Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Өскемен қаласында «Халифа Алтай» мешіті жанындағы Ихсан ғылыми білім беру орталығында жастармен жүздесіп, насихат айтты.
«Жастар қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші болған. Егер сіздер қайратты да қажырлы, білімді болсаңыздар, біздің елдің болашағы да жарқын әрі кемел болады. «Асыл тастан, ақыл жастан» дегендей, қай қоғамда да жастар жаңаруға, жақсаруға ұмтылып, негізгі қозғаушы күшке айналған. Асыл дініміз Ислам да жастарға ерекше маңыз береді. Мысалы, Құран Кәрімде «Олар иман келтірген жастар еді» деп сипатталады. Бүгінде білімде адамдар ғана өз ортасынан оза шабады. Білімді адамға Аллаға Тағала даналық дейтін үлкен қасиет беріп қояды.
Біз бүгінде жамағат арасында мұсылманның әдебін насихаттау үшін ихсан ілімін жан-жақты айтып жатырмыз. «Ихсан» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Демек сіздер білім алу жолында әрбір тапсырманы ең әдемі түрде орындасаңыздар ихсан ілімінің мәні мен мағынасын түсінесіздер. Сіздерге айтарым: ең бастысы, дінге, елге қызмет етіңіздер. Өйткені адам өзгеге қызмет ету арқылы кемелденеді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.