Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Құрметті отандастар!
Халқымыз 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Бұл – зұлмат заман мен зобалаң нәубетті жылдарды бастан кешкен жұртымыздың азалы күндерін еске алатын сәт. Алла Тағала азалы кезеңде ажал құшқан ата-бабамызды мейіріміне бөлеп, панасына алғай. Жандары жәннатта шалқысын деп дұға етеміз.
Талай тауқымет пен зұлмат заманды көрген ұлтымыз сындарлы сәттерде рухын түсірмей,ынтымағын ыдыратпай, тәуелсіз ел болуға ұмтылды. Аллаға шүкір, кешегі бабаларымыздың аңсаған арманы бүгін шындыққа айналды.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқеавтың Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылып, зұлымдықтың құрбаны болған азаматтарды толық ақтау, оларға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Президентіміз айтқандай, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы.
Біз өткен жылы имамдардың республикалық форумында ел ертеңі үшін құрбан болған дін қайраткерлерін де толық ақтау қажеттігі туралы бастама көтердік. Аллаға шүкір, Мемлекеттік комиссия құрамындағы ғалымдар мен сарапшылар ұлт болашағы жолында шейіт болған дін қайраткерлерін де ақтау бойынша белсенді зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алла разы болсын!
Қадірлі жамағат!
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін өзгелерге келген сынақ өзімізге келмегені үшін әрі сол үшін шүкір білдіру ретінде арнайы дұға жасауды үйреткен. Осы ретте мұсылман қауымын Аллаға шүкір айтып, дұға жасауға шақырамын. Сонымен қатар солақай саясаттың кесірінен опат болған ата-бабамызға Құран бағыштап, Жаратқаннан жарылқау тілеуге, ел қамы үшін жанын қиған жандардың зиратын зиярат етіп, қабір маңына тазалық жұмыстарын жүргізуге шақырамын. Жаратушы Иеміз ізгі ниетіміз бен игі амалымызды қабыл еткей.