Бүгін Алматы әуежайында қажыларды қасиетті мекенге шығарып салу рәсімі өтті. Оған ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты.
Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, жалғасын тапқан шарада Бас мүфти қажыларға сәт-сапар тілеп:
"Қажы болу – оңай ғибадат емес. Бұдан да маңызды мәселе – қажы болып өмір сүру. Қажы деген сөздің тағы бір мағынасы ешқашан жамандықтарға жоламау дегенді білдіреді. Қажылық жасау рәсімдері санаулы күндерде аяқталады. Ал «қажы» атанып қалу – өмір бойы жалғасады. Бұл жол түрлі сынақтарға толы болмақ.
Қажы болу – қажылық сапарынан соң тап-таза парақты еш кірлетпеуге тырысу, ғибадатта қайратты болу, үлгілі мұсылман болу, жасаған тәубені қайта бұзбау, уәдеге адал болып, сөздің үдесінен шығу деген сөз...",- деді.
Сонымен қатар ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз:
"Мұсылман баласының бәрінен бұрын ниеті маңызды. Қажылық жасаушы әуелі ниетін түзеуі тиіс. Құлшылыққа дүниелік мақсат пен пенделік ойдың араласып кетпеуіне аса мән беру қажет",- дей келе ұлы сапар кезінде басты мән берер жайттарға тоқталды.
Айта кетейік, бүгін Алматы әуежайынан 400-ге жуық адам парызын өтеуге аттануда.
{gallery}mufti-hajj{/gallery}