Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.
Нұрсұлтан Əбішұлы əлемге татулық пен достықты, тұрақтылық пен толеранттылықты жақтайтын көшбасшы, тұлға ретінде танылды. Ол кешегі хан-сұлтандарымыздың арманын орындап, жаңа Қазақ мемлекетінің іргетасын қалады. Мемлекетті басқаруда ұлт бірлігін, дін бірлігін бірінші орынға қойып, достық пен келісімнің үздік үлгісін қалыптастыра білді. Осынау сарабдал саясаттың арқасында біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды.
Мұсылман қауымының ұлық мейрамы - Құрбан айт демалыс күні болып жарияланды. Мұсылман жамағаты мемлекеттің бұл қамқорлығына әрқашан дəн риза. Біз, Ислам дінінің қызметкерлері мемлекеттің тұтастығы мен игілігі үшін қашан да дұға-тілектеміз.
Асыл дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін жариялаудан бір күн бұрын Астанада Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ, бір мезетте 30 мың адам құлшылығын өтей алатын зəулім мешіттің іргетасын қалады. Осы тарихи шарадан кейін Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратын аралап, дін қызметкерлерімен сұхбаттасты. Мүфтияттың жұмысына сəттілік тілеп, игі бастамаларымызға батасын берді. Бұл - Ұлт лидерінің Ислам діні мен еліміздегі 70 пайыздан астам мұсылман жамағатының қарашаңырағы - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жасаған қамқорлығының жарқын көрінісі деп атар едім. Еліміздің, дініміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Елбасына шынайы алғысымыз бен ризашылығымызды білдіреміз. Ол кісіге Алла разы болсын!
Елді басқару тізгінін қолға алған Қасым-Жомарт Кемелұлының тарихи жұмысына береке тілейміз.
Алла Тағала ел іргесін берік еткей. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болғай! Əмин!" - деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.