{gallery}zharshysy{/gallery}
1-ші желтоқсан күні қасиетті Мәуліт айының құрметіне ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен орталық «Иман» мешітінде облыстық «Жаратушы жаршысы - Мұхаммед» атты пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен білім сайысы өтті. «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы бойынша арнайы тест сұрақтарын қамтыған кітап дайындалып, өңірдің барлық аудандарынан келген 400 қатысушыға таратылып берді. Бір жарым сағатқа созылған білім сайысына әріп таныған баладан аузы дуалы ақсақалға дейін бақ сынап, алғырлық танытты.
Сайыстың мақсаты: Екі дүние сардары, адамзаттың асыл тәжі болған, әлемді шексіз қуаныш пен нұрға бөлеген сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегесін ұлықтау, дін жолындағы өмірін халыққа жеткізу, қоғамымызды пайғамбар сүннетімен асыл саналған ардақты жолға дәріптеу.
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы бастаған 12 білімді имамдардан қазылар алқасы құрылып, әділ шешіммен жүлдегерлер қаржы сертификаттарымен марапатталды.
Талдықорған өңірлік өкілдігінің баспасөз қызметі