Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қырғызстан Республикасының мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтамушев бастаған делегациямен кездесті.
Ресми кездесуде бауырлас елдердің діни саладағы байланысы, Қазақстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармалары арасында қабылданған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асып жатқан игі жұмыстар барысы талқыланды. Сонымен қатар, қос елдің мүфтилері ортақ діни мәселелер бойынша пәтуалар қабылдаудың маңыздылығы мен діни мерекелерді бір күнде атап өтудің өзектілігі жөнінде пікір алысты.
«Халқымызда: «Қазақ-қырғыз бір туған», – деген аталы сөз бар. Қырғызстан – бізге ең жақын бауырлас ел әрі Құдай қосқан көршіміз. Біздің ұстанатын мәзһабымыз да бір. Сондықтан екі елдің руханият саласындағы әріптестік, бауырластық байланысын арттыруға күш салуымыз қажет», – деп атап өтті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Мүфтияттың жаңа ғимаратын аралап көрген Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтомушев ҚМДБ қызметіне береке мен жақсылық тілеп, дұға жасады.