Қазақ қоғамындағы басты байлық адам болса, ақылды да иманды, парасатты да тәрбиелі қыздар – ортаймайтын ең құнды қазына. «Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні қаншалықты терең болса, мазмұны соншалықты салмақты.
«Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені өмірдің бастау-бұлағы анадан адамзат тарап, ұрпақ өсіп, ұлт қатары көбейеді. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін де әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі ретінде танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған.
Ата-бабаларымыз «қыз – қонақ» деп төрінен орын беріп, барынша аялап, оның ізетті де сыпайы, мейірімді де қылықты болып бойжеткенін қалаған. Мұқтаждық көрмей, бұла болып өсуі үшін барлық жағдайын жасаған, өйткені «қызға бергенді қызыр өтейді» деп санаған.
«Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білген қазақ өрісін кеңейтетін қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қызың мінезді болсын, ұлың өнерлі болсын» дейтін халық «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деп қызды үй шаруасына үйреткенмен, оны күңше қажытпаған. Еркіндік деген есерлік емес, адамның тұлға болып қалыптасуына қажетті мүмкіндіктің бірі екенін білетін дана халқымыз қызды еркелетіп, еркін ұстаған, бірақ бетімен жібермеген.
Сарқан аудандық орталық мешітінде әйел-қыздар,секторының ұйымдастыруымен , "Иманды қыз - Ибалы қыз" тақырыбында семинар өткізілді. Семинарға 1 курс студент қыздары және мешіт жамағаттары қатысты. Мешіт имамы Асқар Серікбек, семинарға қатысушы жастарға , дінімізбен дәстүріміздегі қыз-бала тәрбиесі тақырыбында дәріс оқыды.
Семинарға қатысушы жастар, жиналыс соңында өздерінің көңілінде жүрген сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алып қайтты.
{gallery}sarkan23.09{/gallery}