хәжар)
2. Ғұсыл алу.
Айт мерекесінің тағы бір шарттарының бірі толықтай тазаланып, ғұсыл алу. Бұл туралы Зазан былай деп баяндайтын: “Бірде (бір кісі) ‘Али ибн Абу Талибтен, Аллаһ оған разы болсын, ғұсыл туралы сұрады, әрі ‘Али: «Қаласаң, күнде шомыл», - деп жауап берді. Әлгі кісі: “Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!”, - деді. Сонда ‘Али: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!», - деді”. (Әш-Шәфи’и 113, әл-Бәйһақи 3/278. “әл-Ируа” 1/177.). Ал, Нәфи’дің пікіріне сүйенсек, “Ибн ‘Умар әркез Ораза айт күні намаз оқылатын орынға шығудан бұрын ғұсыл алатын” делінген. (Мәлик 1/177. Иснады сахих.). Сондай-ақ, ғалымдардың көпшілігі ғұсылды таң (фәжр) намазынан кейін айт намазына дейін алу керек деп санаған. ( “әл-Муғни” 3/258, «әл-Мәжму’» 5/16.)
3. Жақсы киім кию.
Айт мерекесінде әр мұсылман ең әдемі әрі таза киімін кигені жөн. Бұл туралы Имам әс-Синди былай деген: “Бұл хадисте олардың (яғни Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны сахабаларының) әдетінде айт күндері киініп-жасану болғанына нұсқау бар”. (“Хашия ‘алә ән-Нәсаи” 3/181). Және “Ибн ‘Умар айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетін”(Әл-Бәйһақи 3/281) деген Нәфи’. Хафиз Ибн Ражабтың жазбаларынан “Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», - дейтін”(“Фатхул-Бәри” 8/414) пікірді де кездестіруге болады. Әйткенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн. Себебі, бұл туралы Ибн ‘Умар былай деген: “Бірде ‘Умар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз», - деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұндай киімді Ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді», - деп жауап берді". (Әл-Бухари 886, Муслим 2068.)
4. Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығу, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемеу
Бұл амалға байланысты Әнас былай деп баяндаған: “Ораза айты күні Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан айт намазына бірнеше құрма жемей шықпайтын. Әрі әдетте ол тақ сан құрма жейтін”. (Әл-Бухари 953). Және Бурайда “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ораза айтының намазына тамақтанбай шықпайтын, әрі Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келмейінше тамақ жемейтін” (Әт-Тирмизи 542, Ибн Мәжаһ 1756) деген. Осы хадистің имам Ахмад келтірген риуаятында: «Әрі Құрбан айт намазына шығудан алдын одан қайтып келмейінше тамақ жемейтін. Содан соң өзінің құрбандығынан жейтін”, - деп айтылған. (Ахмад 23034)
5. Айт намазына жаяу бару
Қасиетті айт мерекесінің намазына жаяу барудың да өзіндік сауабы көп. Бұл тұрғыдан Имам Ибн Қудама «әл-Муғниде» имам Ахмадтың: “Егер айт намазы орындалатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз, бірақ бұл орын алыс болса, онда оған салтты (көлікпен) баруда еш жаманшылық жоқ”деген қолтаңбасын кездестіруге болады.
6. Айт намазына имамнан бұрын шығу
Язид ибн Абу ‘Убайд былай деп баяндайтын: “Бірде мен Сәләма ибн әл-Акуа’пен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде таң намазын оқыдым, әрі ол шыққан кезде, мен де онымен ілесіп шықтым, (сөйтіп) біз айт намазы орындалатын жерге келдік. Әрі біз отырып, имам шыққанға дейін күттік”. (Әл-Фирьяби “Әхкамул-‘идайн” 29). Ал, Имам әл-Бағауи былай дейтін: “Таң намазын орындап болған соң отырып, имам (айт) намазына шыққанға дейін тәкбір айту керек”. (“Шархус-Сунна” 4/302).
7. Айт намазына бір жолмен бару және одан басқа бір жолмен қайту
Жәбир былай деген: “Айт күні Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын” (Әл-Бухари 986). Ғалымдар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Олардың арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалаған, немесе екіжүзділерге Исламның күші мен ұлылығын көрсеткісі келген, Қиямет күні әр басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалаған деген жорамалдар бар. (“Задул-мә’ад” 1/449 “Субулюс-Сәләм” 2/435.) Алайда, бұл туралы имам ән-Нәуауи айтқанындай, ол амалдың шынайы себебін ешкім білмесе де, ол мустахаб екеніне күмән жоқ. Бірақ бұл амал тек екі айт намазына ғана қатысты екенін ерекше атап өту керек.
8. Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салынады.
Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын». (Әл-Бухари 3/280, Муслим 2/577).
Және Имам ән-Нәуауи мен шейх Сыддық Хасан Хан “Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым салынғанына барлық ғалымдар бірауыздан келіскен ” -деген. (“Шарх «Сахих» Муслим” 8/15, “әр-Раудату-ннәдийя” 1/566)
9. Мерекелі тәкбірлер айту.
Айт күндерінде белгілі тәкбірлерді айту заңдастырылған. Әрі ғалымдардың арасында мұның мустахаб екеніне келіспеушіліктер жоқ. Тіпті, имам Ибн Хазм Рамазан айының оразасы аяқталатын түнінде тәкбір айту міндетті (уәжіп) деп санаған. Ол “Ораза айтына қараған түні тәкбір айту уәжіп болады, ал Құрбан айтына қараған түні мустахаб болады. Аллаһ Тағала былай деген: «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулерің үшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар». Рамазан айының оразасы біткен соң тәкбір айту керек!”(“әл-Мухаллә” 5/89.) деген.
Сондай-ақ, Имам әз-Зухри де былай деп баяндайды: “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын”. (“Ируаул-Ғалил” 2/121).
Айт мерекесінде айтылатын тәкбірдің түрлері, уақыты мен тәртібі туралы да ақпарат беруді жөн санадық.
А) Тәкбірлердің айтылу уақыты.
Ораза айтының тәкірбірлерінің уақыты туралы ғалымдардың арасында біраз келіспеушіліктер болған. Бір ғалымдар «Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулерің үшін (оразаның) санын толтырыңдар. Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» деген аятқа сүйеніп, Ораза айты тәкбірлерінің уақыты оразаның аяқталу түнінде басталып, имам айт намазына шыққанға дейін жалғасады деген. Ал, басқа ғалымдар мерекелік тәкбірлерді айту уақыты кіргеннен соң кез-келген уақытта айтуға болады деп есептеген.
Имам әл-Бухари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн ‘Умар әт-Тәшриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де, бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», - деп баяндаған. (Әл-Бухари 1/461). Сондай-ақ имам әл-Бухари Ибн ‘Умар мен Абу Хурайраның зул-хижжаның он күні барысында базарға шығып, тәкбір айтатындарын, әрі осы арқылы оларды осы сөздерді айтуға ынталандыратынын баяндаған. Сол сияқты Мухаммад ибн ‘Али де тәкбірлерді нәпіл намаздарынан кейін айтатын болған. (Әл-Бухари 2/448) Және Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес айт намазы оқылатын орынға барарда да тәкбір айту керек. Ибн Умар бұл туралы былай баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі айт намазына Фәдл ибн ‘Аббаспен, ‘Абдуллаһ ибн ‘Аббаспен, ‘Алимен, Жә’фармен, Хасанмен, Хусайнмен, Усама ибн Зайдпен, Зайд ибн Харисамен және Айман ибн Умм Айманмен бірге шығатын. Олар намаз орындалатын орынға жеткенше «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтқанда дауыстарын көтеретін”. (Әл-Бәйһақи 3/279).
Айт мерекесінде әйелдерде де тәкбірлер айтқан. Оған дәлелді Имам әл-Бухаридің еңбектерінен кездестіруге болады. Ол: «Мәймуна Құрбан айт күнінде тәкбір айтатын. Сондай-ақ әйелдер де әт-Тәшриқ түндерінде ерлермен бірге мешітте намаз оқып болып, Абан ибн ‘Усман мен ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиздің ізінен тәкбір айтатын». (Әл-Бухари 2/463) деген. Ескерте кетерлік жәйт, әйелдер бұл тәкбірлерді қатты дауыстап айтпаулары керек.
Ә) Тәкбірдің түрлері.
Мерекелік тәкбірлердің түрлеріне қатысты Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеке өзінен жеткен нақты тәкбір айтудың үлгісіне қатысты бірде-бір сахих хабар жоқ. Алайда, тәкбір сөздері сахабалардан сенімді түрде жеткізіледі. Мысалы, Ибн Мәс’удтың былай дейтіні жеткізілген:
الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله، والله أكبر الله أكبر ولله الحمد
«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа иллә-Ллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы! Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы, әрі Аллаһқа мақтау-мадақ!»). (Ибн Абу Шәйба 2/2.)
Және Ибн Мас’удтың былай дейтіні де жеткізілген:
الله أكبر كبيراً الله أكبر كبيراً الله أكبر وأجلّ ، الله أكبر ولله الحمد
“Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар уә әжәл, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд”. (“Ируаул-ғалил” 3/126.)