Ханафи мәзхабында үтір намазын оқу – уәжіп. Яғни, оны оқу – міндет. Міндеттілігі жағынан парыз намазынан кейін тұрады. Әбу Дәуідте риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у):
عن عبد الله بن بريدة عن أبيه، قال: سمعت رسول الله صلى الله عليه و سلم يقول: الْوِتْرُ حَقٌّ فَمَنْ لَمْ يُوتِرْ فَلَيْسَ مِنَّا الْوِتْرُ حَقٌّ فَمَنْ لَمْ يُوتِرْ فَلَيْسَ مِنَّا الْوِتْرُ حَقٌّ فَمَنْ لَمْ يُوتِرْ فَلَيْسَ مِنَّا". رواه أبو داود
«Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес» (Әбу Дәуіт – 2/559-бет, 335-баб/1419 хадис),– деп, үш рет қайталап айтқан. Яғни, оның бұл сөзі үтір намазының міндет екендігін көрсетеді.
Үтір намазы үш рәкағаттан тұрады. Үшінші рәкағатында сәлем беріледі. Бұған дәлел, әл-Хакимнің «әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында риуаятта Айша анамыз былай дейді:
عن عائشة قالت: كان رسول الله صلى الله عليه و سلم يُوتِرُ بِثَلاَثٍ لا يُسلِّمُ إلاَّ فيِ اخِرِهِنَّ، وَ هَذَا وِترَ أمِيرِ المُؤمِنِينَ عُمَرَ بنِ الخَطَّابِ رضي الله عنه، وَ عَنهُ أَخَذَهُ أَهلُ المَدِينَةِ.
«Алланың Елшісі үтір намазын үш рәкағат етіп оқитын. Сәлемді тек соңында беретін. Омар ибн Хаттаб та осылай оқыды. Мәдине қаласының мұсылмандары осыны үлгі етті»( Әл-Хаким, әл Мүстадрак – 1/447 бет, №24/1140-хади).Үш рәкаттан тұратын үтір намазының оқылу тәртібі төмендегідей: Құптан намазын, сүннетін оқып болған соң, үтір намазына ниет етеді. Содан кейін қолын көтеріп, тәкбір айтып, қол байлап бастайды да, екі рәкаттан кейін отырып, «әт-Тахият» оқиды. Осыдан кейін тәкбір айтып, орнынан тұрып, үшінші рәкатта «Бисмиллаһ» пен «Фатиха» оқиды да, «әмин» деген соң, осыған жалғастырып аят немесе сүреоқиды. Осыдан кейін аяқта тұрып, қолдарын құлағының тұсына дейін көтеріп, «Аллаһу әкбар» деп, тәкбір айтады да, қайта қол байлап, аяқта тұрған бойы «Құныт» дұғасын оқиды. Үшінші рәкағатында «Фатиха» және қосымша сүреден кейін рукуғқа бармай «Аллаһу әкбәр», деп, қолды құлақ тұсына көтеріп тәкбір алады да қолды қайта байлап, «Құнут» дұғасын оқиды. Дұға ретінде «Аллаһумм иннә настағинукә» дұғасы оқылады. Бұл дұғаны білмейтін кісі «Рәббәна атина» дұғасын немесе «Аллаһуммағфирли», деп, іштей үш рет айтса, Құнут дұғасының орнына жүреді. Сахаба Убәй ибн Кағб:
عن اُبيّ بن كعبٍ: أنَّ رسولَ الله صلى الله عليه وسلّم كَان يُوتِرُ فيَقنُتُ قَبلَ الرُكُوعِ". رَوَاهُ ابنُ مَاجَه (صحيح)
«Пайғамбарымыз үтір намазын оқығанда рукуғқа бармай тұрып, «Құнут» дұғасын оқитын еді», – дегенді жеткізді. Содан кейін тәкбір айтып, рүкүғ пен сәждеге барып, ақырғы отырыс жасайды. Әдеттегідей «әт-Тахият», «Салауат» және «Раббана әтина» дұғасын оқып, екі жаққа сәлем береді. Мұның дәлелі: Хазіреті Айша былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) үш рәкат үтірді оқитын. Үш рәкаттан кейін сәлем беретін». Үтір намазы Рамазанда ғана жамағатпен оқылады. «Құныт» дұғасын білмейтін адам «Раббана әтинә...» дұғасын оқи алады. Үтір намазы қаза болса қазасын өтеуі керек. Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім үтір намазын оқымай ұйықтап қалса, немесе ұмытып оқымаса онда (қазасын) есіне түскенде, немесе оянғанда оқысын!», және бір риуаятта: «Кім үтір намазына ұйықтап қалса (қазасын) таң атқанда оқысын,» – деген.
Алла ісімізге жеңілдік беріп, құлшылығымызда ықыласты болуды нәсіп етсін.
Талдықорған өңірі Текелі қаласы «Керімбек би»
мешітінің бас имамы Аман Айтбосынұлы