Талдықорғандағы «DOSMED» халықтық медицина орталығы «Мұқтажға медет» атты қайырымдылық акциясын өткізіп, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі 15 шақты адамға түрлі халықтық ем көрсетті.
Облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің қолдауымен өткізілген шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп атауына арналып отыр. Яғни, «30 жылға 30 игі шара» атты акциясының аясында өткізілген игілікті шара кезінде арнайы тізім бойынша іріктілген жандардан қан алынып, алтын ине қойылды, қажет деп тапқандарға массаж жасалды. Туғаннан дертті немесе жүре пайда болған ауруға шалдыққан жандардың арасында зағиптар, инсульт алғандар, сал ауруына шалдыққандар бар. Арнайы көлікпен әкелінген жандар өздерін назарға алып, қолдау көрсеткендерге ризашылығын білдіріп жатты.
Қайырымдылық шарасына қатысушыларға жайылған дастарханда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаев игілікті шараға қатысушыларға уағыз-насихат айтты. Адамның басына түскен аурудың үлкен сынақ екенін, соған сай талаптанып, еңбектеніп, ел мен жердің амандығы үшін дұға жасаудың тиімділігін әңгімелеген Ардақ Нүсіпханұлы шараға қатысушыларға жүрекжарды тілегін арнап, бата берді.
– Мұндай игілікті шараларна бұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта әр ай сайын облыс орталығында тұратын 10-15 адам қайырымдылық шарасымен қамтылып, денсаулықтарына қажетті шараларды қабылдайды, – деген өкіл имам өз ұсынысын білдірді. – Мына «Мұқтажға медет» атты қайырымдылық акцияларыңыз расында көпшіліктің көңілінен шығатын шара болмақ. Осыны алдағы уақытта көшпелі түрде жүзеге асырып, орнынан тұра алмайтын, қозғала алмайтын жандарға барсаңыздар. Оған имамдарды, дәрігерлерді қатыстырып, игілікті іске үлес қосуына ықпал етсеңіздер. Әйтпесе, облыстың шалғай ауылдарында туа бітті мүгедектер бар. Оларға да бару керек, қолдау көрсету керек. Бұны ұсыныс деп қабылдаңыздар
Осылайша бір күнді қайырымдылыққа арнаған «DOSMED» халықтық медицина орталығының басшысы Досжан Амантайұлы көпшіліктің алғысын алды. Алғыс алғанның абыройын Жаратқан Алла Тағала да асқақтатады.
{gallery}dosmed{/gallery}