https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ХАҚҚА ҚЫЗМЕТ

16 Sep 2019 0 comment Оқылды: 1141 рет

Өмірлік ұстанымы осындай биік парасатты, халыққа сыйлы, әулетінің мақтанышы болып отырған абзал азамат Қаратал ауданындағы Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы, Абудардан қажы Нұрсапаұлы Таласбаевты жуырда алған жоғарғы деңгейдегі марапат - «Қаратал ауданының Құрметті Азаматы» атағын иеленуімен өңірдегі барша жамағаттың атынан шынайы пейіл, ыстық ықласпен қызу құттықтаймыз!

Өзіне және отбасы мен әулетіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ, ырыс пен береке тілейміз.

Айта кету керек, Абудардан қажы Нұрсапа ұлы Көксу ауданы, Талапты ауылының тумасы. Атасы Әміриса барша жұртқа сыйлы дін жолын ұстанған тақуа жан болатын. Ал6 әкесі Нұрсапа да ұзақ жыл жұртқа араб тілінен дәріс берген, 1992 жылдан өмірінің соңына дейін сол Талапты ауылында бас имамдық қызмет атқарып, жұртшылықты имандылыққа үйірген адамгершілігі жоғары биік парасат иесі болған.

Жастайынан ізгілікке жаны құштар ата, әкесінен тәлім алған зерделі жас Абудардан Қазақстанымыз егемендігін алып Тәуелсіздіктің Көк Байрағын аcқақтата желбіреткен тұста Талдықорған қаласындағы мешіттен діни сауатын ашты. Мұнан соң Жамбыл облысындағы Меркі медресесінен білім алды. Алматыдағы Ислам институтында оқыды. Осылайша заман талабына сай білім алған Абудардан қажы Нұрсапа ұлы 1995 жылдан Көксу ауданы, Балпық би кентінің бас имамы қызметін абыройлы атқарды. Ал, 2002 жылдан Қаратал ауданында халыққа рухани тәлімгер бола жұртшылықты адамгершіліктің биік шыңы-имандылыққа ұйыта. бар ынта, ықлас пейілімен қажырлы еңбек етіп келеді. Осы ауданда 16 жыл тапжылмай өңірдің бас имамы қызметін абыройлы атқарды. Қәзіргі кезде де Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы. Әрдайым ізденісте жүретін білімге құштар Абудардан қажы қызметтен қол үзбей жүре Халықаралық мамандықтар институтында және Нұр Мубарак Университетінде дінтанушы мамандығына оқып, білімін жоғарылатты. Ел Астанасы - Нұр-Сұлтан қаласында ашылған имамдардың білімін жетілдіру орталығында оқып, білімін одан әрі жетілдіре түсті.

Әрине алған білімін ел игілігіне қолданып отырған Абудардан қажы біз ұстанып отырған шариғат заңына сай жұртшылықты имандылықты күшейтіп жанашырлыққа, қайырымдылыққа, ізгілік пен парасаттылыққа шақырып, соның көптеген жарқын үлгісін көрсете жұртты сүйсінтіп жүргенін де талай көрдік. Әр нәрсені өзінің іс-қимылымен де өнеге етіп ұсынатын мерейлі жан мұсылмандықтың бес парызын бар пейілімен орындай Меккеге қажылыққа да барып келген. Осы орайда үнемі алдына көмек сұрап келген жанның еш меселдесін қайтармай, шамасы келгенінше қол қайыр көмек жасап жүргені де баршаға мәлім. Әсіресе, соңғы кездері жүрген «Қайырымдылық керуені» Республикалық Акциясына белсене атсалысып бірнеше мәрте бір қатар мұқтаж жандар мен отбасыларына қайырымдылық көмек ұйымдастырғаны кезінде мерзімді басылымдарда кеңінен жарияланған болатын.

Әрдайым халықтың ықлас-құрметіне бөленіп жүрген абыройлы абзал азаматтың бұл тағлымды ғұмыры мен еңбегі басшы органдар тарапынан Құрмет Грамоталары және Алғыс Хаттармен де бағаланып келе жатқаны да белгілі.

Енді міне, отыз жылдай адамзаттың асыл діні - Исламды уағыздай, қажырлықпен халыққа шынайы рухани қызмет ете «Халыққа қызмет Хаққа қызмет» ұстанымына адал Абудардан қажы Нұрсапаұлы Таласбаевқа биылғы «Рухани жаңғыру» жылында жуырда, 2019 жылдың 29 тамызында Қаратал аудандық маслихатының нөмірі 59-210 шешімімен «Қаратал ауданының Құрметті Азаматы» атағы беріліп, омырауына төс белгісі тағылды.

Біз тағы да рухани тәлімгер, абзал азамат Абудардан қажы Нұрсапаұлы Таласбаевты осы бір биік мәртебелі құрметті иеленуімен құттықтай, барлық игі жақсылықты ыстық ықласпен тілейміз.

Суретте: рухани тәлімгер, абыройлы абзал азамат Абудардан қажы Нұрсапаұлы Таласбаевқа (ортада) «Қаратал ауданының Құрметті Азаматы» атағының салтанатты жағдайда тапсырылуы сәті.

Болат Жұматаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

«Еңбек үздігі» Құрметті атағы мен медальінің иегері

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз