Жуырда Ақсу ауданының орталығы Жансүгір ауылының «Молықбай» атындағы мәдениет үйінде аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен Пайғамбарымыз с.ғ.с. дүниеге келген айына байланысты «Адамзаттың абзалы» атты рухани кеш өтті.
Оған арнайы қонақ ретінде Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ Нүсіпханұлы, Талдықорған өңірінің «Зекет» корпоративтік қорының өкілі Серік Сармолдаев, Текелі қалалық мешітінің ұстазы Нұржол Ғазизұлы қатысты.
Кеш барысында Ардақ Нүсіпханұлы сөз сөйлесе, Нұржол Ғазизұлы мәуліт оқыды. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары имандылық адамзаттың асыл қазынасы екендігін растайтын саханалық қойылым коюуымен қатар он сегіз мың ғаламды жаратушы Алланы һәм Пайғамбарымызды с.ғ.с. ұлықтайтын әндер шырқады.
Адамның жанына рухани азық сыйлайтын кеште ҚМДБ-ның, «Зекет» корпоративтік қорының «Ел үлесі пәтерге» бағдарламасы аясында Кеңжыра және Қаракөз ауылдарынан екі мұқтаж отбасыға тұрғын үйдің кілті табысталды.
Соңында қарттарымызға арнайы дайындалған сыйлықтар табыс етілді.
{gallery}AKSU19{/gallery}