{gallery}51{/gallery}
Текелі қаласы «Керімбек би» атындағы мешітте қолға алынған қайырымдылық шарасына көпшіл, кең пейілді азаматтар белсенді атсалысып келеді. Нәтижесінде, жиналған қаржы есебінен ай сайын көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына көмек көрсетілуде. Жалғасын тауып, жанданып келе жатқан игі шара аясында жақында осындай 15 отбасына азық-түлік таратылды. Мешітке жиналған көпшілікке ақ тілегін айтқан бас имам Аман Айтбосынұлы атын ататып, түсін түстетпей-ақ мүмкіндігінше көмек қолын созып, ізгі істерге атсалысып жүрген адамгершілігі мол азаматтарға ризашылығын жеткізді. Қайырымдылықтың тек ақшамен шектелмейтінін, оның өрісі кең екенін, мысалы, үнемі игі істердің басы-қасынан табылып жүретін қаламыздың бір тұрғыны күзде өзі еккен бақша өнімінен 200 кг картопты және соғымынан 20 кг етті мұқтаж жандар үшін деп мешітке әкелгенін айтып, ізгі істердің іргелене түсетініне сенім білдірді.
Мұсылмандық парыздың түпкілікті мақсаты – Алланы медет, оның елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды үлгі тұту, сол арқылы адамдарды ізгілікке, өзара бауырмалдыққа бастау. Көпке ортақ осынау қағидалар қоғамды ізгілендіріп, игілігімізді еселей түсетіні шындық. Ислам құндылықтары, атап айтқанда, еңбекқор болу және еңбек жемісін қадірлеу, мұқтажсыз әрі барынша қарапайым өмір сүруге ұмтылу, табысының белгілі бөлігін түрлі қайырымдылық мақсаттарға жұмсау, міне, осындай жалғаса беретін ізгі қағидаларды әрбір мұсылман берік ұстанғаны үшін де берекелі, молшылық өмір нәсіп болатыны анық. Айта кетерлігі, халқымыздың «қайырымды» деген сөзінің өзінде терең мән жатыр. Егер өзен-дариялар көлдер мен теңіз, мұхиттарға құймаса, жайылған шексіз айдындар оны буландырып, бұлтқа, сосын жаңбырға, қарға айналдырып қайта жерге жауғызбаса бұлақтар суалып, көлдер кеберсіп кеуіп қалар еді! Бұл адам баласы үшін де бұлжымас қағида. Қиналған кезіңде саған басқалар көмек қолын созса, еңбек етуге мүмкіндігің бар болса, еңбек етіп, өзіңе жасалған қайырымды істі сен енді басқа мұқтаж жандарға бере білуің қажет. Демек, қараушысынан айырылған балалар мен қарт кісілер, мүмкіндігі шектеулі жандар болмаса, он екі мүшесі сау адам үнемі басқаларға қол жаюдан намыстануы, өзін еңбек істеуге қамшылауы тиіс. Кейде адамдар жағдайы жақсы жандардың өмірін ертегідей елестетеді. Шындағында, олар да көп еңбекпен, тынымсыз ізденіспен жеткен және тынымсыз еңбек олардың күнделікті тіршілік әдетіне айналып кеткен!
Қайырымдылық шарада бас имам осы түйіндерге де баса назар аударып, кез келген жұмыстың жақсы не жаман деп бөлінбейтінін, тек өз бойыңдағы мүмкіндігің мен қарым-қабілетіңді аша білуің, алдыңа үлкен мақсат қойып, соның жолында тынбай еңбек етуің керектігін ерекше атап өтті.
Текелі қаласы «Керімбек би»
мешітінің бас имамы
Аман Айтбосынұлы