{gallery}266{/gallery}
Бүгін ҚМДБ жариялаған «Ислам және отбасы» жылы аясында Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің «Жастар ісі» секторы Алматы облысы Дін істері басқармасымен бірлесе отырып, Талдықорған қалалық гуманитарлық «Білім» колледжінде «Отбасы-бақыт мекені» деген тақырыпта кездесу өткізді. Шарада ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі, орталық «Иман» мешітінің найб имамы Өкен Шынарбек, ІІМ кәмелетке толмағандармен жұмыс жасайтын аға инспектор Асел Аманқызы, Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Қазкенов Даулет, қамқоршылар кеңесінің төрағасы Омар Бақытжан және Талдықорған қалалық «Нұр Отан» партиясының өкілдері қонақта болып, білім алушы жастарға үгіт-насихат айтты. Жастардың білім алу, мамандық таңдау, рухани ұстанымдарын қалыптастыру, қоғамдағы өз орнын табу секілді әлеуметтік кезеңдерден өтуі – өмір заңдылығы. Осы әлеуметтік кезеңдерде жеке адамның тұлға болып қалыптасуына көптеген жағдайлар әсер етеді.
«Отан отбасынан басталатындықтан» ата-ананың тәрбиесімен бойға даритын ізгілікті балабақшада дамытып, мектеп пен жоғарғы оқу орындарында рухани және дәстүрлі құндылықтарды жастардың санасына сіңіру – оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды іс екендігі кездесуде айтылды. Отбасы, тәрбие төңірегінде әңгіме өрбіткен қонақтар әсерлі жиыннан кейін жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.